Әлем • 10 Мамыр, 2023

Бақ мекен

405 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Теңіз жағасында шашылған маржан тастай жарқыраған, Каспий бойындағы көздің жауын алатын ғажап қала – Бакуді Әзербайжанның басына біткен бақ деп қана емес, түркі жұртының жауһары деп білеміз. Тарихы бай бұл жерге қанша мәрте табанымыз тисе де, талай ғасыр бойына бүккен мол сырына қанығу әсте мүмкін емес. Осынау әсем шаһардың нұрына шомылып, екінші рет жолымыз түсіп тұрса да, жаңа танысқан ару қызға тамсанғандай одан сайын тәнті бола түстік.

Бақ мекен

Түркі достығына адал АДА

Сөз ауанынан Баку қаласына бұрын да ат басын бұрғанымызды аңғарттық. Бірақ ол кезде қызмет бабымен ақпарат тарату мақсатында келіп, айналамызға емін-еркін көз тоқтатып, мойын бұрып қарауға уақыт тар болды. Бұдан төрт жыл бұрынғы сапарымызға себеп Түркітілдес мем­лекет­тер ынтымақтастық кеңесінің саммиті еді. Сол шақта осы Түркі кеңесінің кере­гесін кеңейтіп, салмағын арттыру үшін Түркі мемлекеттері ұйымына айналдыру туралы ұсыныс айтылған. Бүгінде бауырлас елдердің байланысын нығайта түсу ниетінен туған бұл игі идея нақты жүзеге асып, түркі жұртының ынтымақтастығына қалтқысыз қызмет етіп жатыр. Бакуге екін­­ші рет қайырылуымыз да – осы бауыр­мал ниетімізден.

Дәлірек айтсақ, Бакуде Түркі мемле­кеттері ұйымына (ТМҰ) мүше және бақылаушы елдердің журналистеріне ар­налған тренинг өтті. Аталған іс-ша­ра­ны ұйымдастыруға АДА универ­ситеті бас­­­­тамашылық жасады. Бұған Әзер­бай­жан, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өз­­бекс­тан елдерінен 20 шақты журналист және қоғаммен байланыс саласында жұ­мыс істейтін мамандар қатысты. 5 күнге жал­ғасқан тренингте жергілікті және шет мем­лекеттерден келген медиасаланың май­талмандары дәріс оқыды. Олардың қа­тарында «Al-Jazeera» және «TRT World» сияқты үлкен ақпарат компанияларының тәжірибелі мамандары бар. Тренинг барысында цифрлы медиа, жаңа медиатрендтер, дағдарыс жағдайында жұмыс істеу, әлеуметтік желілердің әлеуеті, ки­бер­қауіп­сіздік тақы­рыптарында жан-жақ­ты, тың мағлұматқа қанықтық. Сон­дай-ақ біз, қа­тысушылар, аталған тақы­рып­тарда өз ойымызды ортаға салып, пікір ал­ма­сып, өз елі­міздегі тәжірибелермен бөлістік.

Осынау іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған, Бакуге келген беттен құ­шақ жайып жылыұшырай қарсы алған, құ­рақ ұшып барынша күткен АДА уни­вер­ситеті өкілдерінің меймандостығын, түркі елдеріне көзқарасы, көңілі алабөтен екенін аңғармау мүмкін емес. Бауырлас елдердің байланысын бекіте түсуге бейіл­ді екенін байқатқан бакуліктер бұл қала түркілердің бір төрі екенін алға тар­тып, өз үйіміздей сезінуімізге жағ­дай жасады. Бақсақ, аталған университет ақыл-ойдың кені ғана емес, түркі ын­ты­мақтастығына айрықша үлесін қо­сып жатқан бірден-бір шаңырақ екен. Бұған қоса мұнда 40-тан аса шет мемлекеттен, оның ішінде түркі елдерінен келіп білім алып жатқан студенттердің қатары қалың. Бұл жастардың көпшілігі болашақта еларалық істерге араласып, жалпы жұрт­тың бейбітсүйгіш, ын­ты­мақшыл болуына қызмет ететін елшілер болмақ. Өйткені АДА атауын тарқатып айтқанда, Әзербайжанның дипломатия академиясы дегенді білдіреді. 2006 жылы академия болып ашылған құрылым 2013 жылы АДА университеті болып қайта жасақталды. Яғни Әзербайжанның Сыртқы істер министр­­лігіне қарасты бұл оқу орны негізінен дипломаттарды даярлайды. Сондай-ақ достас мемлекеттермен қарым-қа­тынасты нығайтатын үлкен көлемдегі іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Оның бір көрінісі – бізге, яғни ТМҰ-ға мүше ел­дердің журналистеріне арналған тренинг. Мұндай мазмұндағы басқосуларды түркі елдерінің жас елшілері арасында да өткізіп тұрады екен. Бұған қарап АДА уни­верситетінің түркі ынтымақтастығына ерекше екпін салатыны қуантты.

