Әскер • 10 Мамыр, 2023

Ұлт қауіпсіздігі – ұландардың қолында

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойын­ша департаменті ҰҚК саласында қызмет етуді армандайтын жас­тар үшін «Ашық есік» күнін өткізді.

Ұлт қауіпсіздігі –  ұландардың қолында

Жастарды ел үшін еңбек етуге шақыруды мақсат еткен іс-шараға облыс орталығы мен жақын аудандардағы мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Әуелі департамент ғимаратының мәжіліс залында жастарға арнайы қызметтің қыр-сыры түсіндіріліп, бұл салаға қалай жұмысқа келуге болатыны туралы айтылды. Өз кезектерінде оқушылар мен студенттер сұрақтарын қойды.

Ең басты айта кетерлігі, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұру үшін жоғары білім мен арнайы тексеруден өту қажет. Ал мектепті енді бітіретін түлектер үшін Ал­матыда аталған комитеттің арнайы оқу орны бар. Ол оқу-орнында оқимын деген тү­лектердің ҰБТ-да жинаған ұпайы мен дене дайындығы маңызды.

– Департаменті ұйым­дас­тырған қоғамдық іс-шарада біз мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне «Ашық есік кү­нін» ұйымдастырдық. Жал­пы, бұл жерге жиналғандардың көпшілігі негізінен болашақта өз өмірлерін Ұлттық Қа­уіп­сіз­дік комитетіндегі жұ­мыс­­­пен байланыстырамын деген жастар. Оларды ма­за­лаған сұрақтарына жауап бердік. Ұлттық Қауіпсіздік ко­ми­те­тінің жұмысы туралы жалпылама мәлімет бердік, – дейді комитеттің Шығыс Қа­зақ­стан облысы бойынша Де­пар­та­ментінің қызметкері Дулат Сахариев.

Бұл іс-ш­ара бұған дейін де ұйым­дас­тырылған. Жастар арасында ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет етуге ниет білдіргендер де артып келеді. Кездесуден соң оқушылар мен студенттер қару-жа­рақ түр­ле­рімен танысты. Қол­да­рына ұстап, қызықтады.

– «Ашық есік» күні бізге осы салаға қалай жұмысқа келуге болатыны, ол үшін қажетті білім деңгейі туралы мәліметтер берілді. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің жұ­мысымен таныстым. Арнайы қызметтің жұмысын ішінен көріп, қолданатын техникалары мен қару-жарақтарын ұстап көрдік. Болашақта жо­ғары әскери академияны тә­мамдап, басқарушы офицер мамандығын алып шыққым келеді, дейді Райымжан Мәр­секов атындағы орта мек­­теп­тің жоғары сынып оқу­шысы Равиль Байғазин.

Ерекше ұйымдастырылған іс-шара соңында қатысу­шы­ларға Ұлттық Қауіпсіздік ко­митетінің Шығыс Қазақ­стан облысы бойынша депар­та­менті атынан естелік сый­лық­тар табысталды.

 

Шығыс Қазақстан облысы