Мәшһүр Жүсіп бабамыз өзінің түр-сипаты жайында:
«Арғы атам Сүйіндік-ті,
Күлік затым,
Мәшһүр деген бір лақап,
Жүсіп атым.
Қой көзді, қыр мұрынды,
орта бойлы,
Аққұба, бидай өңді қияпатым», – деп жазып кеткені мәлім. Мәшекең өмірінде көп адамның қолқалағанына қарамастан «иелерім шошынады» деп фотосуретке түсуден қашқақтап жүреді екен. Тұлғадан қалған жалғыз сурет қана бар. Онда Мәшһүр Жүсіптің өзі, жанында досы Әбдіразақ Дүржанұлы және ар жағында түрегеп тұрған Аллажар Әбдіразақұлы бейнеленген. Әбдіразақ атаның бес ұлы болған – Әбдірахман, Әбдікәрім, Мұхамеджар, Аллажар, Жанайдар. Аллажар – төртінші ұлы. Әлгі суреттен байқасаңыз, ғұламаның кеуде тұсында шапанынан шығып тұрған ақ түсті зат бар. Сөйтсек, атамыз суретке түсер алдында кеудесіне Құран қойған екен. Қасиет иесінің ұрпағы Абай Шарапиевтің 2019 жылғы шыққан «Ақиқат» кітабында: «Нағи ата 1965 жылы Әбдіразақов Аллажар ақсақалдан сол кісінің 1923 жылы Павлодар қаласында мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып жүрген кезінде Мәшһүр бабамызды қолқалап, Багаевтың фотостудиясына апарып түсіртіп алған фотосын Алматыдан бірнеше дана қып үлкейттіріп әкеп елге таратады. Осы фотосуретті Аллажар әкесі Әбдіразақ екеуі Мәшһүр бабамыздың қарсы болып, «Қайтесіңдер мені сүйреп, қартайғанда ел көретіндей бізде не бір түр-әлпет қалды дейсің», деп барғысы келмегеніне қарамай түсіртіп алған екен», деп жазады.
Журналист Бақи Әбдіқадыров әулие жайында ертеректе жазған мақаласында былай деп келтіреді: «Әбдіразақ пен Мәшекең екеуі түйдей құрдас. Құдалығы, құрдастығы өз алдына, екі жақсының арасында тек қана өздеріне түсінікті ерекше бір сыйластық болғаны анық. Біздің білетініміз, тек қана сыртқы қарым-қатынастары. Мәшекеңнің қыстауы Ескелді мен Баянның арасы – ол кезде араға бір қонып баратын жол. Жасыбай асуының аузындағы біздің Қызылшілікте қонақ түсетін үйлер, оның бер жағында Мәшекең секілді шақырып келтіре алмайтын қадірлі кісіні хан көтеріп алатын ауқатты адамдар болғанымен, дуанға бара жатқан жолында Мәшекең ылғи осы Әбдіразақ үйіне ат басын тірейтін. Қызылшілікте ең сауатты үй де осы Әбағаңның үйі, өйткені бүкіл ауылда Әбағаң ғана газет алдырып оқитын. Қалыңдығы бір қарыс бөлке нанды да біз алғаш рет осы құданың дастарқанынан көріп едік. Орысша сөзді де алғаш рет осы үйде естідік».
Бақи Әбдіқадыровтың есімін Мәшһүр Жүсіп қойған екен. Өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың Бақи ағадан естіген мына бір әңгімесі бар: «Мәшһүр Жүсіп ата біздің айналамызда төрт кісінің атын қойды, соның үлкені – Ақжігіт. Мәшекең Бақи ағамызға ат қойғанда, әкесі: «Бақиы несі? Аузыңызға басқа ат түспеді ме?» десе керек. Сонда Мәшекең қарқылдап күліп: «Әй, Әбдіқадыр, менен несін сұрайсың, ақылдан әлі жұтаған жоқпын. Осы заманда мен Мұрат қожаның баласы Исабек ишанды жоқтадым, Шорманның Мұсасын жоқтадым, Боштайдың Құсайынын жоқтадым. Мен жоқтамаған адам бар ма, біз өлгеннен кейін бізді кім жоқтайды?! Сонда бұл бақилықтарды іздейтін бала болады», депті. Айтқаны айнымай келіп, Бақи аға тірісінде елге танылған журналист, ақын болды.
Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің редакторы, ақын Жанаргүл Қадырованың атап өткеніндей, Әбдіразақ Дүржанұлының есімі Баянауыл халқына жақсы таныс. 1927 жылдың 20 мамырында Шымкент қаласынан Мәшекеңе жазған хатының соңында Жүсіпбек Аймауытов: «Міне, сізге әзірше жазатын әңгімем осы. Амандығыңызға тілеулес мағұлым ініңіз – Жүсіпбек. Әбдіразақ ағайға сәлем, суретіңіз сақтаулы, балалар сау» деп жазған. Жүсіпбектей атақты, Мәшһүрдей шарапатты тұлғалар ауызға алып, әдейі сәлем айтқан Әбдіразақ тегін адам болмаған. Әбағаңның жүзі өте сұсты, шегір көз, ақсары жан болған екен. Суретке түсуді ерсі көретін екі ақсақалды Багаевтың студиясына алып бару оңайға түспеген. Әсіресе артық жүрісті сүймейтін Мәшекең: «Қайтесің бізді сүйретіп, ел көретіндей бізде не бір келбет қалды дейсің», деп барғысы келмепті.
«Мәшекең әкем Аллажардың бала күнінде аузына түкіріп ырым қылыпты. Екі ақсақалға бірдей еркелеп өссе керек. Сонысын пайдаланып: «Мәшекең көнбесе, ашуланған болыңыз. Немене, ортамыздағы бір баланың меселін қайтарып... Суретке мен-ақ түсейін. Тозақтан қорқып отырған шығарсың, тозақ отына мен-ақ күйейін, сен жұмаққа бар», деп айтыңыз деп әкесіне алдын ала үйретіп қойған екен. Сол сөз шымбайына батқан Мәшекең ат жектіртіп, Керекуге жүріп берген екен», деп естелік айтады Аллажардың ұлы Жанат Әбдіразақов.
Тағы да марқұм Бақи Әбдіқадыровтың естелігіне үңілсек: «Ауыл арасында Әбағаңның беделі айрықша болатын. «Әбдіразақ айтыпты» десе болды, шешілмеген дау да, кешірілмеген сөз де қалмайтын. Бәлкім, табиғатынан әділ, тумысынан батыл, алғыр ақылы үшін де Мәшекең өз құрдасын қадір тұтқан шығар. Мәшһүрге жазған хатында Жүсіпбек Әбдіразақты «ағай» деп құрметтеп, көп сәлем айтуының себебі де, міне, осында жатыр. Және Әбағаңмен төрт-бес атадан қосылатын Сұлтанмахмұт ауылы Қызылшіліктен тай шаптырым жерде ғана. Сырқат ақынның көңілін сұрауға бірнеше рет келген Жүсіпбектің Әбдіразақ үйіне соқпай кетуі мүмкін емес. Ал енді Жүсіпбектің хатындағы «суретіңіз сақтаулы» деген сөзге келсек, ол былай. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары ауыл жастарының біразы оқу-білімге жаппай талпынғанын білеміз. Баяндағы жаңа мектепте Сұлтанмахмұтпен бір жылдары оқыған зерек баласы Аллажарды әкесі Керекуге одан әрі оқуға жібереді. Жүсіпбектің хатында көрсетілген сурет осы тұста, жиырмасыншы жылдары түсірілген. Мәшһүр Жүсіпке деген теріс көзқарастың кесірінен ұзақ уақыт құпияда сақталған бұл суретті мен Жаңажолда алтыншы класта оқып жүргенде көріп едім. Осы суреттің толық тарихын 1967 жылы ғана жездемнің (Аллажардың) өз аузынан естідім», деп жазады.
