Салтанатты іс-шарада әскери үрмелі аспаптар оркестрінің әуені әуелеп, жиналған жұрт музыкамен бірге көңіл жұбатты. Мемориал кешеніне жиналғандарға «Майдан даласы» алаңында соғыс пен тылдағы ауыр бейнетті бейнелеген театрландырылған қойылым көрсетілді. Сол бір сұрапыл соғыс жылдарын еске түсірген көріністер көпшіліктің жан дүниесін тебірентпей қоймады.
Осы сәтте қала басшысы «Тарихтың бетінен өшпестей орын алған бұл Жеңіс – біздің аталарымыздың, әкелеріміздің, ағаларымыз бен әпкелеріміздің жанымен, қанымен, ерлік рухымен келген ең қастерлі, ең қымбат құндылық. Өйткені фашистік Германияға қарсы Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс қасірет әкелмеген, қайғы шектірмеген бірде-бір шаңырақ жоқ. Қаншама боздақты жер жастандырған, қаншама ошақтың отын сөндірген қан кешу майданында Отан үшін, біздің жарқын, бейбіт болашағымыз үшін майдангер ата-әкелеріміз арын – байрақ, намысын – найза етіп, қаһармандық пен жанқиярлықтың өшпес үлгісін көрсетті. Олар жауға қарсы оқ болып атылып, от болып жанды. Жеңісті жақындатып, қаншама жауынгер майдан даласында мерт болды. Ал алапат соғыстан елге аман оралған ардагерлер бейбіт өмірде де өскелең ұрпаққа ерлік пен еңбектің өнегелі өрісін танытып, адал қызмет етті. Сол ардақты ардагерлеріміздің қатары бүгінде сиреді. Бірақ оларға деген құрмет пен тағзым ешқашан аласармақ емес. Бұл – ерлік, бұл – жеңіс тарихтың алтын әріппен жазылған парағы болып қала береді. Бүгінгі ұрпақ аға буын ардагерлер танытқан қайсарлық пен қаһармандықты, ержүректілік пен елді сүйе білуді үлгі етіп, бойларына сіңіреді» деген сөздермен ойын түйіндеді.
Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғысына шаһардан 23 мыңнан астам азамат аттанса, бүгінде солардын көзі тірі қалғаны – 3-ақ ардагер. Бұдан бөлек 2 мыңнан астам тыл ардагері бар. Осы орайда арамызда қалған сол үш қазыналы қарт майдангерге құрмет көрсету мақсатында қала әкімі ардагерлер Абылай Қазыбаев, Нина Мосунова мен Мұраталы Төлепбергенұлының шаңырақтарына барып, арнайы мерекелерімен құттықтады.
Ғұмырлары бір ғасырға татитын, соғыста да, еңбек майданында да өнегелі із қалдырған қариялардың өмірлері ерлік туралы дастан жазуға тұрарлықтай. Жастық шағын соғыс ұрлаған және жаумен айқасып, қиян-кескі шайқастан аман оралған майдангерлерге қала басшысы ерекше ілтипатын білдіріп, денсаулық пен амандықтарын тіледі. Өз кезегінде қариялар шаңырағына келіп тұрған әкімді жылы шыраймен қарсы алып, ақ батасын беріп, шығарып салды. Еліміздің барша жұртына ашық аспан мен бейбіт өмір тілеп, бата қайырды.
Ендеше, осы үш ардагердің өнегеге толы өмірлері жайлы аз-кем сыр шертсек. Қаланың байырғы тұрғыны саналатын Нина Мосунова соғыста пулеметші, радист болған қарт жауынгер. Нина Мосунова 1924 жылы 9 наурызда Татарстанның Урустамак елді мекенінде туған. 1939 жылы мектеп бітірген соң ауыл шаруашылығы фермасына жұмысқа тұрып, 1940 жылы ферма меңгерушісі болып сайланады. Арада екі жыл өткенде 18 жасқа толған бойжеткен өз еркімен майданға аттанады. 1943 жылы Можайск маңындағы соғысқа қатысқан. Пулеметші болған, 36 әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында радистердің командирі болды. Соғыстан елге ерте оралған ардагер түрлі салада қызмет атқарды. Ал Шымкентте 1948 жылдан бері тұрады. «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде баласынан 2 немере 5 шөбере сүйіп отыр.
