Шаруашылық • 15 Мамыр, 2023

Көктемгі егіс қарсаңындағы кикілжің

271 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бұл жолы жер дауы Зеренді ауданынан шықты. Төтен­нен туындаған тайталастың тамыры тереңде жатыр. Егер қос тарап келіспей, келеңсіздік ұзаққа созылып кетсе, пай иелері нәпақасыз қалмақ.

Көктемгі егіс қарсаңындағы кикілжің

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Зеренді-астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизатор­лары егістік алқапқа ылғал жабуға түсер кезде пай иелері қарсылық біл­діріп, жолатпаған. Олар, яки 2 200 гектар егістік алқапқа иелік ететін пай ие­лері «Қошқарбай» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің құрамына кіріп, өз меншіктеріндегі жерді осы шаруа­шылыққа сеніп тапсырып отыр. Өздері­нің айтуларына қарағанда, осы ниет­терін 2022 жылдың 5 сәуір күні Зеренді селосында өткен пай иелерінің кезектен тыс жалпы жиналысында мәлімдеген. Бұл жиналысқа Қошқарбай ауылының тұрғындарынан басқа Бірлестік, Қарсақ, Қызылегіс, Серофимовка, Үлгілі тә­різ­ді бірнеше елді мекенде тұратын 543 адам жиналған. Кезектен тыс жалпы жиналыстың хаттамасында жоғарыда аталған серіктестіктен шығуға 229 адам бел байлап дауыс берген, 314-і қалыс қалыпты.

Міне, осылайша 76 пай иесі «Қош­қарбай» серіктестігіне өздері­нің пай үлестерімен кіретін болып, шаруашылық басшы­лығына жергілікті тұрғын, кә­сіпкер Қайыркен Хасенов­ты сайлайды. Аудан әкімшілігінің қаулысы, жердің мемлекеттік актісі, басқа да қажетті құжаттар тегіс бар. Жалғыз-ақ «Аза­мат­тарға арналған үкімет» мем­ле­кет­тік корпорациясы» КеАҚ-ға жерді пайдалану туралы шартты тіркету керек еді. Міне, осы жерде өз алдымызға ұжым боламыз деген пай иелерін тосынсый күтіп тұрған болып шықты. Мәселенің мәнісі мынада: «Зеренді-астық» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің басшылары пай иелерінің келісімінсіз қыруар жерді банкке кепілдікке қойған. Ал кепілдіктегі жерді қалай аларсыз?

«Қошқарбай» серіктестігінің адвокаты Асқар Әміржановтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік корпора­ция­сы» КеАҚ-ына жаңа жер пайдала­ну шартын тіркеу кедергі болып отыр. Пай иелері өздерінің кон­сти­ту­­ция­лық құқығын пайдалана отырып, бір серіктестіктің құрамынан шы­ғып, екінші серіктестіктің құрамына кіре­ді. «Қошқарбай» серіктестігінің бас­шы­лығы барлық деңгейде жерді пайдалану құқығын рәсімдеген. Аудан әкімдігінің қаулысы шықты. Жаңа жер пайдалану шарты дайындалды. «Зеренді-астық» серіктестігі үш айдың ішінде өзі­нің жерді пайдалану құқығын аудан әкімдігінің жаңа қаулысына және жаңа жер пайдаланушының талаптарына сәйкес келтіруі туралы КеАҚ-ты ха­­бардар етуге тиіс болатын. Алайда атал­­ған серіктестік басшылығы бұл талапты орындаған жоқ. Яғни Қазақстан Рес­публикасы Жер Кодексінің 66-бабы бұзы­лып отыр.

Үстіміздегі жылдың 30 мамыр күні «Қош­қарбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік учаскесінде үлес­­керлердің жиналысы өткізілді. Шын­­­туайтында пай иелерінің көңілі күпті. Өйткені көктемгі егіс басталуға жақын. Жер дауы әлі бір шешімін тапқан жоқ. Осы ауылдың тұрғыны Қасымбек Жылқыбаев пай иелерінің «Қошқарбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төңірегінде топтасқанын қалайды.

