Жеңіс күні қарсаңында соғыстың осы соңғы сарбаздарына құрмет көрсетілді. Тек соғыс ардагерлері ғана емес, тылда бел жазбай ерен еңбек еткен ардагерлер, Ленинград блокадасында болған, концлагерьдің қияметін көрген көнекөз қарияларға да бүгінгі буын ыстық ықыласын жеткізді. Ардагерлерге арналған құрметті жиынға он үш ардагердің алтауы ғана келе алды. Бұл ардагерлердің жасы үлкені жүз жаста. Үйден шыға алмайтын ардагерлерге аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бастаған топ арнайы барып құттықтады.
Ардагерлер құрметіне арналған салтанатқа келгендер арасында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің жесірі, тыл ардагері 106 жастағы Тұмар Ысқақова да бар. Тылда жүріп, Жеңіс үшін аянбаған жанкешті еңбектің тірі куәсі. Тұмар әжей сол уақытта майдан үшін жандарын шүберекке қалай түйгенін еске алады. Ауылдың адамдарымен бірлесе майданға сәлемдемелер жіберген, сарбаздарға жылы киім-кешек, шұлық тоқып жөнелткен күндер бүгін тарихқа айналған.
«Денсаулығыма қарамастан 200 шақырым жол жүріп, осында келуге күш таптым. Осынау мерекені көргеніме қуаныштымын. Бізге көрсеткен құрмет үшін мың алғыс», дейді тыл еңбеккері.
Адамның тұла бойын шымырлататын әскери әндерді орындаған оркестр сүйемелдеуімен Т.Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектептің тәрбиеленушілері құрметті қарауылда тұрды. Сұрапыл жылдардың жаңғырығы іспеттес мұражай жәдігерлері де көрмеге қойылды.
«Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздің тарихындағы ерекше еске алу күні. Бұл біздің қаһармандарымыздың – аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың ерлігіне құрмет көрсету күні. Бізге бұл жеңіс қандай құрбандықпен жеткенін дәйім есте сақтаймыз. Сіздердің теңдесі жоқ батылдықтарыңыз бен қайсар рухтарыңыз, табандылықтарыңыз бен жанқиярлықтарыңыз бізге бейбіт өмір сыйлады.
Біздің еліміз бен бүкіл адамзат үшін жасаған барлық істеріңіз үшін сіздерге мың тағзым», деді ардагерлерге облыс әкімі Е.Бөлекпаев. Қарағанды облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин фашизмге қарсы соғыстың екі қатысушысы – Григорий Петрович Степенко мен Анна Никоноровна Котоваға «Қарағанды облысының құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті.
«Мен баршаңызды құрметтеймін! Құшағыма сыяр болсаңыздар, баршаңызды бауырыма басар едім. Бүгінгі жас ұрпақ соғыстың тауқыметі мен қасіретін білмесін деп тілеймін. Бейбіт өмірді қадірлей білу керек. Біз көпұлтты елімізде тату- тәтті өмір сүріп жатырмыз. Соны қастерлей білу қажет», дейді Григорий Степенко.
Еске сала кетейік, аймақта соғыс ардагерлеріне Жеңіс күніне орай 1,5 млн теңгеден көмек берілді. Сонымен қатар біржолғы материалдық көмек соғыс ардагерлеріне теңестірілген басқа да санаттағы тұрғындарға көрсетілді. Кәмелетке толмаған кезде концлагерь тұтқыны болған 38 адамға 100 мың теңгеден, Ленинград блокадасында болған 11 қарағандылыққа 60 мың теңгеден көмек берілді. Аймақта 4138 тыл еңбеккері мен 161 жауынгердің жұбайы бар. Олардың есепшотына 30 мың теңгеден аударылды.
Қарағанды