 

Менмұндалаған музей

«Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, осы жолғы сапарымызда Баку­дің біраз жерін аралап, кеңінен таны­сып шығуымызға мүмкіндік туды. Өйт­кені ұйымдастырушылар күн сайынғы бағ­дарлама бойынша тренингтен кейін тарихи, мәдени және көрікті орындарға апа­рып, қаланың келбетін құрап тұрған не­гізгі нысандар туралы мол мағлұмат берді.

.

Сонымен, алғашқы бас сұққан мәдени орнымыз Бакудің бір символына айналып үлгерген Гейдар Әлиев орталығы болды. Расында, салынғанына көп уақыт бола қоймаған бұл нысанды бүгінде шаһардың шырайын кіргізіп тұрған ғимараттардың бірегейі деуге болады. Қалаға келген кезде өзіміз отырған көлік ішінен айналамызға бір шолып қарап өткенде бірден көзімізге түскен көзтартар көрнекті, футуристік туын­ды осы болатын. Сонда сәтін салса, ішін де жақсылап қарап шығуға ниет еткенбіз. Өйткені бұрын келген сапарымызда да сыртынан тамсанып кеткен едік.

Сөйтіп, менмұндалаған музеймен жа­қыннан танысудың сәті түсті. Жол бастау­шымыз Баһман есімді азамат ғимараттың қалай салынғаны туралы қызық деректерді алға тартты. Толқын тәрізді иректелген алып ғимарат өмір иірімін, тоқтаусыз ағысын білдіріп тұрғандай. Ал біз толқын іспеттес форманың жазуға ұқсайтынын меңзеп, Г.Әлиевтің қолтаңбасына кел­тіріп жасалған архитектура дегеннің қан­шалықты шындыққа жанасатынын сұ­радық. Бірақ гид мұның нақтыланбаған дерек екенін, аңызға айналып кеткен долбар екенін атап өтті.

2013 жылы ашылған ғимарат әйгілі ирак-британ архитекторы Заха Ха­дидтің жобалауымен салынды. Құры­лысы 5 жылға созылған музей саябақты, айна бассейндерін және ашық көрме алаңдарын қамтитын 10 гектар жерде орналасқан.

Алып орталық бір шаңырақ астына бірден бірнеше мәдени нысанды сыйдырып тұр, бұл – көрме залдары кешені, Г.Әлиев музейі және «Аудиториум» конгресс ор­та­лығы. Бірінші музей экспо­зиция­сында – 1969 жылдан 2003 жылға дейін алдымен Компартия Орталық Комитетінің бірінші хатшысы кезінде, содан кейін Әзербайжан президенті кезінде пайдаланған үкімет көліктерінің жинағы. Басқа экспонаттар көшбасшы өмірінің ағымы арқылы елдің тарихын, мемлекеттің қалыптасуын, экономика, мәдениет және спорт саласындағы ұлт­тық жетістіктерді бейнелейтіндей етіп орналастырылған. Кабинеттің қайта жа­салған интерьерінен, марапаттар мен сый­лықтардан басқа, орталыққа келушілер қызықты фотохрониканы көре алады және интерактивті залға бара алады. Он­да гло­бустың көмегімен Г.Әлиевтің бас­қа мем­лекеттердің басшыларымен кез­де­сулері бейнеленеді. Мысалы, бұл қатар­дан Қазақ­стан Президентінің де бірнеше сапарын және Әзербайжан басшысына сыйға тарт­қан тартуын тамашалауға болады.

