Ол Германия құрамасын төртінші мәрте әлем чемпионы етті
Шілденің 13-і күні түн жарымы ауа Бразилияда бір айдан бері өткен әлем чемпионаты өзінің мәресіне жетті. Тура 31 күнге созылған футбол марафонының соңғы нүктесін Рио-де-Жанейро қаласындағы атақты «Маракана» стадионында өткен
Германия және Аргентина құрама командалары арасындағы финалдық матч қойды. Қарсыластар кездесудің негізгі уақытында есеп аша алмай тарқасты. Экстра-таймда бундестимнің бағы жанды. «Неміс мәшинесі» осылай
113-минутта Марио Гётце соққан жалғыз голдың арқасында әлем чемпионы атанды.
Сарапшылардың бағамы бойынша, алаңда жарты сағаттан сәл ғана артық ойнаған жеңіс голының иесі матчтың үздік ойыншысы болып танылды. Сонымен қатар, Германия Америка құрлығында өткен әлем біріншілігінде топ жарған бірінші еуропалық команда болды. Әдетте бұл екі континенттің жасақтары өздерінде жалау көтерген мундиальдарда сырттан ешкімге жеңіс тізгінін ұстата бермеуші еді. Дәл осылай америкалықтар да бұған дейін Еуропа жерінде туы тігілген чемпионатта бір-ақ рет жеңімпаз атанған-ды. Оның өзін сонау алыстағы 1958 жылы Швецияда жұлдыз жосылтқан доп додасында Бразилия құрамасы жасаған болатын. Міне, немістердің бұл жеңісі бір жағы екі дүние арасындағы бәсеке безбенінің басын теңгеріп те отыр.
Енді әлемнің ең күшті командасы атағын алу үшін ақтық сында кездескен Германия және Аргентина құрамалары жайына келсек, бұлардың екеуі бірге осы кезге дейін бес мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізген еді. Соның ішінде немістер – 3, олардың қарсыластары 2 рет жаһанның бірінші жасағы болып үлгерген. Ал соңғы ұтыстың нәтижесінде немістер мұның санын тағы біреуге арттырып, Италияны қуып жетті. Енді алда 5 дүркін жеңімпаз болған Бразилияға ғана тұр.
Тағы бір назар аударатыны, Германия мен Аргентина текетіресінің тарихы да бай. Бұл үшін бүгінгі олардың осы күні үшінші рет финалдық шайқаста тоқайласқанын айтсақ та жеткілікті. Командалар оның деңгейінде 1:1 есебімен тең түсіп келді. Аргентиналықтар 1986 жылы 3:2 есебімен жеңіске жетсе, немістер 1990 жылы 1:0 етіп қарымта қайтарды. Сөз етіп отырған командалар бұдан бөлек, 2006 және 2010 жылдарғы мундиальдарда тағы ұшырасты. Бұлардың алғашқысында бундестим негізгі уақытта 1:1 болып тең ойнап, пенальтиден 4:2 есебімен басым түскен. Келесісінде «неміс мәшинесі» 4:0 есебімен күйрете жеңген. Бір қызығы, алдыңғы екі финалдық матчқа да Диего Марадона қатысты. Ол, сондай-ақ, тізімдегі соңғы кездесуге Аргентина құрамасының бас жаттықтырушысы ретінде атсалысты.
Бұл жолғы финалдық ойынның бірінші таймы командалардың бірде-бірінің басымдылығын байқатпаған тең күрес жағдайында өтті. Көпшілік күткендей, аргентиналықтар бірден тас түйін қорғанысқа кетіп қалмай, қарсы шабуыл жасап тұруға кірісті. Ал немістер ойынның алғашқы жарты сағатында Кристоф Крамердің орнына алаңға Андре Шюррле шыққаннан бастап шабуылда белсенділік көрсетті. Аргентиналықтар қақпасына жасалған ең алғашқы айрықша қауіпті сәт таймға қосылған қосымша уақытта тіркелді.
