Бокс • 16 Мамыр, 2023

Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай оқудан шығып қалған

910 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Журналист Ғалым Қожабеков Санжар Тәшкенбайға қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай оқудан шығып қалған

Белгілі спорт журналисі Ташкентте ел намысын қорғап, әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбаймен сапарлас болғаны туралы айтты. 

«Ташкент-Астана бағытында ұшқан ұшаққа мініп, орныма жайғасқаным сол еді, жаныма келіп Санжар Тәшкенбай жайғасты. Содан Астанаға жеткенше біраз әңгімелестік.

Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда оқыған Санжар 17 жасында бокстан Азия және әлем чемпионы болған. 18 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионы атанды. Әңгіме барысында бір әттеген-айы бар екенін де айтып қалды. Мен бір сөзімде қайда оқисың деп қалдым.
 
Ол болса «Ешқайда оқымаймын, 2021 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқытушы-жаттықтырушы мамандығына грантқа оқуға түскен едім. Бірақ оқуым ұзаққа бармады, бірінші курстың ортасынан бастап стипендиямнан айырылдым. Одан кейін сабаққа белсенді қатыспағаным және жазғы практикаға қатыспағаным үшін оқудан шығып қалдым. Ақылы оқуға ауысайын десем қаражат жетіспейді, үйде менен басқа бес бала бар, әкем қарапайым таксист, анам үй шаруасынан босамайды. Бұл кездері мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатына қызу дайындық жүргізіп жүргенмін. Тынымсыз жаттығуларымның арқасында екі жарыста да чемпион болдым. Ал 2022 жылы ересектер арасындағы чемпионатта чемпион атандым. Бірақ оқуымнан шығып қалдым, соған өкінемін, аға» деп көңілінде жүрген бір кірбіңін білдірді», делінген журналист жазбасында.
 
Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай 2021 жылы Польшада өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында бірінші орын иеленгенде Астана әкімдігі оған оқу грантын тағайындаған болатын.