Ғимараттың ең биік бөлігінде тұрақты және уақытша экспозициялар орналасқан. Ашылғаннан бері орталық қабырғасында америкалық поп-арт суретші Энди Уор­хол­дың, көрнекті әзербайжан суретшісі Таир Салаховтың, неміс натуралист фотогра­фы Тео Аллофстың, мексика мүсіншісі Джордж Мариннің туындылары қойылып, за­манауи өнердің әйгілі өкіл­дерінің та­қы­рыптық көрмелері, әлем­нің 16 елінен әке­­­лінген көркем қуыр­шақ­тар көрмесі және та­ғы басқа ауқымды іс-шаралар өт­кен екен.

Сондай-ақ мәдени мұраға арналған зал­дарға баруға болады, онда ұлттық киім­дер, қолөнер, ыдыс-аяқ және музы­ка­лық аспаптар (дыбыстық жазбасы қо­­сылған) бар. Егер Бакудің барлық көрікті жерін тамашалап үлгермесеңіз, «Мини-Әзербайжан» көрмесі шағын экс­курсияның бір түрін ұсынады. Бұл көрмеде Тезепир мешіті, Қыз мұнарасы, Баку әкімшілігінің ғимараты сияқты көр­нек­ті сәулет ескерткіштерінің 50 шақ­ты ма­кеті орналасқан. Ал Питер Липпман­ның керемет фотосуреттері арқылы ұлт­тық тағам­дардың байлығы мен алуан түр­лілігіне қанығуға болады.

Бұған қоса бұл ғимарат барлық жас­тағы келушілерге дәрістер, шеберханалар және басқа да іс-шаралар ұсынатын мә­дени және білім беру орталығы ретінде қызмет етеді. Тұтастай алғанда, Г.Әлиев му­зейі – бұл тамаша әсер сыйлайтын архи­тектуралық шедевр және Әзербайжан елі­нің ең ықпалды қайраткерлерінің өмірі мен мұ­расына арналған маңызды мәдени мекеме.

 

Ескі шаһарға ес болған абыз

Келесі күні қаланың терең тарихынан сыр тартатын Ескі шаһарға бардық. Мұны әзербайжандардың өзі Ичери шеһер деп атайды. Яғни қазақша дәл солай аударылып тұр. Онда бізді алдымыздан арқырап Фуад Ахундов атты кісі қарсы алды. Бұл адамды бұлай жайдан-жай сипаттап отырған жоқпыз. Ә дегеннен қош келдіңді ерекше көңіл хошымен, өр дауыс­пен жарқылдап айтқан кісінің сөз саптауынан өзін таныстырғандай тарихшы ғана емес, арқалы, адуын ақынға тән арынын бірден аңғардық. Кейін тарихшының біраз әңгімесін тыңдай келе, бастапқы ойымыз беки түсті, оның шын мәнінде поэзиялық қарымы және әртістік қабілеті барын білдік.

Бірінші қатардың ортасында отырған –  білгілі тарихшы Фуад Ахундов

Бұл жердің тарихын бес саусағындай білетін және оны тыңдаушысына ерекше ықыласпен жеткізе алатын осынау сұңғыла тарихшының қара сөмкесінен біраз құнды жәдігер де табылады. Жәдігер деп отырғанымыз – қолға да, көзге де түсе бермейтін сирек кездесетін фотосуреттер. Тасын түртсе, тарихы сөйлейтін көне қаланың әр нысаны туралы баяндағанда, оның байырғы суреттерін де тізбектеп қоса көрсетіп, көз алдымыздан кинотаспаны өткізгендей әсер қалдырды.

Қиюын келтіріп жеткізетін қиссашыдай Фуад Ахундов әр тарихи орынмен байланысты оқиғаларды баяндағанда бір тілден бір тілге еркін ойыса береді. Біз­дің алдымызда тұрып түрікше, орысша, ағылшынша суырып салып, оны тағы әртістік шеберлікпен поэзия тіліне келтіріп, әңгіме тиегін ағытқанда қаланың терең тарихына қалай бойлап кеткенімізді аңғармай қалдық. Мысалы, «Әли мен Нино» ғашықтық дастаны, ол оқиғамен байланысты тарихи орындар, сондай-ақ ескі шаһардың қабырғаларын кім, қалай тұрғызғаны, Ширваншах сарайы, Қыздар мұнарасы және Жұма мешіті сияқты көр­некті орындар туралы жан-жақты мағлұматқа қанықтық. Осы орайда «Әли мен Нино» дастаны Баку мен Батумидің мәдени байланысының көрінісі ғана емес, Шығыс пен Батыстың арасындағы бір көпір екеніне көз жеткіздік. Бұл дас­тан – мұсылман әзербайжан Әли хан Ширваншир мен христиан грузин қызы Нино Кипианидің аңызға бергісіз махаббаты туралы шығарма. Бүгінде Грузияның  Батуми қаласында бұл ғашықтарға арналған қозғалмалы алып мүсін туристер үшін танымал нысан болса, Бакудегі Ескі шаһардың көп бөлігі осы әйгілі ғашықтық оқиға өткен жер ретінде көрсетіледі.

Сонымен қатар Фуад Ахундов Баку­дің кезіндегі бай-манаптары қай ғи­маратты қалай салғаны, тарихи нысандар кімдердің тарапынан қандай өзгеріске ұшырағаны туралы оқиғаларды тәптіштеп айтып берді. Оның әңгімесінің әсерімен Ескі шаһарды қалай кезіп шыққанымызды да білмей қалдық. Солай көшелерді аралап келе жатқанда жолдан бір саудагер сөзге араласып, тарихшыны осы жердің тірі жады мен есі, аңыз адамы, менің сыныптасым деп мақтанып қалды. Расында, Фуад Ахундов бізге де бұл қаланың құт-қасиетін қорыған шырақшыдай, аманатын арқалаған абыздай көрінді.

Осылайша, Ескі шаһар ерекше есімізде қалды. Бұл тарихи орталық – Бакудегі ең танымал туристік орындардың бірі және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Бұл жердегі қабырғалар ХІІ ғасырда салыныпты. Ширваншах сарайы – ХV ғасырда ел билеушілерінің резиденциясы ретінде қызмет еткен ғимараттар кешені. Сарайға мешіт, кесене, монша және басқа да ғимараттар кіреді, олардың барлығы күрделі тас оюлармен және түрлі түсті мозаикалармен безендірілген. Ал Қыз мұнарасының тарихы ХІІ ғасырдан бас­талады екен. Мұнара тарихымен бай­­ланысты аңыз көп, бірақ бұл әдетте күзет мұнарасы немесе ғибадатхана деп есептеледі.

Тарихи көрікті жерлерінен басқа, Ескі шаһарда көптеген дүкен, мейрамхана орналасқан, онда келушілер дәстүрлі Әзербайжан тағамдарынан дәм татып, қолдан жасалған кәдесыйлар мен қолөнер бұйымдарын ала алады.

