Статистика не дейді?
Алматы-Екатеринбург тасжолында жаз шыға тыным жоқ. Төбесіне қайық қаңтарған көлік көбейеді онда. Бағыттары, барар жері көбінде біреу-ақ – Балқаш. Балқаштың газды ауасын сағынып жатқан жоқ. Елдің көзін қыздыратыны – табан күйдірген құмы, дертке дауа тұзды суы. Бұған қарап былайғы жұрт Балқаш туризмнен шайқап ішіп, үріп төгіп отыр деп ойлайды. Ішкені алдында, ішпегені артында деп. Әсте олай емес.
Осыдан үш жыл бұрынғы туристік кластерді дамытуды көздеген кеңесте келісілген тізім бар. Онда елдегі – 50, содан соң туристер үшін 10 тартымды орынға таңба басылған. Сол таңба бойынша олар жыл өткен сайын өркенін өсіруге тиіс-тұғын. Одан бері аттай үш жыл өтті. Пандемияның залалын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ туризм деген тыңға одан кейін де салынған соқадан соң өнім өнбеген секілді.
Сол уақытта ресми деректер Балқаштың жылына 400 мың турист тартуға әлеуеті жетіп-артылатынын айтып, айдай әлемге жар салған. Оған қоса, жылына 130 мың турист келеді деген ақпар да жарқ еткен. Ал бүгінгі деректер оның жарым-жартысындай ғана. Айталық, былтыр Балқаш қаласына барған туристердің ресми саны – 67 295 қана. Бұл, тіпті бұрнағы жылмен салыстырғанда 33,3 пайызға өскендегі дерек. Шетелден шекара асып, арнайы келгендер мүлде аз. Небәрі – 1 056 адам. Оның өзі – 25 есе өскені. ТОП-10-ның ортасынан орынды ойып алған көкше көлдегі туризмнің көсегесін көгертпей жүрген не? Бұл арада «жабайы» туристер есепте емес.
Сервис төмен, инвестор құлықсыз
Мұндағы басты кілтипан – қызмет көрсетуден басталатын туризмнің тетігі. Яғни бұл – сервистің төмен деңгейі, білікті кадрдың тапшылығы, туристік қызметтер нарығындағы жоғары бағалар.
– Бұлар – Балқаш қаласында туризмді дамытудағы негізгі проблемалар. Оған қоса Балқаш қаласында күрт континенттік климат, жыл сайын ауа температурасының төмендігі басым. Осыған байланысты туризм саласындағы қызметтердің кейбір түрі үшін маусым өте қысқа. Бұл туристік қызметтер нарығындағы жоғары бағаларға, кадрлардың ауысуына әсер етеді. Мәселені шешу үшін жыл сайын әр маусымның басында туризм және қонақүй бизнесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін түрлі тренингтер өткізу қажет. Біз Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына туризм индустриясындағы үздік тәжірибелерді, сервис стандарттарын ескере отырып, курорттық ұйымдар үшін кадрларды оқытуды ұйымдастыру туралы ұсыныс жолдадық, – дейді Балқаш қаласы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жанмира Рахпанова.
Балқашта үш және төрт жұлдызды қонақүйлерден бастап, туристің тиімді демалысын қамтамасыз ете-тін орындардың жоқтығы да туризм адымын аштырмайды. Бүгінде көлге қызығып, қаржысын құя салатын инвесторлар да табылар емес.
– Балқаш қаласы туристер легін арттыруда қандай проблемамен бетпе-бет келіп отыр дегенге келсек, бұл – үш және төрт жұлдызды қонақүйлер салуға ықылас білдірген инвесторларды тарту мәселесі. Бұл қонақүйлер ойын-сауық және аттракциондар парктерін, картингтерді, спорттық балалар алаңдарын, жүгіру және велосипед жолдарын қамтуға тиіс. Сонымен қатар аумағында азық-түлік гипермаркеттері, бутиктер, салондар, тамақ ішуге арналған фуд-корттар, бірнеше залы бар кинотеатр, бильярд, боулинг, балалардың ойын-сауық алаңдары және ыңғайлы автотұрақтары бар ірі сауда кешенін салу үшін зәкірлік инвесторларды тартуда кедергілер бар. Туризм саласына инвестиция тарту мақсатында біз «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығына Балқаш өңірінің инвестициялық қажеттілігі туралы хат жолдадық. Сондай-ақ Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының барлық гипермаркеттеріне хаттар жолданды. Бірақ әзірге ниет білдірген инвесторлар болған жоқ, – дейді бөлім басшысы.
Деректер былтыр Балқаш қаласының басында қонақтарды күтіп алуда қызмет жасаған 42 нысан бар екенін айтады. Оларда 826 нөмір бар. Біржолғы сыйымдылығы 2 103 орын екен. Дегенмен ондағы қызмет көрсетудің әлі де жетілдіруді қажет ететінін әркімнің іші жақсы біледі.
Бүгінде қандай жобалар бар?
Ресми мәліметтер Балқаш қаласының бір бөлігін (жағалаудың курорттық аймағын) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілгенін айтады. Ол кәсіпкерге қазірдің өзінде құрылыстың сәулет-кеңістіктік және инженерлік-экономикалық шешімдері жөніндегі ақпаратты көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Балқаш қаласының Тораңғалық, Шұбартүбек кенттерінде туризмді дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатса керек. Балқаш қаласының «Бертіс» шығанағының ауданында 446,558 млн теңге сомасына 61 гектар алаңда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу бойынша жұмыстар 2022 жылы аяқталғанын мәлімдейді.
Мамандардың айтуынша, «Бертіс» шығанағы ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу нәтижесінде 35 гектар жағалау аумағы абаттанып, 26 гектар аумақта туризмнің жаңа объектілерін салу мүмкіндігі туады. Алдағы уақытта осы аумақта туристік объектілерді салу үшін инвесторлар тарту жоспарланыпты. Инвесторлар тартылған жағдайда 7 туристік нысан, оның ішінде, 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер, ойын-сауық және аттракцион парктері, картингтер, спорттық балалар алаңдары, жүгіру және велосипед жолдарын салу көзделеді. Оған қоса қалалық жағажай жағалауы аймағын абаттандыру үшін биыл 4,1 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген екен.
Барлық кластағы ұшақтарды қабылдау және әуежайды халықаралық стандартқа сәйкестендіру үшін Балқаш қаласы әуежайының жекелеген ғимараттарын реконструкциялау және салу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарда тұр. Ол үшін бүгінгі таңда 3,5 млрд теңге сомасына жобалау-сметалық құжаттама әзірленді дейді құзырлы орындар.
Қарағанды облысы