Кеше Қорғаныс министрі Серік Ахметов «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау гарнизонында жұмыс сапарымен болды. Сапар шеңберінде Қорғаныс министрі авиациялық базаның жуырда ғана пайдалануға берілген жаңа кешенді ғимаратында болды. Ғимараттың жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды.
Министр әскери гарнизонның қазіргі қызметі және жағдайымен, сондай-ақ, оның даму перспективаларымен танысты.
Ақтау гарнизонына сапары барысында С. Ахметов теңіз жаяу әскері құрамасында болды.
«Теңіз жаяу әскері құрамасы – Қазақстан Қарулы Күштеріндегі бірден-бір әскери бөлімше. Бүгінде бұл жауынгерлік бөлім батыс стратегиялық бағыттағы тапсырмаларды орындайды, облыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған құрама қару-жарақ пен әскери техниканың барлық түрлерімен жарақтанған және қойылған тапсырмаларды орындауға дайын», деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Мұрат Нұғыманов.
С.Ахметов әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын ұйымдастыру, қару-жарақ пен әскери техниканың техникалық әлеуеті, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде алынған жаңа үлгідегі қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау мен оларды пайдалану бойынша қолбасшылықтың баяндамаларын тыңдады.
Аймаққа сапары барысында министр жеке құрамның әлеуметтік жағдайына, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілер үшін тұрғын үй құрылысын жүргізу жөніндегі бағдарламасының жүзеге асырылуы, тұрмыс пен қызмет жағдайын одан әрі жақсарту мәселелеріне айрықша көңіл бөлді. Ақтау гарнизонындағы нысандар мен бөлімшелерді қарау барысында министр әскери-теңіз базасының оқу орталығымен, оқу-жаттығу стансасымен танысты.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы 2003 жылы құрылған. Өңірлік қолбасшылықтың негізгі тапсырмалары мемлекеттік шекараға қол сұғылмаушылықты, аумақтық тұтастықты, егемендік пен Каспий теңізінің қазақстандық секторында еліміздің экономикалық мүдделерін қорғау болып табылады.
«Егемен-ақпарат».