Рупи Каур есімі бүгінде әлем оқырмандарына жақсы таныс. «Сүт пен бал» өлеңдер жинағы New York Times-тің бестселлер кітабы атанған қаламгер арудың түп-тамыры үнділік. Қазір Канадада тұратын ол әлеуметтік желіде белсенді. Рупи Каур әлеуметшіл, қоғамдық ахуалдарды батыл жазатын, жүрекке, жан құзарына үңіле білетін ақын. «Сүт пен балдағы» қысқа ғана ақ өлеңдер ойлы оқырманды әрі-сәрі күйге түсіреді.
«Сен
қайсар қадамдарыңмен
шегеледің аяғымды жерге.
Сосын
тұруды талап еттің...
Немесе,
Мен оны сүюді үйренемін
өзімді сүю арқылы...»
«Сүт пен бал» төрт бөлімнен құралған. Бірінші бөлім – мұң, екінші – махаббат, үшінші – жарылыс, төртінші – емделу бөлімі. Рупи Каурдың қысқа да қоғалы ойлы ақ өлеңдерінен ләззат алуға сезімталдылығын жоғалтпаған жүрек, балаңдығын жоғалтпаған сергек көңіл керек. Әйтпегенде, жан ұлпасы семіп, жүрегі қатайған жандар үшін жинақ бос цитаталар құрылымы болып көрінуі бек мүмкін.
«Мен қара жерге
шым батқым келеді
көз жасы, аяғым
қолым
тереңге ену үшін...
Немесе,
Ең бірінші
Тіле өзіңе,
қалған ғұмырыңды,
өз оңашалығыңда өткізуді...»
Каур сыни мысқыл арқылы Шығыс Азиядағы әйелдер мәселесін, олардың басынан арылмаған қитұрғы саясатты батыл көтере білді. Кітапта тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның зардаптарынан туындаған психологиялық комплекстер, жалтақ ғадеттер, бойдан суырғанмен ізі қалған жалған нанымдар кестеленген. Әйел әлемінің әрнешік күйі мен шұңғыма сырлары кітапта жан-жақты көрініс тапқан. Каур әлдебір топтардың сойылын соғудан, насихатталған ұғымдардың жетегіне еруден аулақ. Керісінше философиялық, психологиялық тұрғыда мәселе мәнін ашуға ынтық.
«Сенің қаның,
менің қантамырымнан ағады.
Айтшы,
мұны қалай
ұмыта алармын?»
Кейбір қысқа қос тармақтардан даналық лебі сезіледі.
«Жұмсақ болу
құдіретті болу
деген сөз...»
«Сүт пен бал» – махаббат, жоғалту, зорлық-зомбылық, тазару, әйел құпиясы жайлы кітап. Әр бөлімі нәурізек мұңға ендіріп қана қоймай, одан емделу жолын нұсқап, жоба көрсетеді. Оқырманды теңізіне шомылдырған, өзін тану жолында маяк бола білген жинақ қазақ оқырманына жетіп, төл тілге аударылса нұр үстіне нұр.