Егемен Қазақстан • 14 Мамыр, 2023

«Хат қоржын»

308 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Болашақ архившілер олимпиадасы

Тарихсыз ел болмайды, алайда сол тарихты түгендеп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ететін – архивші мамандар. Сол себепті біздің өткенімізді сақтайтын мамандарды даярлау үлкен жауапкершілік екені түсінікті. Осы мақсатта 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, архивтану және іс жүргізу бойынша республикалық студенттер олимпиадасын өткізіп келеді. Бұл іс-шараға әдетте жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысады. Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Documentum», «Tempus», «Be Zerek» командалары мен Алматы көпсалалы колледжінің «Жалын» және «Алғырлар» топтары бәсекелесті.

Іс-шараның ашылуында сөз алған Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина білікті мамандар даярлау мемлекет алға қойған негізгі талаптардың бірі екеніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі: «Мемлекет тарапынан еліміздегі архив саласын дамытуда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін бірінші кезекте жоғары білікті мамандар қажет», деді Әлия Құсайынқызы.

Олимпиадаға қатысушылар бірінші кезеңде «Креативті архивші» тақырыбында шығармашылық тапсырманы орындаса, екінші кезеңде архивтердегі цифрлық технологиялар және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы инновациялар тақырыбындағы командалық жобаларын қорғады. Нәтижесінде, жүлделі бірінші орынды «Be Zerek» (ҚазҰУ) тобы иеленіп, екінші орынды «Жалын» (АКК), ал үшінші орынды «Tempus» (ҚазҰУ) командалары алды. Жеңімпаздарға дипломдар мен кубоктер, барлық қатысушыға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

 Олимпиада Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының 25 жылдығына орай Қазақсан Республикасы Перезиденті Архиві ұйымдастырып отырған «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» архивтік марафонының аясында өткізілгенін айта кетейік.

Дайана ТОҚБЕРГЕНОВА,

Қазақстан Президенті Архивінің қызметкері

АЛМАТЫ

 

 

Ғылым балабақшаға да керек

Бүгінде 3-6 жастағы балалар балабақшамен толыққанды қамтылды деуге болады. Бірақ мәселе мұнымен толықтай шешілді деп айта алмасақ керек.Себебі алдымыздан сапа мәселесі бой көрсетті.

Елімізде осыдан бірнеше жыл бұрын сапаны бағалаудың «Ecers-R» атты халықаралық шәкілі негізінде зерттеу жүргізілген еді. Сонда мектеп жасына дейінгі балаларымыз бірнеше көрсеткіш бойынша төмен балл алды.

Сонда қайтпек керек? Әлбетте, тәрбиелеу мен оқыту бағыттарын өзгерту қажет. Шын мәнінде, білім беру бағдарламасы заман талабына сай уақтылы жаңартылып отырғаны жөн. Өйткені өскелең ұрпақ алдағы өзгерістерге дайын болуға тиіс.

Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа алғашқы Жолдауында бағдарламаны өзгерту турасында сөз қозғап, қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу керектігін және мұның кезек күттірмейтін шаруа екенін жеткізген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласының мазмұнын түбегейлі өзгертті. Еліміздегі балабақшалардың аталған модельмен жұмыс істеп келе жатқанына көп уақыт өте қоймаса да, елеулі өзгерістер бар екенін байқауға болады. Өйткені біз мектеп жасына дейінгі балаларға бұрынғыдай, яғни мектеп оқушыларына міндеттелгендей жарты сағаттап сабақ өткізбейміз. Жаңа модель бойын­ша оқыту мен тәрбиелеуді баланың бақшаға келген сәтінен бастап, оның физиологиялық және психологиялық қажеттіліктері бойынша ойын мен коммуникациялар арқылы арнайы әдістемемен іске асыра бастадық.

Иә, әдістеме Мемлекеттік білім беру стандартына сүйеніп жасалған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың бағдарламасынан алынады. Мазмұны бүгінгі заман талабына сай жаңартылған бағдарламадағы 11 қағиданың орындалуы – заманауи педагогтің күнделікті жұмысында көрініс тауып отыруы шарт. Сонда бала бүгінгі күн талабына сай тәрбие алып қана қоймай, оқытудың да озық үлгісінен сусындайтын болады.

Зулхия ҚҰРБАНҒАЛИ,

«Күнекей» бөбекжай-балабақшасының әдіскері

ҚЫЗЫЛОРДА

 

 

Күй күмбірлеп, ән шырқалды әуелеп

Сол бір әсерлі сәтке де көп уақыт өте қойған жоқ. Шат-шадыман көңіл күйге толы Ұлыстың ұлы күні болатын. Байырғы әдетімізше жанымызға жақын «Abai TV» телеарнасын іске қосқанбыз. Дәулескер күйші, танымал өнер иесі, композитор, халқымыздың арда ұлдарының бірі Секен Тұрысбековтің «Ұлы дала» атты шығармашылық кеші көрсетіліп жатыр екен. Саңлақ ініміздің басқаруындағы «Ақ жауы­н» мемлекеттік оркестрінің «жанды» концертін кезінде оңтүстіктің шалғайда жатқан Созақ ауданына келген гастрольдік сапарында тамашалағандардың қатарында біз де болған едік. Енді, міне, тағы да сәтін салып, өнерпаздармен көгілдір экран арқылы қауышуға мүмкіндік туды.

Бір ерекшелігі – кешті Секеннің өзі керемет жүргізіп, тыңдаушыларын әсерлі әңгімелерімен елітіп, уысында ұстап отырды. Ініміз қара тілдің де хас шебері екен, өткен-кеткен жайларды баяндағанда тыңдап отырып құлақ құрышың қанады. Өзгеге ұқсамайтын дара, бекзат болмысы да оны басқалардан ерекшелеп тұрады.

Өнердегі ұлы ұстаздары – Нұрғиса Тілендиев пен Мәлгаждар Әубәкіровтің адами болмысы мен өнерпаздық қырлары, шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйінің шығу тарихы туралы күйшінің өз аузынан естіген естелігін жұртшылық ұйып тыңдады. «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Жұматай», «Мәлгәждар» күйлері мен «Тарбағатай» әні көңіл толқытты, әдемі әсерге бөледі.

Біз білетін Секен – «сегіз қырлы, бір сырлы» жан. Күйші-композиторлығына қоса, өзі де ән шығарып, сөзін жазып, оны өзі орындайды. Бұл – екінің бірінде кездесе бермейтін өнер. Шешендігі жайлы жоғарыда айттық. Қысқасы, көкірегінде күміс күй күмбірлеген бал бармақ күйші, көмейіне бұлбұл ұя салған асқақ үнді әнші де екен бұл ініміз. Оған концерт барысында көзіміз анық жетті.

Қазақ ұлты қашанда осындай дара ұлдарымен ерекшеленеді. Олай болса, Жаңа Қазақстанның Секен Тұрысбеков сынды өнерлі өрендері көбейе бергей деген бір ғана тілек бар көңілде.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы