Несие • 09 Мамыр, 2023

Атыңызға несие рәсімделсе, не істеу керек?

7697 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Бурабай ауданында интернет-алаяқ жергілікті тұрғынның атынан 1 млн теңге несие рәсімдеген. Зардап шегушінің айтуынша, 5 сәуір күні телефонына белгісіз абонент хабарласқан. Ол өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, әлдебір алаяқтардың 10 млн теңгеге несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтып, содан сақтандырамын деп өз қызметін ұсынған. Олардың әләуләйі белгілі, «телефоныңызға код келеді, соны айтып жіберіңіз» дейді. Айтып жіберсеңіз болғаны, қарызға белшеден баттым дей беріңіз.

Атыңызға несие рәсімделсе, не істеу керек?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сарапшылардың айтуынша, алаяқ­тар азаматтардың жеке деректерін әлеу­меттік инженерияның көмегімен де қолды ете алады. Атыңызға кредиттің заңсыз рәсімделу фактісін уақтылы анық­тауға кредит тарихы мүмкіндік береді. Сондықтан несие тарихыңызды бақы­лап отырудың артығы болмайды. Оны Бірінші несие бюросы немесе Egov порталы арқылы онлайн алу мүмкіндігі бар.

Әрине, ойда-жоқта алаяқтардың тұза­ғына ілінуден сақтасын. Десек те сақтықта қорлық жоқ, сондай жағдай туа қалса не істеу керегін біле жүрген абзал. Алдымен қарыз рәсімделген кредит ұйымының атауын біліп алу қажет. Егер бұл ұйым Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеуіне кіретін болса жақсы. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгіну қажет. Қолтаңба сараптамасы тағайындалып, ол қарыз шартындағы алушының қол­таңбасы еместігін анықтайды.

«Алаяқтар сіздің атыңызға қандай кредит ұйымынан қарыз алғанын анық­тай отырып, сіз осы ұйымға барлық қолда бар ақпаратты толық көрсете отырып өтініш жазуыңыз қажет. Төлем картасы немесе жеке басын куәландыратын құжат жоғалған жағдайда растайтын анықтаманы қоса берген дұрыс. Міндетті түрде ішкі қызметтік тексеру жүргізуді талап етіңіз. Сіздің өтінішіңізді тіркеуі қажет. Өтінішті қабылдау күні жазылған тіркеу нөмірін өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесіне де қою қажет болады. Бұдан басқа кредит ұйымы шарттың, оның қосымшаларының және жеке басын куәландыратын құжат­тардың көшірмелерін, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуға тиіс. Сіз кредит берген және шарт­ты ресімдеген қызметкердің дерек­терін нақтылаңыз», деп кеңес етеді мамандар.

Егер кредит ұйымы құжаттарды ұсыну­дан бас тартса, онда Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігіне шағым­дануға болады.

Егер кредит кредитоматтарда рәсім­делген болса, онда оларда бейнекамералар орнатылған. Ол жердегі жазбалар алушыны идентификаттауға көмектесе алады.

Егер бұл онлайн-қарыз болса, онда полиция IP арқылы қаскүнемдерді анық­тай алады. Мұндай тәсілді бейта­ныс адамдар ғана емес, сонымен бірге жақын туыстар, құрбылар, достар, сіз құжаттарыңыз бен банктік деректеріңізді сенген таныс адамдар да қолдануы мүмкін екенін атап өткеніміз дұрыс.

Кредит ұйымы сіздің жеке куәлігіңіз бойынша ақшаны алаяқтардың алғанына дәлел таппаса, онда тұрғылықты жеріңіз бойынша мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа арыз бересіз. Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарған жағдайда, кредит ұйымы: сізден борышты төлеуді талап етуді тоқтатуы; берешекті есептен шығаруы; кредиттік бюроға бөгде адамның қарызы туралы ақпаратты сіздің кредит тарихыңыздан алып тастау туралы хат жіберуге тиіс.

