16 Шілде, 2014

Үш жылдан соң зейнетақы төлеудің жаңа тәртібі енгізіледі

328 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
0001-234Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифинг халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама туралы өтті. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, сондай-ақ, осы министрлікке қарасты Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Ақмади Сарбасов пен Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев қатысты. Т.Дүйсенова Елбасының тап­сырмасына сәйкес еңбек және әлеуметтік қорғау саласы заң­на­маларына енгізіліп жатқан өзгеріс жайын баяндап берді. Министрдің айтуынша, заңнамадағы жетіл­дірулер негізінен жеті бағыт бойын­ша жүзеге асуда. Мәселен, кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі мен қорғауды басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар кешені, көші-қон саясатын жетілдіру тұжырымдамасы, азаматтық қызметшілерге жаңа еңбекақы төлеу моделі, зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ, әлеуметтік көмек жүйесін дамыту бағыттары. Осыларды жүзеге асыру арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту басты мақсат болып отыр. Оның оң нәтижесі бүгіннің өзінде байқалуда. Күні кеше ғана жарияланған Статистика агенттігінің ақпаратына сүйен­сек, бүгіннің өзінде еліміз­де жұмыссыздар қатары қысқар­ғаны байқалады. Айталық, Қазақ­стандағы жұмыссыздық деңгейі осы жылдың маусымында мамырмен салыстырғанда 0,1 пайызға азайған. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі брифингте жоғарыда аталған жеті ба­­сымдыққа жеке-жеке тоқталып, сол бағыттар бойынша заңнамада қандай өзгерістер болатынын, алда қандай жұмыстар қолға алынатынын айтып берді. Сонымен, бірініші басымдық бойынша жұмыспен қамту бас­ты назарда болмақ. Бұл ретте «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дар­ламасы іске асырылуда. Ол, біріншіден, инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, екіншіден, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту, үшіншіден, жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша жүзеге асады. Екінші басымдық – еңбек қауіпсіздігін басқару және еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар кешені де ауқымды. Жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды сақтауын қамтамасыз етудің еріктілігін ынталандыру мақсатында да бірнеше жобалар қолға алынды. Оған қоса, заңнамада құқық бұзушылықтың қолданыстағы жалпы үш құрамының орнына жаңа Әкімшілік және Қылмыстық кодекстер шеңберінде құқық бұзушылықтың нақтыланған жаңа 10 құрамы және еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жазалау түрлері көзделген. Бұл жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен мән-жайы ескеріле отырып құқық бұзушылықтың әрбір түріне жаза қолдануды қамтамасыз етпек. Көші-қон саясатын жетілдіру бағытындағы заңнамаларда да біраз оң өзгерістер болмақ. Онда негізінен жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту, ішкі еңбек нарығын қорғау сияқты мәселелерге басымдық беріледі. Сондай-ақ, еңбек ресурстарының сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы да назарда. Эт­нос­тық көші-қон тұрғысынан этнос­тық қазақтарды тарихи Отанына қайтуға ұмтылдыру негізгі ұстаным болып отыр. Біріншіден, олар үшін Қазақстан Республикасына кіру шартын біріздендіріп, жеңіл­дету, екіншіден, этностық қазақ­тарға орналасқан жеріне қарамастан оралман мәртебесін беру көзделуде. Үшіншіден, оралмандардың ел азаматтығын алу мерзімін бір жылға дейін қысқарту ұсынылды. Төртіншіден, этностық қазақтар тұруға Қа­зақ­стан Республикасының солтүстік өңір­лерін таңдаған жағдайда, оларға әлеуметтік пакет беру қарастырылмақ. Министр Т.Дүйсенова зейнет­ақы жүйесін одан әрі жаңғыр­тудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рымдамасы жайына да тоқталды. Реформалаудың бірінші кезеңінде, яғни 2016-2020 жылдары зей­нетақы жүйесін жаңғыртудың құқықтық негізін қалау және бастапқы шаралардың іске асырылуын қамтамасыз ету жоспарлануда екен. Екінші кезеңде (2020-2030 жылдар) жаңартылған зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және зейнетақы төлемдерінің салымшылары мен алушыларының құқықтарын қорғау механизмдерін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Қазіргі кезде базалық зей­нетақы зейнетке шығатын аза­мат­тардың барлығына еңбек өтіліне және алған жалақысының көлеміне қарамастан біркелкі мөлшерде тағайындалады. Ал 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа тәртібіне өту көзделуде. Аталған зейнетақы тек жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Жаңа шартты-жинақтаушы жүйені енгізу қолға алынбақ. Бұл орайда, біріншіден, әрбір жүйеге қатысушы үшін БЖЗҚ-да аударылатын жарналар сомасы мен зейнетақы құқықтары белгіленетін жеке зейнетақы шоты ашылады. Екіншіден, жинақтар шартты болып, жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды. Үшіншіден, зейнетақы жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланыс­ты тағайындалады. Төртіншіден, зейнетақы мөлшері зейнетақы шотында белгіленген жинақтар мен күтілетін өмір сүру ұзақтығына қарай айқындалады. Мемлекет басшысының мүм­кіндіктері шектеулі азаматтарға көңіл бөлуді күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында да біраз маңызды жобалар қол­ға алынған. Бұл ретте 2015 жыл­дың 1 шілдесінен бастап мүмкін­д­ігі шектеулі азаматтардың жәр­демақысы 25 пайызға дейін көтеріледі. Бұл 500 мыңға жуық адамды қамтитын болады, бұған қазір республикалық бюджеттен қосымша 16,4 млрд. теңге қарастырылғалы отыр екен. 2017 жылдан бастап күнкөріс деңгейінің есептеу әдістемесі өзгеретініне бай­ланысты мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың жәрдемақысы тағы 20 пайызға өседі. «Себебі, біз жәр­демақыны күнкөріс деңгейімен есептейтіндіктен, 2017 жылы оның көлемі жоғарылайтын болады», деді министр. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».