Екінші таймның басында Алехандро Сабельяның шәкірттері шабуыл шебін күшейтуге бағыт ұстады. Сол бойда олар есеп те ашып кете жаздады. Бірақ қақпашы Мануэль Нойермен бетпе-бет шыққан Лионель Месси допты қақпа бағанының жанынан жіберіп бармақ тістеді. Бұдан кейін шабуылдың екпіні біршама басылды. Алайда, кескілескен күрес алаңның әр мүйісінде жүріп жатты. Сондай сәттің бірінде Гонсало Игуаин неміс қақпашысымен соқтығысып қалды. Соның салдарынан басынан қатты соққы алды. Бұл бірнеше минуттан кейін оның орнына Родриго Паласионы шығаруға мәжбүр етті.
Осындай айқаспен кездесудің негізгі уақыты да аяқталды. Овертаймның бас жағы алдыңғы кезеңдегі ойындардан көп өзгере қойған жоқ. Екі жақ бір-бірінің қадамдарын тұсаулай отырып, қарсы шабуыл жасауға көбірек сүйенді. Екінші экстра-таймда неміс Бастиан Швайнштайгер кезекті допқа талас тұсында қабағын жарып алды. Соған қарамастан, ол алаңнан кетпей, өршелене ойнады. Оның мұнысы командаға қатты әсер етті. Осыдан жігер алған Андре Шюррле мен Марио Гётце қарсы қапталға қарай құйындай ұшты. Бұлардың соңғысы қарсы қақпа алаңы ішінде жүгіріп келе жатып, әріптесінен алған добын кеудесімен төмен қарай түсіре беріп, қақпаға қарай атты да жіберді. Әуелей ұшқан доп қақпаға қиялап барып, кіріп кетті. Есеп ойынның 113-минутында осылай ашылды. Аргентиналықтар қалған уақыт ішінде жанталасқан шабуылға көшті. Бірақ олардың барлық қимылдарын Мануэль Нойер қиып тастап тұрды. Бұл немістердің жеңіске жетуін қамтамасыз етті.
Жоғарыда айтқанымыздай, Германия осылайша Америка құрлығында чемпион атанған бірінші еуропалық команда атанды. Барлығы бұл құрлықта 7 мәрте әлем чемпионаты өтті. Олар мына елдерді қамтып, төмендегідей жеңімпаздарды шығарды: Уругвай-1930 (чемпион – Уругвай), Бразилия-1950 (Уругвай), Чили-1962 (Бразилия), Мексика-1970 (Бразилия), Аргентина-1978 (Аргентина), Мексика-1986 (Аргентина), АҚШ-1994 (Бразилия). Міне, сол статистиканың енді сағы сынып отыр.
Үшінші орын үшін талас бұдан бір күн бұрын ойналды. Онда Бразилияны 3:0 етіп жеңген Голландия қола жүлдегер атанды. «Қызғалдақтар елінің» құрамасы өзінің тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының қола медаліне қол жеткізді. Екі команда да үшінші орын үшін өліспей беріспейтін себеп болды. Соның ішінде жартылай финалда Германиядан 1:7 болып күйрей жеңілген бразилиялықтар үшін бұл ұтыс ауадай қажет еді. Ал Голландия бұған дейін бірде-бір чемпионатты көтеріңкі нотада аяқтап көрмеген екен. Олар тіпті финалда шайқасқан 2010 жылы да оны жеңіліспен бітірген. Осының алдында Луи ван Гал әлем чемпионатында үшінші орын алудың ешқандай мәні жоқ екенін мәлімдегеніне қарамастан, бұл ел командасының аталмыш матчқа барынша жоғары дайындықпен келгені бірден байқалды.
Мұны «қызғылт-сарылардың» кездесуге негізгі құрамымен шыққаны да айғақтап берді. Тек матч алдындағы дене қыздыру кезінде сіңірін созып алған Уэсли Снейдер мен жарақатынан толық айықпаған Найджел де Йонг ғана ойынға қатысқан жоқ. Бұлардың біріншісін Джонатан де Гузман алмастырса, екіншісінің орнына Йорди Класи шықты. Бразилиялықтардың бас бапкері Луис Фелипе Сколари күтпеген жерден экспериментке барып, старттық құрамға бұрын назарға ілікпеген ойыншыларды енгізді. Негізгі саналғандардан қақпашы Жулио Сезар, қорғаушылар Давид Луис пен осының алдындағы ойынды дисквалификацияға байланысты жіберген Тьяго Силва, сондай-ақ Оскар ғана алаңға шықты. Старттық құрамнан Фред пен Халкқа орын табылмады. Бұл жолы селесао бір ғана айқын форвард – Жоны алға салып ойнады.