Шымкенттік майдангер Абылай Қазыбаев Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Әскер қатарына алынғанда 17 жастағы бозбала еді. Ол жау қолында қалған қалаларды азат ету жолында аянбай күресті. Зеңбірекшілер тобында жүріп, неміс танкісіне қарсы тұра білді. 1945 жылы 1 мамырда Кенигсберг қаласын азат етуге қатысты. Сарбаздық қызметін соғыстан кейін де атқарып, елге 1950 жылдың сәуір айында оралды. Ардагер 1925 жылы қазіргі Қайнарбұлақ ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қызыл әскер қатарына алынып, Ташкент қаласындағы әскери дайындықтан өтті. 219-дивизияның 2-гвардиялық-полкінің құрамында Украина, 3-Беларусь майдандарында соғысып, Латвия, Литвадағы шайқастарда ерлік көрсетті. Арнайы жасақпен бірге 1946-1950 жылдары жаудан азат етілген аймақтарды минадан тазартты. Елге келген соң СМУ-4 кәсіпорнында, Қорғасын зауытында, ТЭЦ-2 мекемесінде жемісті еңбек етті. Соғыс кезінде «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Жауынгерлік қызметі үшін» және басқа көптеген медальмен марапатталды.
Қаратау ауданының тұрғыны Мұраталы Төлепбергенұлы мамыр айында тоқсан сегізінші көктемін тойлайды. Қария өзін әлі тың сезінеді. Қимыл-қозғалысы да ширақ. Бала-шағасынан немере мен шөберелер сүйіп отыр. Қарт майдангер 1925 жылы 20 мамырда Түлкібас ауданының Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қолына қару алып, Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қалаларын азат ету жолында жаумен алысты. Майдандағы ерлігі үшін кеудесіне «Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдары тағылды. Кейін бейбіт заманда Түлкібас МТС-те тракторлық бригадасының бригадирі болып жұмыс істеді. Одан Калинин колхозында есепші болды, ұжымшар фермасының меңгерушісі секілді қызметтерге де араласты.
«Бүгінгі күнімізге шүкір деу керекпіз. Тәуелсіздіктің берген бір сыйы, Құдайға шүкір, халықтың қарны тоқ, ұлттығымызды ұлықтауға мүмкіндік алдық. Елдің азаматтары әрқашан білімді болу керек. Бірінші орында отансүйгіштік тұруы тиіс. Басшылар да халқына адал қызмет істесе деп тілеймін. Әділдік бар жерде қоғам тыныш. Жастар тәрбиесі, олардың ертең жұмысқа тұрып кетуіне жағдай жасау басшылықтың міндеті. Біз соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде ұжымшарды аяққа тұрғыздық. Күніміз егін салып, мал бағумен өтті. Еңбек адамды өсіреді. Сондықтан жас ұрпақтың еңбекқор болғанын қалаймын. Осы алған бетімізден қайтпасақ еліміз келешекте гүлденген бай мемлекет боларына нық сенемін», деді қария.
Осынау шуақты мереке күні қалалық қоғамдық келісім ұжымы да Жеңіс сыйлаған ардагерлерге «9 мамыр – Жеңіс күні! Бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталған ақжолтай күн. Бұл күн – сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының байыз табатын күні. Және де әділеттің әділетсіздікті жеңген күні. Бүгінгі ұрпақтың сіздер сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күн. 9 мамыр – қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі. Жас ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек», деген райда өз тілектерін жеткізді.
Жеңіс күнін тойлау қаланың әл-Фараби алаңында жалғасын тапты. Кешқұрым алаңға жиналған қала жұртына Ә.Нұрпейісовтің «Күткен күн» романы желісімен ашық аспан астында сахналанған қойылымы көрсетілді. Мерекелік концерт танымал өнер жұлдызы Айгүл Иманбаева жетекшілігіндегі өнер ұжымы «А.И.» театры қойылым қойды. Спектакльдің басты рөлдерін Мәдениет саласының үздігі Бағлан Иманғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаева, «А.И.» театрының актерлері Еркебұлан Есіркеп, Анэль Төлегенова, Әмірхан Оразбақ, Ақбота Шойынбек сомдады. Сондай-ақ мерекелік кеште Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Маржан Арапбаевалар сахна төрінде ән шырқады.