Қоғам • 14 Мамыр, 2023

Әлеуметтік саланың түйткілді мәселелері талқыланды

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің Павлодар облысына сапары барысында денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, жастар саясаты мәселелері, сондай-ақ Президент бастамашылық еткен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы талқыланды.

Әлеуметтік саланың түйткілді мәселелері талқыланды

Павлодар облысының тұрғын­дары үшін медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы – аса өзекті мәселелердің бірі. Бұл көрсеткіштер кадрлар тапшылығы мен оларды дайындау деңгейіне, медициналық жабдық­тар­дың тозуы және денсау­лық сақтау нысандарын салу, жөн­деу және қайта жарақтандыру қажет­тілігіне тікелей байланысты.

Жалпы, Павлодар облысының ауруханаларына барлығы 149 дәрігер қажет. Әсіресе кардиолог, анестезиолог, реаниматолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, терапевт, невролог және инфекционист мамандар аса қажет. Кейбір аудандарда бірде-бір хирург жоқ. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінің атсалысуы арқасында өңірге 96 жас дәрігер келіп, олардың 17-сі ауылдық жерлерде жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 2022 жылы облыста аса қажетті дәрігерлерді даярлауға 71 грант бөлінді, тағы 59 дәрігер жергілікті бюджет есебінен оқуға жіберілді.

Медициналық жабдықтың тозуы (52%), сондай-ақ медици­на­лық техникамен жабдық­тау деңгейі (84%) алаңдаушылық туғызады. Мысалы, Екібастұзда бірде-бір ангиограф жоқ. Осы мәселелерді шешу үшін алдағы үш жылға 4,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Павлодар облысында «Ауыл­дық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін ауылдық елді мекен­дерде 30 медициналық нысан, оның ішінде екі дәрігерлік амбу­латория, 23 медициналық және бес фельдшерлік-акушер­лік пункт салу жоспарлануда. Рес­публикалық бюджет есебі­нен №1 Павлодар қалалық ауруха­на­сының блоктарын реконструкция­лау жүргізіледі.

«Павлодар облысы – еліміздегі алдыңғы қатарлы облыстардың бірі, алайда қазіргі проблемалар туралы ұмытпау керек. Оларды шешу үшін Үкімет өкілдері көмек көрсетуге дайын. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және осы саладағы мәселелерді шешу үшін облыстың денсаулық сақт­ау саласын дамыту бағдар­ламасын әзірлеп, оны іске асыру үшін қаражат бөлу қажет»,   деді Алтай Көлгінов.

Білім беру саласында әлі де шешілмеген мәселелер бар. Павло­дар облысында үш апатты және үш ауысыммен оқытатын сегіз мектеп бар, оқушы орындарының тапшылығы – шамамен 7 мың. 273 білім беру нысанының 162-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жағдайдан шығу үшін сегіз мектеп салу жоспарланып отыр. Олардың жетеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша, біреуі Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен салынбақ.

Одан бөлек Павлодар облысы­ның 115 мектебінде интернет жыл­дамдығы төмен, бұл техника­лық мүм­кіндіктердің болмауы се­б­ебі­нен болып отыр. Бұл мәсе­ленің шешілуі – Үкіметтің бақылауында.

Өңірде тұрғындар балаларын балабақшаға беру үшін кезек күтеді, қазір 9,4 мыңнан астам бала кезекте тұр. Осыған байланыс­ты 2023 жылы 3,4 мыңнан астам балаға балабақша ашуға қаражат бөлінді. Ауылдағы колледждердің 30%-да жабдықтарды жаңарту мәселесі – өзекті. Өнеркәсіп кәсіпорындары оқу орындарына қамқорлық көрсетуде, олардың тапсырысы бойынша мамандар дайындалып жатыр, сол себепті жұмыс берушілер есебінен арнайы техника паркін жаңарту жоспарланып отыр.

«Еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін NEET санатын­дағы жастардың мәсе­лелеріне ерекше назар аудару қажет. Жүргізілген сауалнамалар бо­йынша жұмыссыз жастардың тек 10%-ы мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар болып шықты. Республикада жастарға шағын несие беру бағдарламасы жұмыс істейді, екінші деңгейдегі банктермен бірлестікте іске асырылып жатқан жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы және басқа да қолдау тетіктері бар. Мұның бәрін БАҚ арқылы жастарға жеткізу қажет», деді вице-премьер.

Павлодар облысына сапары барысын­да Премьер-министр­дің орын­басары Екібастұз қаласын­дағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Қайнар» шығар­машы­лық орталығына барды. Аталған кешенде әртүрлі бағыт­тағы үйірмелер жұмыс істейді, олардың ішінде альпинизм, сәулеттік модельдеу үйірмелері, тіпті аннимациялық студия да бар. Мұнда балалар мультфильмдер жасап, оларды дыбыстауға үйренеді.

Облыс орталығында вице-премьер кеңейтіліп жатқан Ш.Шө­кин атындағы мектепке және күр­­делі жөндеу жұмыстары жү­­ріп жатқан №1 қалалық ауру­ханаға барды. Ауруханаға жаңа жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Алтай Көл­гінов республикадағы үздік меди­циналық мекемелердің қата­рына кіретін облыстық онко­логиялық диспансерге де барды.