Жастарды ел үшін еңбек етуге шақыруды мақсат еткен іс-шараға облыс орталығы мен жақын аудандардағы мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Әуелі департамент ғимаратының мәжіліс залында жастарға арнайы қызметтің қыр-сыры түсіндіріліп, бұл салаға қалай жұмысқа келуге болатыны туралы айтылды. Өз кезектерінде оқушылар мен студенттер сұрақтарын қойды.
Ең басты айта кетерлігі, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұру үшін жоғары білім мен арнайы тексеруден өту қажет. Ал мектепті енді бітіретін түлектер үшін Алматыда аталған комитеттің арнайы оқу орны бар. Ол оқу-орнында оқимын деген түлектердің ҰБТ-да жинаған ұпайы мен дене дайындығы маңызды.
– Департаменті ұйымдастырған қоғамдық іс-шарада біз мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне «Ашық есік күнін» ұйымдастырдық. Жалпы, бұл жерге жиналғандардың көпшілігі негізінен болашақта өз өмірлерін Ұлттық Қауіпсіздік комитетіндегі жұмыспен байланыстырамын деген жастар. Оларды мазалаған сұрақтарына жауап бердік. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің жұмысы туралы жалпылама мәлімет бердік, – дейді комитеттің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің қызметкері Дулат Сахариев.
Бұл іс-шара бұған дейін де ұйымдастырылған. Жастар арасында ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет етуге ниет білдіргендер де артып келеді. Кездесуден соң оқушылар мен студенттер қару-жарақ түрлерімен танысты. Қолдарына ұстап, қызықтады.
– «Ашық есік» күні бізге осы салаға қалай жұмысқа келуге болатыны, ол үшін қажетті білім деңгейі туралы мәліметтер берілді. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің жұмысымен таныстым. Арнайы қызметтің жұмысын ішінен көріп, қолданатын техникалары мен қару-жарақтарын ұстап көрдік. Болашақта жоғары әскери академияны тәмамдап, басқарушы офицер мамандығын алып шыққым келеді, дейді Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушысы Равиль Байғазин.
Ерекше ұйымдастырылған іс-шара соңында қатысушыларға Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Шығыс Қазақстан облысы