Ел аузында мынадай бір қызық әңгіме бар. Боқырау жәрмеңкесі болса керек. Елден керек-жарағын алуға келген ауылдың бір адамы мен аудандық милиция қызметкері арасында жанжал шығады. Бұдан бірнеше ай бұрын жоғалған милицияның аты әлгі адамның астында жүр екен. «Мен далада жайылып жүрген жерінен тауып алдым», дейді ол. Милиционер сен оны ұрлап алдың деп айып тағады. Даудың аяғы төбелеске айналады, қолында наганы бар милицияға ешкім батып «қой» дей алмайды. Осы кезде бұлардың жанынан өтіп бара жатқан Әбдіразақ милиционерді қамшымен тартып-тартып жіберіпті. Бұл қылығы үшін оны жауып тастайды. Таңертең түрме бастығы «бунтарь шал» жатқан камераға кірсе, ол шапанын шешіп астына төсеп, арқасын қабырғаға сүйеп, малдас құрып, жайбарақат отыр екен. Қараса, шалдың жан-жағында, қабырғаға қаптатып жабыстырып қойған Ленин көсемнің суреттері дейді. Мұны көріп сасып қалған түрме бастығы: «Сен өзі кімсің?» деп жалма-жан сұрайды ғой. Сонда атамыз жан-жағындағы Лениннің суреттерін нұсқап: «Мен Лениннің оң көзімін», деген екен. Сөйтсе, Әбдіразақ ата Лениннің суреттерін газеттен қиып алып, қалтасына салып жинап жүреді екен. Мұны көрген түрме бастығы мынау нағыз большевик қазақ екен деп, кешірім сұрап, аттандырып салыпты.
Әбдіразақ атаның тағы бір ұрпағы – Мереке Әбдікәрімов мынадай өлең жолдарын ұсынды:
«Жолдасым Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп,
Отыр ғой күлімсіреп көзін қысып.
Данышпан дара туған құрдасым-ай,
Болжайсың келешекті ойлап-пішіп.
Ортада сүйеніп тұр Аллажарым,
Береді кемтарларға бар жиғанын.
Ақ пейіл қолың ашық қарағым-ай,
Көрерсің ақыретте хақ дидарын».
Әбдіразақ Дүржанұлы,
15.12.1924 жыл.
Кереку қаласы.
Бұл өлең жолдары әлгі суреттің біреуінің келесі жағында араб әріптерімен түсірілген екен. Алайда түпнұсқасы табылмады.
Әбдіразақ Дүржанұлының өзі Мәшекеңнен кейін, араға 3 жыл салып барып, Абай өңіріндегі Жарма ауданы Қазаншұңқыр тауының бөктерінде дүниеден өткен. Аштық жылдары елмен бірге сол жаққа босып барып, өмірінің соңғы күндерін сонда өткізген. Оның зиратын тауып, басына ұрпақтарының белгітас орнатуына кезінде Бақи Әбдіқадырұлы үлкен еңбек сіңірген.
Суреттегі жас жігіт – Аллажар Әбдіразақұлынан ұрпақтарына сарғылт шапан мұраға қалған екен. Мәшекеңнің көзін көріп, батасын алған жанның жеке затын Жанат Әбдіразақов біраз жыл бұрын Жанаргүл Қадыроваға аманаттапты. Жәдігерді үйінде сақтап отыра беруді құп көрмеген ақын жуықта шапанды Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне табыс етті. Көненің көзі, тарихтың куәсі болған бұйым Мәшһүр Жүсіп бабамызға қатысты музей жәдігерлерінің қатарын толықтырып, өткен заман белгісінің бір парасына айналды.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы