15 Шілде, 2014

Тағылым да мол, түйткіл де жетерлік

348 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Футболдан өткен осы әлем чемпионаты несімен ерекшеленді, нендей өрнек-өнегесімен есте қалмақ? Бразилиядағы футбол аламанының тағылымдары қандай болмақ? Бүгінгі әлем футболының жеткен биігі қандай? Міне, біз осы сұрақтарды қазақ футболының ардагері, Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов пен қазақтың тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратайұлына қойған едік. bayshakov3С.Байшақов: – Бұл чемпионаттың негізгі бір ерек­­­шелігі, ол футболдың отанында, футбол королі Пеле небір ғажайып ойын өрнегін көрсеткен елде өтті. Оған әлемнің ең мықты командалары жиналды. Олардың қай-қайсысы да өзін ешкімнен кем санамайтын, жүлделі орындардан бәрі де үміт­кер сайыпқырандар ғой. Қалай болғанда да, әлем чемпионатының деңгейі аса биіктен көрінді. Басты сипаттардың бірін айтсақ, әсіресе, Оңтүстік Америкадан мықты командалар шеберленіп өсіп шыққандығы байқалды. Эквадор, Колумбия, Коста-Рика сияқты. Олар ешкімге жалын сипатпай, арқыраған әйгілі командалардан бір де кем еместігін көрсете білді. Клубтары дүниежүзі футболының ығай мен сығайын жинаған, әлем және Еуропа чемпионы Испания, бекзат футболмен атойлаған Англия, Роналду сияқты хас жүйрігі бар Португалия командалары алғашқы кезеңнен өте алмай қалды. Әлем елдеріндегі футболдың жалпы деңгейі теңесіп қалғандығы көзге ұрды. Бұрын жүлделі орындарға командалардың шектеулі белгілі бір тобы ғана үміткер болса, бұл жолы жеңімпаздық тәжге қол созғандардың саны әлдеқайда көбірек болды. Айталық, африкалық Алжир командасын чемпион атанған Германияның өзі жеңуге шамасы жетпеді. Сондықтан, осы жолғы әлемдік доп додасы өте қызғылықты әрі тартысты өтті деп ойлаймын. Германия мен Бразилия арасындағы ойын миллиондардың назарын аударды. Әлбетте, бразилиялықтардың ойсырай жеңілуі жанкүйерлері үшін үлкен қасіретпен пара-пар. Олар өз үйінде ойнады. Тіпті, Қазақстан құрамасының өзі Германияда ойнаған кезде өз қақпасына үш доптан артық салғызған жоқ-тын. Бұдан, әрине, баршаға көзтаныс Бразилия футболының деңгейі азырақ төмендегені сезіледі. Әлемге әйгілі бразилиялық саңлақтар болмайтын бір қателіктер жасағаны соншалық, солардың әрқайсысы олардың қақпасына қарымта соққымен, голмен аяқталып отырды. Өз сайыпқырандарына бразилиялықтар соншама сеніп еді. Бірақ олар үмітті ақтай алмады. Финалда ғажап ойын болды деп ойлаймын. Оны барлық жанкүйер көрді, қадағалады. Чемпионаттың үздік ойыншысы танылған аргентиналық Месси көрермендерге көп қуаныш сыйлады. Ал Германияның жеңіске, чемпиондық тәжге жетуі өте заңды. Ол, сөз жоқ, осы әлемдік футбол додасының ең мықты командасы. Бұл елде балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Германия командасының әлем чемпионы атануына бұл жайдың да үлкен септігі тиіп отырғаны анық. Біз балалар футболын дамыту орайында Германиямен меморандумға қол қойдық. Болашақта Қазақстан футболы да әлемдік биік белестерге көтеріледі деп сенейік. каратайС.Қаратайұлы: – Бұл чемпионат несімен ерек­шеленді дейсіз ғой. Дүниежүзінің көп­те­ген елдерінде футбол­­дың шеберлік деңгейі өс­кендей сипаты бай­қал­­ды. Бұған оңтүстікаме­­рикалық Коста-Рика құра­масының ойыны дәлел. Ал Африкадан осы тұжы­рымға Алжирді де қосар едім. Бұл чемпионат­та Латын Америкасы мен Еуропа командаларының бәсе­ке­лестігі бұрынғыдан да өрши түскендігі сезілді. Бразилия, Аргентина және басқа адуынды футбол державалары Еуропа футболына төтеп бере алмады. Іргесі сөгілді. Енді әлем футболында Еуропа үстемдік құрады деп ойлаймын. 1966 жылы Лондон чемпионатында тұңғыш рет әзербайжандық төреші Топик Бахрамов ақтық ойында қазылық етіп, алтын ысқырықпен марапатталып еді. Бұл мұсылман елдеріндегі алғашқы үдеріс болып көрінген. Осы жолы Өзбекстаннан барған Рафшан Ирматов  іріктеу сындарында төрешілік етті. Мұндайда: «Япырай, қазақ төрешілерінің есімі әлемдік чемпионатта қашан шығар екен?» деп ойға қалады екенсің. Испания, Италия, Португалия, Франция, Англия құрамаларының тоқымы ерте сыпырылғаны өкінішті-ақ. Ақтық сында Германия да, Аргентина да өздеріне тән шеберлік деңгейде ойын көрсете алмаған сияқты. Олар өте сақ ойнады. Мен спорт комментаторларының біліктілік деңгейіне ерекше назар аударып отырдым. 2010 жылғы чемпионатта Асхат Сағынаев ерекше көзге түсіп еді. Бұл жолы да ол мақтарлық дәрежедегі репортаж жүргізді. Енді оған Ержан Көшкінбаевтың қосылғанына қуанамын. Футбол жанкүйерлеріне қалтқысыз қызмет көрсеткен «Қазақстан», «Евразия» арналарының ұжымына дән ризамын. – Әңгімелеріңізге рахмет. Жазып алған Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Алматы.