Қаржы алаяқтарынан өзіңізді қа­лай қорғауға болады? Оның жолы қарапайым. Ешқашан, қандай жағдайда болмасын, бейтаныс адамға жеке деректеріңізді жайып салуға болмайды. Әрине, жеке құжаттарыңыздың көшірмесін жібермеу талабы да осының ішіне кіреді. Төлем карталарының деректерін де таратпаған жөн. Қандай да бір жеке деректерді әлеуметтік желіде жариялаудан сақ болыңыз.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген әлеуметтанушылық зерттеуге сәйкес алаяқтардың жиі қолда­на­тын схемалары – бұл фишингтік сайттар мен мобильдік қосымшаларда жалған хабарламалар жіберу арқылы дербес деректерді ұрлау; мобильдік құрылғыдағы жеке кабинетке кіру мақса­тында азаматтарды алдаумен өзде­рін қаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде көрсету.

Зерттеу қорытындысы бойынша респонденттердің 55,8%-ы қаржылық алаяқтыққа, оның ішінде 34,2%-ы телефон алаяқтығына (вишинг), 32,7%-ы ин­тернет-алаяқтыққа (фишинг) тап бол­ғаны анықталды. Сауалнамаға қатыс­қан­дардың 21,6%-ы қаржы пирамидалары тарапынан, ал 11,5%-ы төлем карталарымен алаяқтық әрекеттердің қатысушылары болған.

«Қаржылық алаяқтыққа ұшырауға бейім негізгі тәуекел тобы – зейнет жасындағы адамдар. 63 жастан асқан сауалнамаға қатысқандардың 50,7%-ы алаяқтықты бірден ажырата алмаған, оның ішінде 6,3%-ы қылмыс­керлерге жартылай ақпарат берген және ешқашан қылмыскер телефон соққан ұйымның деректерін нақтыламаған. Азаматтарды алдау үшін алаяқтардың қолданатын құралдар жиыны жеткілікті. Олар әлеуетті құрбандарға телефон соғып шығу үшін отандық қаржы институттарының абонент­тік нөмірлерін қайталауға мүмкін­дік беретін бағдарламалық қамты­лымды (SIP-телефонияны) пайдалана­ды. Ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін алаяқтар алдына ала келісілген адамдарды тартады, олар өздерінің аңғалдығының салдарынан және оңай жолмен ақша табу мақсатында алаяқтардың айла-шарғыларына кө­неді. Бұл ретте тергеу іс-шараларын жүр­гізу кезінде құқық қорғау органдары бірінші кезекте осындай адамдарға шығатындарын еске саламыз», деп түсіндіреді агенттік.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтар сақтауға тиіс негізгі қауіп­сіздік ережелері:

Біріншіден, сізге банк қызмет­кер­лерінен қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкері, банктердің байланыс орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке дерек­терді сұрамайды. Бұл конфиден­циалды ақпарат тек алаяқтарға қажет. Егер күмән­данған болсаңыз, сізге қызмет көрсе­тетін банктің Call-орталығына өзіңіз ха­барласып біліңіз.

Екіншіден, өзін құқық қорғау орган­дарының қызметкері ретінде таныс­тыратын адам хабарласса, қандай жағ­дайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ сізге оның атынан хабарласқан ұйымның: ІІМ және аудандық полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.

Үшіншіден, желіде қор нарығында табысқа кенелу ықтималдылығы 99%, бұрын-соңды болмаған ақша табуға мүмкіндік беретін таңғажайып плат­формаға қол жеткізу үшін сауалнамадан өтуді ұсынса, сенбеңіз. Өзіңіздің дербес деректеріңізді еш жерде, интернет кеңістігінде, әсіресе, фишингтік сайттарда қалдырмаңыз. Егер сіз мұны жай қызығушылықпен жасап, жалған нөмірлерді тіркесеңіз де мұның салдары болуы мүмкін.