– Өз басым «Зеренді-астық» серік­тес­ті­гінің пайшыларға деген көзқарасына риза емеспін. Мысалы, өткен күзде 11 гектар жерім үшін 500 кило арпа-бидай тиді. Мал азығына қажетті сабан да берілген жоқ. Мен осы ұжымда 25 жыл бойы комбайншы болып жұмыс істедім, – дейді Қасымбек Жылқыбаев, – осыдан алты жыл бұрын жұмыстан шығуыма тура келді. Себеп, көктемгі егіс пен күзгі егін орағы кезінде ғана жұмыс істеп, табыс табасың, қалған уақытта жалақы жоқ. Осыдан ке­йін о­тбасымыз болып өзімізге тиесілі жер үлесін «Қошқарбай» серіктестігіне беру туралы шешім қабыл­да­дық. Бұл тартыс өткен жылдан бері жалғасып келе жатыр. Біз, пай иелері жеріміздің банк­те кепілдікте тұрғанын естіп біліп, таң-тамаша қалдық. Бұл тура­­­­лы ешқандай келісім болған емес. Мен жұмыс істеген кезде «Зеренді-астық» серіктестігінің бес рет басшысы ауысты. Кейінгі алты жылда тағы да екі-үш директор келіп кетті. Солардың барлығы ауылдың тұрмыстық жағдайын жақсартамыз деп көл-көсір уәде беретін. Бірі де орындалған жоқ. Оған тіпті дә­лел іздеудің де қажеттігі бола қоймас. Міне, қараңыздаршы осы серіктестік құра­мындағы Айдабол, Қызылегіс, Орта­ғаш, Серафимовка тәрізді ауылдар мүлде жүдеп кетті. Кейбір ауылдардың білім ошақтары жабылуға шақ тұр. Біздің Қош­қарбай ауылы да құлдырауда. Елді мекенде медициналық пункт жоқ. Өткен жылы мектеп жабылып қалды. Жастар көшіп жатыр.

Дәл осындай пікірді механизатор Төлеміс Жанатаев та қуаттайды. Оның да өкпе­сі қара қазандай.

– Зеренді-астық» серіктестігі біздің жерімізді ұзақ жылдан бері жалға алып келе жатыр, – дейді Төлеміс Жанатаев, – серіктестік ауылдардың әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайын жақсарту тарапында ештеңе істемеді. Көктемге егін егіп, күзде жинап алады. Қайтып қарасын көр­мейсің. Міне, осындай жағдайды көріп отырғаннан кейін біз елдің бар ауырт­па­лығын бірге арқаласатын жер­гілікті шаруашылыққа пай үлесімізді береміз деп шештік. Қазіргі уақытта «Қошқарбай» серіктестігінде ме­ха­­низатор болып жұмыс істеймін, жала­қы­мыз уақытында төлейді. Ең бастысы, қысы-жазы жұмыс бар.

«Зеренді-астық» серіктестігі – 8 ауыл тұр­ғындарының пай үлесін біріктіріп, жұ­мыс істеп отырған ірі шаруашылықтың бірі. Жиырма жылдық тарихы бар се­рік­тестік ертеректе «Қазақ экспорт ас­тық» холдингінің құрамында еді. 2021 жылдан бастап «Қазақстан ас­тық» консорциумы құрамында. Кон­сор­циум туралы сайттан ақпарат ізде­се­ңіз, мынандай деректі көзіңіз шалар еді. «Қазақстанның астық консорциумы «Agro Group COLLECTION» кол­лекторлық агенттігімен бірлесіп, «Қаз­экс­портастық» холдингі» компаниялар тобын қалпына келтіру және сауықтыру жөніндегі стратегиялық жоспарды іске асыруда «Қазақстанның астық консорциумы» «Қазэкспортастық» холдингінің берешегін басқа кредиторлардан, бірінші ке­зекте екінші деңгейдегі банктерден дәйекті түрде сатып алады.

«Зеренді-астық» серіктестігінің директоры Қайрат Ахметовтің пікірінше, жер дауы қолданыстағы заң аясында шешілуге тиіс. Серіктестіктің басшысының айтуына қарағанда, Зеренді ауданы әкімдігінің қаулысы, жердің мемлекеттік актісі, жер­ді пайдалану құқығын мемлекеттік тір­кеу және жалдау шарттары негізінде жерді пайдаланудың заңды құқығы «Зе­ренді-астық» серіктестігіне тиесілі. «Қош­қарбай» серіктестігі «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-та жерді пайдалану шарттары тір­кел­меген. Жаңа серіктестікке тіркеуден бас тартылып та отыр. Себебі, жер банк кепілдігінде тұр.

Шын мәнінде бұл «Қазэкспортастық» холдингінің артында қалған бейнеті бесбатпан мұра. Осыдан екі жыл бұрын аталған серіктестік «Қазақстанның астық консорциумы» холдингімен шарт жасасыпты. Консорциум басшылығы ауылға бет бұрмақ. Бұл серіктестік басшысы Қайрат Ахметовтің пікірі.