 

Қарабақ: қасиет пен қасірет

Әзербайжан халқының ең үлкен қасіреті Қарабақ десек, қателеспейтін шығармыз. Қарабақты қайтару үшін қасық қаны қалғанша күрескен қайсар боздақтардың саны қаншама?! Ұлт рухын көтерген бұл жеңістің ескерткіштерін Баку қаласынан көптеп кездестіруге болады. Олардың ішіндегі ең бастысы – Шейіттер аллеясы. Кезекті шеберлік сабағынан кейін ТМҰ-ға мүше мемлекеттерден келген бір топ журналист қаланың төрінен орын тепкен осы Шейіттер аллея­сын ара­ладық. Әрі сол күнгі сабағымыз да қақ­тығыс жағдайында жеке бас қауіп­сіз­дігіңді сақтай отырып, оперативті хабар та­рату және жалпы дағдарыс кезінде жұ­мыс істеудің ерекшеліктері туралы болған еді. Бұл жөнінде бізге Таяу Шы­ғыс­тағы қақтығыс жағдайында жұмыс істе­ген, көр­ген-түйгені мол «Al-Jazeera» телеар­на­сы­ның тәжірибелі журналистері дәріс оқыды.

Сондай-ақ қанды қақтығыстың талайын Қарабақ жерінде көрген Әзер­бай­жанның БАҚ саласындағы мамандары да құнды мәліметтерімен бөлісті. Бұл ретте Еуразиялық баспасөз халықаралық қоры бізді көп жайттан хабардар етті. Аталған қордың бас кеңсесі Шейіттер аллеясының маңында орналасқан екен. Аллеяны аралап, боздақтардың рухына дұға бағыштағаннан кейін қордың кеңсесіне кіріп, жұмысымен де таныстық.

Бізді қарсы алған Еуразиялық баспасөз халықаралық қорының президенті Умуд Мирзаев азат етілген Қарабақ жер­лерінің картасын көрсетіп, осынау қақтығыстың тарихынан біраз мағлұмат берді. Оның айтуынша, бұл қор 1992 жылы Әзербайжанда тіркелген тәуелсіз халықаралық үкіметтік емес ұйым және мұны әртүрлі елден келген журналис­тер тобы құрған. Қазіргі уақытта ұйым жоғары білікті қызметкерлерімен, мықты қаржылық-техникалық базасымен, үлкен әлеуетімен табысқа және құрметке ие болды. Бүгінде бұл ұйымда 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, олардың 70%-дан астамы соғыстан кейінгі уақытта миналардан зардап шеккен Әзербайжан аумақтарын тазарту жұмыстарына тар­тылған. Жалпы, 20 жылда қауіпті аймақ 11 мың минадан тазаланған екен. Ұй­ым­ 5 негізгі салада жұмыс істейді: БАҚ және азаматтық қоғамды дамыту; қоғам­дас­ты­қты дамыту; босқындар мен мәж­бүрлі қоныс аударушылардың проблемалары; бітімгершілік, жанжалдарды шешу және білім беру.

Бұдан кейін Каспий теңізінің жаға­лауына жақын орналасқан әскери көрмеге бардық. Мұнда Қарабақтағы соғыс ала­ңының кішігірім көрінісін көруге болады: төбедей болып үйілген танктер, ашық-шашық жатқан миналар, жерден қазылған бекіністер, казарма, тіпті әзербайжандар басып алған армениялықтардың әскери базасының макеті – бәрі бар.

Өз сөзінде Умуд Мирзаев Қарабақ қасіретін тартып, қайғы жамылған Әзер­байжан халқына тілеулес болып, қол­дау көрсеткен түркі жұртына ерекше риза­шылығын білдіріп, мұндай ниет туысқан ха­лықтардың одан сайын жақындастыра түсетінін алға тартты. 

P.S. Осылайша, Баку қаласында болған аз күнде рухани азық және өз саламызға қатысты пайдалы сабақ болатын көп жайтқа қанығып қайттық. Көнеден келе жатқан қаланың тарихына бойлаған сайын соры да қалың болғанын, бірақ сондай сынның бәрінен сынбай өткен шаһардың бүгінде бағы басым еке­ніне көзіміз жетті. «Жел өтіндегі қа­ла» дейтін мағынаны беретін Баку қаласы бұрыннан бері Шығыс пен Батыс түр­кілерінің арасын жалғап тұрған алтын арқауға баланады. Лайым, осы арқаудан ажырамай, түркі ынтымақтастығы мәңгі жасай берсін дегіміз келеді.

АСТАНА – БАКУ – АСТАНА