Экономика • 11 Мамыр, 2023

Салықтан жалтарғандар немесе есепте жоқ 692 шаруа қожалығы

374 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісулық шаруа қожалықтары жұмысшыларының табысы мен санын жасырған. Мәселен, өңірде 19 931 шаруа қожалығы тіркелсе, кірістер департаментінде 19 239 тұр. Қалған 692 қожалық санда бар да сапада жоқ. Кейбір кәсіп иелері артық салық төлеуден осылай амалдаса керек. Қазір департамент мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Салықтан жалтарғандар немесе есепте жоқ 692 шаруа қожалығы

Осыған сәйкес, иелігінде 100 гектардан астам жері және ауылшаруа­шылық техникасы бола тұра жұмыс­шылардың санын көрсетпейтін 1 226 қожалыққа талап қойылды. Олар жалдамалы жұмысшыларды тіркеуге міндеттелді.

«Ауыл шаруашылығы саласында тағы бір өзекті мәселе – жұмыс­шылардың табысы мен санын жасыру фактілері орын алып отыр. Ол өз кезегінде өзін өзі қамтығандардың санын арттырады. Талдау нәтижесінде кірістер департаменті мен статистика департаменті арасында ауытқулар бары анықталды. Статистика бойынша 19 931 шаруа қожалық тіркелсе, кірістер департаментінде – 19 239, айырмашылық – 692 қожалық. Бұл ең алдымен ауылдық округ әкімдері­нің жергілікті жерде шаруашылық кітабын дұрыс толтырмайтынын және жаңартпайтынын көрсетеді. Бұл өз кезегінде статистиканың жалған деректеріне әкеледі», дейді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Оның айтуынша, 194 шаруашы­лық 335 жұмысшыны тіркеп, декларация тапсырды, нәтижесінде, жұмысшылардың әлеуметтік төлемі қамтылды. Зейнетақы қорына 11 млн 368 мың теңге, медициналық сақ­тандыру мен әлеуметтік аударымға 4 млн теңгеден аударылған. Дегенмен иелігінде айтарлықтай мал саны және көлігі бола тұра жұмысшылардың санын аз көрсеткен шаруашылықтардың тізімі жасалып, аудандардағы кірі­с­тер департаментінің бөлімшелеріне жіберілді.

Биыл өңірде ауыршаруашы­лық саласына 46 млрд теңге қаражат қарастырылған, оның ішінде өндірісті субсидиялауға – 23,2 млрд теңге, «Ауыл аманатына» – 3,2 млрд теңге және «Үлкен жобалар» бағдарламасына – 2,0 млрд теңге бөлінген. Оған қоса су шаруашылығы объекті­лерін жөндеуге – 7,1 млрд теңге бағыт­тал­ған. Оның сыртында, «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» ұйымдары ар­қылы тауар өндірушілерді не­сие­лендіруге 10 млрд теңге жұмсалмақ.

Ал егін шаруашылығында дақылдардың егу көлемі 1,9 мың гек­тарға артып, 519 мың гек­тарға жететін болады. Қазір­гі уақытта көктемгі дала жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде, шаруашылықтар тұқым, минералды тыңайтқыш пен дизель отынымен толық қамтылған.

Егін дегеннен шығады, мәсе­лен Панфилов ауданында жалпы 44 350 гектар жерге әртүрлі дақылдар мен көкөністер өсіру жоспарланды. Оның ішінде егін шаруашылығында негізгі жетекші дақыл жүгерінің егістік көлемі 26 620 гектарды қамтымақшы. Бұдан басқа мың гектарға жуық арпа, бидай, 920 гектарға картоп, 595 гектар жерге көкөніс, 130 гектарға бақша, 115 гектарға көп­жыл­дық шөп, 36 гектар күнбағыс өсіру көзделуде. Көктемгі егіс жұмыстарына 665 тонна жүгері, 79,6 тонна арпа, 103,4 тонна бидай тұқымдары дайындалған.