Алдағы уақытта директордың жеке бастамасы бойынша әрбір өндірістік жылға серіктестік пен пайшылар арасында өзара ынтымақтастық туралы келі­сім­дер жасасу тәжірибеге енгізілмек. Мәсе­лен, әрбір ауылда пайшылар кеңесі құры­лады. Жерді пайдаланғаны үшін сыйақы төлеу бункерлік салмақ есебінен жүр­гізіледі. Бұдан басқа да бірқатар жайлар ескеріледі. Әлеуметтік нысандарды күр­делі жөндеуден өткізу де қолға алын­бақ. Ондай жұмыс Қошқарбай ауылынан басталады.

– Үлескерлердің өз үлестерін беру мәсе­лесіне келетін болсақ, мен олардың ше­шімін құрметтеп қана қоймай, толы­ғы­мен қолдаймын, – дейді Қайрат Ахметов, – өзім де ауыл тұрғынымын, пай иесімін. Сон­дықтан ешкімді ұстамаймын, кедергі де жа­самаймын. Барлығы заң аясында болса екен деймін.

Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Әсет Құрманғожиннің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта «Қошқарбай» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі бас­­­шысының қолында жаңа, жарамды мемлекеттік жер актілері бар. Яғни мем­­лекеттік органдар шартты жер үлесі иелерінің қалауына орай заң шеңберінде жәрдем көрсетпек.

– Акционерлер серіктестік құра­мы­нан шығуға ниет білдірді, жиналыс өткізді, хаттама жасады, – дейді Әсет Құрманғожин, – аудан әкімдігі олар­дың хаттамасы негі­зін­де тиісті қау­лы­лар қабылдады. Рас, «Зеренді-астық» серік­тес­тігінің өкілдері орын алып отырған жағдайлар туралы дер ке­зінде хабардар етпеді. Сондықтан көк­тем­гі егіс басталар­да кикілжің туып отыр.

Қазақстан Республикасы фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Нартай Ысқақовтың пікірінше, Зерендіде орын алған жер дауы жалғыз біздің облысқа ғана тән дүние емес, мұндай ке­лең­­сіз көрініс еліміздің бірқатар аймақ­тарында бар. Жер дауы әрине, жағым­сыз пікір қалыптастырады. Қаупі де аз емес. Ұзақ жылдардан бері жермен жұ­мыс істеп келе жатқан тәжірибелі фер­мердің айтуына қарағанда, кейбір ірі кәсіпорындардың өзі тығырыққа тірелуі жиі. Өйткені үлкен жер телімдерін өңдеу, игеру қиын. Демек, ауылдық жерлерде барлық агротехникалық шараларды талапты сай өткере алатын кәсіпорындар құрған жөн. Ауыл тұрғындары өздерінің шаруа қожалығын ұйымдастырып, өз жағ­д­айларын өздері жасаймыз десе, ке­дер­гі жасамаған жөн. Әрі оларды қолдау керек. Әйтпесе бизнес дами алмайды.

– Үлескерлердің бір серіктестіктен екін­ші серіктестікке ауысу мәселесіне келгенде екі жақтың да уәжін мұқият тыңдап, таразы басына тартқан жөн, – дейді Нартай Ысқақов, – менің ойымша акционерлердің серіктестік құрамынан шығуы әншейін көңіл-күйдің әсері емес, бұл адамдардың бар жағдайды таразы басына тартып, оң-солын барлап, екшеген шешімі. Сон­дық­тан қалай болғанда да олардың ұста­нымын құрметтеп, қабылдаған жөн. Өз басым шаруашылықты сол ауылда тұра­тын адам басқарып, ие болғаны жөн деп санай­мын.

Жер дауының соңғы нүктесін қоюға әлі ерте. Дау-шар бітетін емес, ал көктемгі егіс таяп қалды. Екі жақ бір ымыраға келе алмай, «сен салар да мен салар, атқа жем­ді кім салар?» деп жүргенде, егін егіл­мей қалса, ырыздық кемиді. Бірақ «Қошқарбай» серіктестігінің басшысы Қайыркен Хасенов биыл басы даулы болып тұрған 2 200 гектар жер егілмей қалса да, пай иелеріне ақысын толық төлеймін деп уәде беріп отыр.

Елге егінжайдың егілгені керек. Әйтпесе, өзгесін былай қойғанда, малына азық, тіпті тауығына жем табылмай қалуы ғажап емес.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы