Мемлекет басшысының лебізін конференция қатысушыларына Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеткізді. Президент өз құттықтауында «Қазақстан қарқынды түрде өзара тиімді экономикалық, инвестициялық, сауда бағыттарындағы аймақтық және ғаламдық деңгейдегі ынтымақтастықты қолдап келеді» деп атап көрсетті. Президенттің айтуынша, еліміз агроөнеркәсіп кешені, мұнай-химия, металлургия, өңдеу және тоқыма өнеркәсібі, көлік және логистика, қаржы секторы мен туризм салаларында үлкен күш-қуатқа ие. Сондықтан инвестициялық ахуалдың тұрақты дамуы мемлекет саясатындағы маңызды басымдық болып саналады.
«Өткен жылы Қазақстан 28 млрд долларды құрайтын шетелдік тікелей инвестицияларды иеленді. Бұл – соңғы онжылдықтағы рекордтық көрсеткіш. Жалпы, тікелей шетелдік инвестиция көлемі бүгінде 383 млрд долларды құрайды», делінген Президент сөзінде.
Қазір елімізде шетелдік капиталы бар 40 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
«Қазақстан жоғары дәрежедегі кредиттік рейтингтерге ие. Ғаламдық сын-қатерлерге қарамастан, осы жылғы І тоқсанда ішкі жалпы өнім өсімі 4,9 пайызды құрады. Елдің экономикалық тұрақтылығы халықаралық резервтермен қамтамасыз етіледі. Оның көлемі шамамен 95 млрд долларды құрайды. Біз үшін басты мақсаттардың бірі – елдің инвестициялық тартымдылығын барынша арттыру. Қазақстан басқа елдермен инвестицияларды қорғау және көтермелеу бойынша 50-ден астам келісім жасасты. 54 елдің инвесторлары үшін визасыз режім қолданылады. Оның ішінде Жапония, Малайзия, Индонезия және басқа да елдер бар. Инвестициялар туралы келісім инвесторларға 25 жылға дейінгі мерзімге заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді», деді Ерұлан Жамаубаев.
Дерекке сүйенсек, Қазақстан шетелдік инвестициялар ағыны бойынша Орталық Азия мемлекеттері арасында көшбасшы рөлін сақтап келеді.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, ЕАДБ қаржыландыруымен Алматыда ЖЭС-2 модернизациясы, Алматы халықаралық әуежайын кеңейту және Үлкен Алматы айналма автожолын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
«Бұл жобаларға салынған жалпы инвестиция көлемі – 2,2 млрд доллар. Алматы – Қазақстанның мәдени, ғылыми, іскерлік және қаржылық орталығы. Қаламызға ел ІЖӨ-сінің бестен бір бөлігі (2022 жылы – 18,5 пайыз) және мемлекет бюджетінің төрттен бірден астамы тиесілі. Шағын және орта бизнес қала экономикасының 60 пайызын құрап отыр. Республикадағы ірі банктердің 90 пайызы осында шоғырланған және 111 халықаралық ұйым мен компания орналасқан», деп атап өтті шаһар басшысы.
Оның сөзінше, қала басшылығы алдында тұрған үлкен міндет – әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды, технология мен инвестицияны тарта отырып қаланы қауіпсіз және жайлы мекенге айналдыру.
«Басты басымдықтардың бірі – транспорт жүйесін, энергетикалық тиімді тұрғын үйлерді модернизациялау, коммуналдық шаруашылық желілерін жаңғырту сияқты «жасыл» жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру. Біз алдағы уақытта әріптестік пен осындай жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделіміз», деді Ерболат Досаев.
ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов Орталық Азияның экономикалық әлеуеті жоғары екенін, алайда оны іске асыру үшін айтарлықтай кедергілер бар екеніне тоқталды.
«Теңізге тікелей шығатын мүмкіндіктің болмауы Орталық Азияның экономикалық потенциалын толық ашпай отыр. Соның салдарынан жалпы ішкі өнім де құлдырап жатыр. Ол үшін барлық салада транспорттық бағыттарды көбейткен жөн. Каспий теңізіндегі порттар, логистикалық орталықтар, шекарадағы өткізу бекеттері сияқты инфрақұрылымдарды жақсарту қажеттілігі туындап тұр. Өңірдегі сумен жабдықтау және энергия мәселесі де – елеулі қиындықтар тудыруда. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өзге де секторлар көп көлемдегі су ресурсын қажет етеді. Сол үшін Орталық Азия су ресурстарын әлдеқайда тиімді пайдалану үшін өз күшін біріктіруге тиіс деп ойлаймыз. Кейбір факторлар әлі күнге экономикалық даму мен табыс өсіміне тежеу болып тұр. Орталық Азия елдері әлі шикізаттық экспорттық тауарларға және еңбек ресурсына тәуелді. Өңір экспорттайтын табиғи қазба байлық деңгейі Орталық Азия елдерінің бүкіл экспортының 51 пайызын құрайды», дейді Николай Подгузов.
Оның айтуынша, ЕАДБ осы қиындықтарды шешкісі келеді және 2026 жылға дейін өңірге 10 млрд доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.
«Өңірдің дамуына септігін тигізетін жоба ретінде Қырғызстандағы Қамбар Ата – 2 гидроэлектр стансасын айта аламыз. Бұл осы аймақтағы өзге елдер – Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстанға да пайдалы. Сондықтан бұл стансаны салу өте маңызды. Келесі маңызды жоба – «Аягөз-Бақты» теміржол желісі. Бұл Қазақстанның транзиттік потенциалын ұлғайтуға септігін тигізеді. Былтыр Қазақстанға 1,5 млрд долларға инвестиция жасадық. Бұл – біздің банк үшін үлкен сома», деді банк басшысы.
АЛМАТЫ