Жүгерішілер жылдағыдай сәуір айының алғашқы аптасынан бастап алдымен егіс алқаптарын суғарып алып, одан соң іле-шала жер жыртып, тұқым себуді бастап кеткен болатын. Оған дейін топырақ жылуын талғамайтын жаздық бидай, көп және бір жылдық шөп, картоп, майлы дақылдар егу жұмыстары қолға алынып, жоспарланған іс тиянақты атқарылды.

Егіншіге мәлім, құйқалы құнарлы жер ғана – жомарт. Аудан­дағы егін егілетін суармалы жердің бәрі дерлік табиғи құнарынан айырылған. Сондық­тан тәжірибелі егіншілер тыңайт­қыштарды молынан пайдалану­ға үміт артады. Ал мемлекет­тен жүгері өсіруге жеңілдікпен бөлінетін минералды тыңайтқыш сатып алу жоспары 8 403 тонна болса, бүгінгі күнге дейін нақты сатып алынғаны 5 500 тоннаға дейін жетті. Ақтау қаласындағы «ҚазАзот» кәсіпорны мен Тараз қаласындағы «Қазфосфат» зауытымен 2 525 тонна тыңайт­қыш алуға келісімшарт жасалған.

Бүгінде Алтынкөл стансасына 22 вагон тыңайтқыш жеткі­зіл­ді. Бұл биыл өсірілетін жүгері алқа­бын құнарландыра түсуге жет­кі­ліксіз. Жүгерішілерге нақты мүм­­кіндігіне қарай жос­парла­­ғанда­ғыдан екі есе артық минерал­ды тыңайтқыш қажет. Бұл орай­дағы тапшылық тауқы­метін егіншілер «құрыққа сы­рық жалғап», мал қораларынан шыққан көңді алқаптарына шашып амалдап жүр. Биыл аудан бойынша жалпы 33 000 тоннадан астам органикалық тыңайтқыш егістіктерге сіңірілді.

Егіншілер дала өндірісінің жаңа технологияларын қолдануға ерекше ден қойып келеді, әсіресе тамшылатып суару әдісі тиімді­лігін танытып тұр. Аудан бойын­ша 2 128 гектарға тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілі қол­данылады. Оның ішінде «Жаркент-фрукт» ЖШС 1 050 гектар жеміс бағын, «Көк­тал-Агро» ЖШС 303 гектар егіс­тік алқабын тамшылатып, 300 гек­тар көпжылдық шөбі мен жүгерісін жаңбырлатып суаруды бастағалы төрт жыл болса, өткен жылдан бас­тап Қоңырөлең ауылдық округінің диқандары 72 гектар көпжылдық шөпті жаңбырла­тып суаруды қолға алды. «ОТ Агрохолдирг» ЖШС 250 гектар, «Нұрқайрат» ЖШҚ 40 гектар алқабына жаңбырлатып суару әдісін пайдалануда. Бұлардан басқа «Айкерім», «Айсұлтан», «Илманов.Қ» қожалықтары да жаңа технологияны қолдана бас­тады. Бұл егін суаратын суды үнемдеуге айтарлықтай көмегін тигізіп келеді.

Панфилов ауданындағы жүгері егістігінің көлемін игеру толықтай техникаға тәуелді. Сондықтан өңірдегі жеке шаруа қожалықтары тапқан табысының басым бөлігін ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға жұмсап жүр. Яғни өңірде жер өңдейтін тегеурінді темір тұлпарлардың паркі жыл өткен сайын жаңаруда. Үстіміздегі жылы көктемгі егін егу науқанына ауданда жалпы 1 231 бірлік ауылшаруашылық техникалары қатысады. Бұдан тыс үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында ғана жаркенттік шаруалар 110,6 млн теңгеге ауылшаруашылық техникасын сатып алды.

Ал мал шаруашылығында негізгі мәселенің бірі – жылма-жыл қаражат жетіспеушілігі. Мысалы, 2022 жылы сатып алынған жем-шөпке биыл 2,4 млрд теңге субсидия төленді. Яғни осы салаға ағымдағы жылға бөлінген жалпы қаражаттың 40 пайызын алып отыр. Облыста мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, 2027 жылға дейін жалпы құны 46 млрд теңгеге 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

 

Жетісу облысы