Елімізде бастауыш және орта сыныптардан кейін білімін жетілдіремін деген оқушыларға арнайы мамандандырылған немесе белгілі бір пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептер жүйесі қалыптасқан. Қазіргі таңда жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдетіп оқытатын 90 лицейдің 8%-ы, қоғамдық-гумманитарлық бағыт бойынша оқытатын 120 гимназияның 14%-ы ғана ауылдық елдімекендерде орналасқан. Яғни, ауыл оқушыларының тереңдете білім беретін ұйымдарда оқу мүмкіндігі шектеулі.
«Статистикалық ақпаратқа сүйенсек мамандандырылған мектептерге түскен ауыл мектептебі оқушыларының үлесі соңғы 3 жылдың көрсеткіші бойынша 8-25%-дың аралығында болса, Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен оқушылардың үлесі 8-9%-дан аспайды. 2022-2023 оқу жылында ауыл мектептеріндегі 1,5 млн оқушының тек 2900-ы ғана мамандандырылған мектептерге қабылданған. Бұл ауыл мектептері оқушысының жалпы санының 0,2%-ын ғана құрайды. Ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру үшін бірнеше жобалар жасалып, бағдарламалар қабылданды. Осы орайда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын қайта қарау қажет деп ойлаймыз. Ауылға білімді, креативті маман бармайынша білім сапасы көтерілмейді», дейді «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов.
2020 жылы пандемия кезінде ауыл мектептеріне интернет желісі жеткізілді. Министрліктің Ұлттық білім беру деректер қоры ақпараттық жүйесіне сәйкес, ел бойынша 5274 ауылдық мектептің 5236-на интернет желісі қосылған. Ал Халықаралық телекоммуникация одағының ұсыныстарына сәйкес келетін мектеп саны – 2013. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпаратына сәйкес 817 ғана ауылдық мектепте интернет жылдамдығын арттыруға техникалық мүмкіндік бар.
Сонымен қатар Е. Саурықов бүгінде оқушыларға қосымша мүмкіндіктер ұсынатын онлайн платформалар пайда болғандығы туралы айтады.
«Жеке меншік оқу орталықтары жылдам икемделіп, қосымша ақылы курстар ұсынды. Біздің зерттеуіміз бойынша кейбір жекеменшік оқу орталықтарының платформасы бір сәтте 30 мың оқушыға дейін онлайн режімде сабақ өткізетін техникалық және әдістемелік мүмкіндіктері бар. Ендеше оқу нарығының өзі туғызған осы мүмкіндікті ауылдың білім беру саласын дамыту үшін кеңінен пайдалану қажет. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Bilim land», «Daryn online» және тағы басқа платформалар арқылы 5236 ауылдық мектеп қосымша оқыту қызметтерін қолданады. Алайда аталмыш мектептердің мемлекеттік тапсырыс арқылы көрсетіп жатқан қызметі толыққанды онлайн үлгіде емес», дейді ол.
Депутаттар осы мәселеге қатысты келесідей ұсыныс айтты: Біріншіден, ауыл мектептеріндегі дарынды балалардың мамандандырылған оқу ұйымдарында білім алуына мүмкіндік туғызу үшін оларға тегін немесе бюджет тарапынан субсидияландырылған қосымша онлайн курстарын ұйымдастыру қажет. Екіншіден, ауыл мектептері түлектерінің «Назарбаев Университеті» немесе «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарына қабылдауға дайындау үшін жеке пәндер бойынша тегін онлайн және офлайн курстар ашу керек. Үшіншіден, онлайн курстар жақсы нәтиже беру үшін аталмыш қызмет түрін еркін нарықтағы бәсекелестік ортаға беріп, мемлекет және жеке-меншік әріптестік жүйесі арасында жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, «Дипломмен ауылға» жастар тәжірибесі жастардың кадрлық резерв бағдарламаларының толыққанды жұмыс істемеуі салдарынан ауылдарда білікті тәжірибелі мамандар жоқтың қасы. Қазіргі уақытта кезек күттірмейтін осы бағдарламаларды қайта жаңғыртып, мемлекет тарапынан жаңа жобалар жасап, бөлінетін қаржының көлемін ұлғайтуды ойластыру қажет.
Аружан НАҒАШЫБАЙ,
ЕҰУ студенті