Спорт • 15 Мамыр, 2023

Техникалық спортқа баулу кенжелеп тұр

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2022 жылы Астанада өткен отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қордаланған маңызды мәселелердің бірі ретінде еңбек нарығындағы техникалық мамандардың тапшылығын атаған еді.

Техникалық спортқа баулу кенжелеп тұр

Болашақ техникалық ма­ман­дыққа мектеп жасынан бейім­деудің бірегей жолы – техникалық спорт түрлерімен шұ­ғылдану, соған назар аударып, оны кеңінен насихаттау. Ал техникалық спорт түр­леріне келсек, ол – өте күр­­­делі мәселе. Егемен ел бол­­ғалы кеңестік қорғаныс са­ла­­сынан еліміз Қорғаныс министр­лігіне ен­шілес болып қал­ған бұрынғы ДОСААФ меке­месі, ғимараттары, базалары мен спорт жабдықтары қысқа мерзімде жекенің қолына өтіп, өзінің бастапқыдағы мақ­сатынан айырылды. Жергілікті әкімдіктердің қарамағындағы Спорт және дене шынықтыру немесе Білім басқармаларына бағынысты техникалық мем­лекеттік спорт бөлімшелері Қара­ғанды, Теміртау, Қоста­най, Рудный, Астана және Қы­зылорда қалаларында ғана сақталған. Елімізде әскери-техникалық мектептер бар де­­­месеңіз, бұл салаға назар ауда­­рып жатқандар саусақпен са­­нарлық. Сондай-ақ олардың ма­териалдық базасы мүшкіл халде. Яки бұл спорт түрі үш бөлек саланың жетегінде бол­ғаннан кейін кенжелеп қа­лып отыр.

Қазіргі таңда техникалық және өндіріспен байланысты қолданбалы спортты дамытуға назар аударғанымыз жөн. Соның ішінде техникалық, әскери-қолданбалы, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорты, биік ғимараттарды күтіп, оның терезелерін тазалауға атсалысатын өндірістік альпинизм және т.б. салаға қажетті дайы­н кәсіби мамандар даярлау қажет. Бұл мамандықтарға еңбек нарығында сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Әс­керге дейінгі даярлық, аза­маттық қорғаныс немесе техника мен технологияны же­тік меңгерген арнайы күш құ­­­рылымдары, полиция, жедел жәрдем, өрт сөндіру техникаларын жетік меңгеретін болашақ мамандардың осы техникалық және қолданбалы спорт түрлерімен қазірден бас­тап жүйелі шұғылданғаны абзал. Олардың жастайынан балалар мен жасөспірімдер спорт үйірмелерінде алған білімі мен тәжірибесі келешекте қоғамға пайдалы білікті кәсіби маман болып шығуына көмектесері сөзсіз. Ал оларды даярлауға мемлекет тарапынан жұмсалған уақыт пен қаражаттың тиімділігі де зор болмақ.

Елімізде автомобиль және мотоцикл спортымен 2175 спортшы айналысса, салалы министрлік, жергілікті әкім­діктер мен автомотоспорт федерациясы бірлесіп, жыл сайы­н 60-қа жуық республикалық жарыс өткізеді. Оның ішінде мотокросс пен картинг жарыс­тары бар. Картингпен алты жастан асқан мектеп оқушылары айналысады. Бұл ретте балалар секциясы Қос­танай және Қарағанды облыс­тарында жергілікті дене шынықтыру және спорт бас­қармалары қарамағында болса, Астана, Қызылорда, Орал, Ақтөбе қалаларында білім бас­қармаларына қарайды, ал Өс­кемен, Шымкент қалаларында Қорғаныс министрлігінің Әс­кери-техникалық мектептеріне бағынады. Бір-бірімен өзара байланыс жоқ үш бөлек салада болған соң, «Аққу, шортан һәм шаян» демекші, бұл спорт түрлерін толыққанды әрі жүйелі дамытуға еш мүмкіндік болмай отыр. Ал ілгерілетуге үйір­ме­лердің қауқары жетпейді.

Осы тығырықтан шығу­дың жолы қандай десек, ең алдымен, жаттығу жұмыстары мен жарысты ұйымдастыру жүйесін бірыңғай спорттық күн­тізбелік жоспармен бір орта­лықтан іске асыру үшін мотокросс және картинг спорт түрлерін жергілікті әкім­дік­тердің салалық Спорт және дене шынықтыру бас­қар­­маларының балалар мен жасөс­пірімдер спорт меке­ме­леріне немесе білім басқар­мала­рының техникалық шығар­машылық орталықтарына беру қажет. Сонымен қатар ма­териалдық-техникалық базасы мен кеңес одағынан қалған спорттық құрал-жабдықтар бү­гінгі за­манға сай жаңартуды талап етеді. Республика бойынша 159 спорттық мүкәммал (картинг, мотоцикл) болса, онымен қазір 554 спортшы айналысуда, яғни бір техникаға 3-4 баладан келеді. Бұл техниканың же­тіспеушілігімен қоса, осы тех­­­никалық спортқа деген жоғары сұраныстың барын да көр­сетеді. Егер балалар мен жас­өспірімдер спорт мектеп­терінен секциялар ашу қолдау тап­са, оның жанынан авиа және судомодель (кеме үлгілеу), ро­бот­­техника, радио спорты, па­ра­шют спортымен қатар жас­тар­ды техникалық спортқа бау­­лу­дың да оң шешімі табылар еді.

 

Нұрпейіс ҚОНЫСБАЕВ,

автомотоспорт жаттықтырушысы

 

АЛМАТЫ