Мән бермеуге болмайтын мәдениет саясаты
Өткен апта аяғында Алматыда еліміздің мәдениет саясаты тұжырымдамасының жобасы талқыланып, көкейкесті жиынға ғылым, білім және мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қарап отырсақ, қазір Қазақстанда мәдениеттің түрлі салаларының тізгінін ұстап отырған тоғыз шығармашылық одақ бар. Алайда, тұжырымдаманы ортаға салып, олқы тұстары болса ойласып, кем-кетігін толықтырады деген маңызды жиынға шығармашылық одақтар түгел келген жоқ. Әрқайсысы өзін мәдениеттің өзегі санайтын бұл ұйымдардың қосары көп болуға тиісті еді. Әйтпесе, тәуелсіздік тұсында мәдени саясатты жүргізуде кеткен кемшіліктер де аз емес, қордаланып, шешімін күтіп тұрған мәселелер де жеткілікті-тін. Осының бәрін тұжырымдама бекітілмей тұрғанда бекемдеп алуға тиісті одақтардың белсенділік танытпағаны әрине, өкінішті. Сонымен, Ұлттық кітапханада өткен қоғамдық тұрғыдағы талқылау «Қазақстан Республикасының Мәдени саясаты тұжырымдамасының негізгі қағидалары мен тетіктерін жүзеге асыру» атты дөңгелек үстел түрінде өтті. Бұл байқауда талай дүние айтылды. Талқылауда мәдениет саясатын жүргізуде көптеген мәселелердің қамтылғанын көріп, қуандық.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Ольга Батурина құжаттың әлі де толықтырылатынын, байытылып, өзгертілетінін тілге тиек ете отырып, мемлекеттік мәселені ойластыруда басым міндеттер көп болғанын, бірақ, ең маңызды бағыттар саралана келе беске бөлінгенін атады.
Осы уақытқа дейін кез келген туындыны халықтың назарына ұсынбас бұрын, екшеп, елеп отыратын Көркемдік кеңесті қайта құру мәселесі қайта-қайта көтеріліп жүрген-ді. Ендігі жерде бұл сараптау орталығы Мәдениеттің 7 түрлі саласы бойынша министрлік жанында болатыны тұжырымдамада қарастырылған. Қазақ ғылыми-зерттеу Мәдениет институты бас директорының бірінші орынбасары Андрей Хасбулатов бұл құжаттың осыған дейін жан-жақты түзетіліп, толықтырылып барынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілгенін атап, тұжырымдама жобасы қазір Мәдениет министрлігінің сайтында тұрғанын, тағы да қандай да бір ұсыныстар болса, 1 қыркүйекке дейін қарала беретіндігін жеткізді.
Сол сияқты Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Надежда Горовец тұжырымдамада жастар саясаты мен балалар шығармашылығына да жеткілікті түрде көңіл бөлінгендігін айтты. Сөзінің соңында ол жастардан шығармашылық тұлға қалыптастырудың қағидалары мен тәсілдеріне де назар аудару қажеттігін ұсынды.
Өз кезегінде Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры Тілеуғали Қышқашбаев қазір бүкіл елімізде 220 музей бар екенін, оның ішінде 9 музей республикалық деңгейде болып саналатынын айта келе, олардың жұмысын үйлестіруді, бірегей, орталықтандырылған электронды формат жоқтығын алға тартып, осы мәселені реттеуді ұсынды. Шешен сөзінің соңында мәдениет пен мемлекеттік тілдің егіз екендігін, тіл дамымай ұлттық мәдениет дамымайтындықтан, тұжырымдамада оның назарда болғанына қуанышты екенін жеткізді.
Осы жерде мән бермеуге болмайтын мәдениет саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жүзеге асыру негізінде жасалғанын да айта кету керек. Өйткені, жаңа мәдениет саясатында Елбасы ұсынған, Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуетін бірлестіре отырып, әлемнің 30 дамыған елдерінің қатарына кіруді көздеген «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы стратегиялық басымдыққа ие болып отыр. Неге десеңіз, мәдениет саласындағы жетістіктер тек ведомстволар мен мәдениет басқармаларының жұмысымен, статистикалық көрсеткіштер мен атақты адамдардың санымен өлшенбейтіні аян. Мәдениет деген демалыс пен ойын-сауықтың бір саласы дейтін қоғамдағы қазіргі белең алған ұшқары көзқарасқа қарамастан, мәдениетті, ең алдымен, ұлттық идеология мен рухани дамудың және әлемдік кеңістіктегі елдің алатын орнын анықтайтын пәрменді құралы ретінде қарастырудың қажеттігі көрінуде.
Жоба айналасына жұмыс істеп жатқан өнер өкілдері мәдениет әлемін жаңа заманға лайықты етіп қабылдауға қадамдар жасау үшін әлеуметтік-мәдени орта қалыптастыру керектігін айтуда. Ол ортада қоғамның шығармашылық белсенділікке көзқарасы өзгеріп, оны тұлға, бизнес және жалпы мемлекет жетістіктерінің негізгі факторы ретінде қарау пайда болады. Мұндай жағдайда дәстүрлі мәдени ортаны түбегейлі өзгерту керек. Басты орынға креативтілік пен бәсекеге қабілеттілік шығады.
Сол сияқты мәдениет саласы бизнес-бастамаларға арналған өнердің белгілі бір салалары мен мәдениет ұйымдарын пайдалы (рентабельді) деңгейге алып шығуға мүмкіндік беретін инвестициялық салаға, экономиканың маңызды факторына айнала алатыны сөз болды. Мысалы: киноиндустрия, анимация, цирк өнері, концерт, театр ісі репертуарлары.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.