Нәтижесінде кездесу жартылай финалдың жалғасы іспетті болып басталды. Шабуылмен бастаған Бразилияның қорғаныс шебі тез сетінеп сала беретіні бірден байқалды. Алайда, олардың қақпасына соғылған алғашқы екі гол да үлкен күмән шақырады. Бұлардың біріншісі 3-минутта торды тулатты. Ол айып алаңының сырт жағында кемінде екі метр арыдан шалынып, ішке келіп әдемі құлай білген Арьен Роббеннің «тапқырлығы» арқасында белгіленді. Бұл жерде ойынға қазылық еткен алжирлік төреші Джамель Хаймуди әккі футболшының аранына түсіп қалды. Осы күмәнді пенальтиді Робин ван Перси дәл түсірді – 1:0. Сол арқылы пентакампеондар бұл біріншілікте өткізіп алған голдары санын 12-ге толтырды. Бұған дейінгі чемпионаттарда олардың бұл жөніндегі көрсеткіші 11-ден асып көрмеген еді. Оның өзін құрама алыстағы 1938 жылы тіркеген-ді. Демек, сары жейделі команда тағы бір антирекордқа қол жеткізіп отыр.
Ойынның 17-минутында Голландия есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл жолы «қызғылт-сарылар» оны офсайдтан салды. Джонатан де Гузман Арьен Роббеннен пас алған кезде ойыннан тыс қалған еді. Бірақ қапталдағы лайнсман мұны аңғармады. Сосын Гузманның қиялатып жеткізген пасын Дэйли Блинд қақпаға туралап ұрып кіргізді. Осы деректің өзі чемпионатқа қызмет етіп жатқан төрешілер деңгейінің төмен екені жөніндегі пікірдің тегін емес екенін бекемдей түсті. Ал алғашқы екі голды да төрешілердің көмегімен салған Голландия бұдан әрі де аса сақ қимылдай отырып, қарсы шабуылдың шырайын шығаруға тырысып бақты. Луис Сколари командасының бір тәуір жері, матчтың бірден өздері үшін қырын сипатта өрбігеніне қарамастан, немістермен ойындағыдай салды суға кетіріп, бәрін тағдырдың тәлкегіне тастай салмады.
Голландиялықтар бұдан бұрын, 1998 жылы Францияда өткен әлем біріншілігінде бір рет үшінші орынға таласып көріп еді. Бірақ сол жолы хорваттардан 1:2 болып ұтылып қалған. Бұларға қарағанда, бразилиялықтардың үшінші орынға таласта біршама бай тәжірибесі бар. Олар мұндай шайқастарды 1938, 1974 және 1978 жылдары бастан өткерді. Соның ішінде селесао үшін 1938 және 1978 жылдар сәтті болды.
Кездесудің екінші жартысында Бразилия ойын басымдығына ие болды. Алайда, таблодағы есеп өзгере қоймады. Команда 68-минутта бір доптың қарымтасын қайтаруға өте жақын қалды. Себебі, қарсыластар айып алаңына құстай ұшып жеткен Оскар Блиндті шалып құлатты. Ал төреші пенальти белгілеу орнына бразилиялық шабуылшы осыны қасақана істеді деп есептеп, оған «сары қағаз» көрсетті.
Бразилиялықтар бұдан кейін де шабуылды жалғастырды. Бірақ бірде-бір рет қарсы қақпаны дәл көздей алмады. Мұның есесіне ойынның негізгі уақытына қосылған 2-минутта Джорджиньо Вейналдум күтпеген жерден тағы бір голды салып кетті. Осылайша ойын 3:0 болып аяқталды.
Сонымен, кезекті әлем чемпионаты да өзінің мәресіне жетті. Оның соңғы күндері Ресей президенті Владимир Путин ФИФА президенті Йозеф Блаттердің қолынан әлем чемпионатының эстафетасын қабылдап алды. Бұл 2018 жылы өтетін келесі доп додасының Ресей елінде жалау көтергелі тұрғаны тарихи шындық екенін тағы бір мәрте айқындап көрсетіп берді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Дерек пен дәйек
• Германия Оңтүстік Америкада өткен әлем чемпионаттарында алғаш рет бас жүлдені жеңіп алған еуропалық команда болды. Бұған дейін Испания 2010 жылы алғаш болып өзге (Африка) құрлықта чемпион атанған еді.
• Аргентина мен Германия әлем чемпионаттарында жеті рет кездесіп, үш рет финалда ойнады. Екі финалда (1990, 2014) «неміс мәшинесі» чемпион болса, біреуінде (1986) «Альбисалете» бас жүлдені жеңіп алыпты.
• Алдыңғы күнгі финалды санағанда Аргентина мен Германия бір-бірімен 21 рет кездескен. Соның тоғыз ойынында Аргентина, жеті матчында Германия жеңіске жеткен. Бес кездесу тең есеппен аяқталған.
• Бундестим осы турнирде жеті голды алыстан соққан.
• Германия сегізінші рет финалда ойнады. Әлі бірде-бір ұлттық құрама осыншама рет финалда ойнаған емес.
• Андре Шюррле, Кристоф Крамер, Шкодран Мұстафи, Эрик Дурм, Марио Гётце, Юлиан Дракслер мен Маттиас Гинтер секілді неміс футболшылары Германия 1990 жылы әлем чемпионы болғаннан кейін дүниеге келгендер.
• «Неміс мәшинесі» барлық әлем чемпионаттарында 224 гол соққан. Бразилия 221 рет қақпаға доп тоғытқан.
• Биылғы финалға дейін Аргентина 27 кездесуде жеңілмеген. 19 рет ұтып, 8 рет тең ойнаған.
• Әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы болып Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси атанды. Ол 7 матчта 4 гол соқты. Бір рет нәтижелі пас берді.
Колумбия құрамасының жартылай қорғаушысы Джеймс Родригес үздік бомбардир атанды. Ол 5 ойында 6 гол соқты. Сонымен бірге, әріптестеріне 4 нәтижелі пас берген.
• Германия командасының шабуылшысы Мирослав Клозе өзі қатысқан төрт әлем чемпионатында 16 гол соғып, бразилиялық Роналдоны басып озды. Роналдо өзі қатысқан үш чемпионатта (1998, 2002, 2006) 15 доп соққан еді. 1994 жылы бразилиялық 17 жасар шабуылшы қосалқы құрамда әлем чемпионы атанған.
• Бұл чемпионатта 171 гол соғылды. 1990 жылы плей-оффта сегіз матч 120 минутқа созылған екен. Биылғы бәсекеде де солай болды.
• Германия әлем чемпионатындағы 105-ші матчын өткізді. Бразилия – 103, Италия – 83, Аргентина 76 рет ойнады.
• Финалда өнер көрсеткен қос құраманың футболшыларының арасында Мирослав Клозе (137), Лукас Подольски (116), Филипп Лам (112), Бастиан Швайнштайгер (108), Пер Мертесакер (104), Аргентинада Хавьер Маскерано (105) 100 матчтан көп ойын өткізген. Лионель Месси финалда өзінің ұлттық құрамадағы 93-ші ойынын өткізді. Ал оның отандасы Диего Марадона 91 матчта ойнаған.
• Биылғы доданың басты сенсациясы Коста-Рика мен Колумбияның ширек финалға шыққаны емес, Бразилияның Германиядан 1:7 есебімен ұтылғаны болды. Бұл әлем тарихында Италия – АҚШ (1934 жылы) және Бразилия – Швеция (1950) арасындағы матчтарда ғана кездескен. Осыған дейін жартылай финалда 6 доп айырмасымен жеңу деген ойын болмаған. Уругвай – Югославия – 6:1(1930), Аргентина – АҚШ – 6:1 (1930), Венгрия – Швеция – 5:1 (1938), Германия – Австрия – 6:1 (1954), Бразилия – Франция – 5:2 (1958) арасында өткен кездесулер осындай есеппен аяқталған.
«Егемен-ақпарат».