Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев
Міне, фестивальдің ұйымдастырылып келе жатқанына биыл 6 жыл болды. Мамыр айының алғашқы он күндігінде ел азаматтары түгелдей Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылдық округінің Тополевка ауылына жиналады. Жан-жақтан ағылған туристер тұмса табиғат қойнауында, Жетісу Алатауы етегіндегі Теректі өзенінің жағасында тамаша сәттерді бастан кешіп, айналаны ән-жырға толтырады.
Сол күні оннан аса киіз үй мен көк аспан түстес шатырлар тігілді. Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев туристер мен айшықты сәтті тамашалауға келген аудан жұртшылығын өзі бастап ертіп жүрді. Меймандарды осы өңірдің табиғи мақтаныштарының бірі – Сиверс алмасының гүлденуі сәтімен құттықтап, әсем табиғатты тамашалауға шақырды.
«Бұл ғажайып этнофестиваль мен өнім жинауды Қазақстанның жыл сайынғы ұлттық мерекелеріне айналдыру идеясы ата-бабаларымыздың мұрасын және табиғаттың әсемдігі бойынша бірегей құбылысын сақтау мақсатында ұйымдастырылады. Алма ағашқа алғашқы сипаттаманы ботаник Иоганн Сиверс берген. Ол 1793 жылы Үржар өзенінің алқабында алма орманын кездестірген. Кеңес заманында алма ағашының бұл түрін ұзақ уақыт академик Аймақ Жанғалиев зерттеген. Оны халық «алманың әкесі» атаған», деді Ғ.Маманбаев.
Сиверс алма ағашы көктемнің соңғы айларында гүлдейді. Бұл – аламның түпкі атасы. Сондықтан мұндай айтулы шара туристердің, қоғамның, жергілікті тұрғындардың осынау табиғи байлыққа назар аударып, оның жойылып кетпеуіне экологиялық мәдени ықпал етуіне бағытталып отыр. Фестиваль барысында тек Жоңғар Алатауында өсетін емдік өсімдіктердің көрмесі қойылып, халық назарына ұсынылды. Сондай-ақ бал және оның емдік қасиеттері мен пайдалылығын өндірілген өнімдердің көрмесінен тамашалауға болады.
«Еліміздің барлық жері өзіне тән сұлулығымен көркем табиғатымен ерекшеленеді. Соның ішіндегі жердің жәннаты саналатын Жетісудың табиғатына тамсанбайтын адам жоқ. Бүгінгі фестиваль да, Жетісудың тағы бір әсем жері Сарқан жерінде жоғарғы деңгейде өтті. Біздің басты мақсатымыз – жабайы алма тұқымын сақтап қалу. Бүкіл әлемдегі алма осы жерден өсіп-өнген ежелгі түп атадан тарағандығын одан әрі паш ету. Әрине бұдан бөлек экологиялық туризмді дамытуға жағдай жасау», дейді экология және тұрақты даму институтының директоры Құралай Карибаева.
Тау жағалай өсетін бұл жабайы алманың атасын тек саялы Сарқан жерінде ғана кездестіруге болады. Сонау ерте замандағы бор дәуірінен осы күнге дейін сақталып келген жабайы алманың 40-қа жуық түрі Жоңғар Алатауы табиғи ұлттық саябағы аумағында ерекше қорғауға алынған. Бүгінде табиғи саябақтың 38 мың гектарын жабайы Сиверс алмасы алып жатыр. Аталған іс-шара аясында 100 түп алма ағаш көшеті отырғызылды.
«Сиверс алмасын қолға алу, оны сақтау, қорғау, көбейту мақсатында осындай іс-шараларды жүзеге асыру әр азаматтың үлкен міндеті деп есептейміз. Сиверс алмасы – ұлттық паркіміздің негізгі нышаны. Өйткені біздің аумақ сиверстің генетикалық қоры болып саналады. Табиғи саябақ аумағындағы жабайы Сиверс алмасы саябақтың жалпы жер көлемінің 3 800 га аумағын қамтиды. Бұл парк аумағының 1,05 пайызын құрайды. Сиверс алмасы 15 000 мәдени сұрыптың арғы тегі болып табылады. Сирек кездесетіндіктен, ол – Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген түрі. Осы жабайы ағашымыздың емдік қорын сақтауда біздің ұлттық паркте көптеген іс-шара жүргізіледі. Осы мақсатта, ұлттық паркте ғылыми бөліміміз жұмыс істейді. Сондай-ақ Алматы және Талдықорған қалаларындағы ғылыми институттармен бірлескен ғылыми жұмыстар жүргіземіз. Бұл мерекеге Сарқан ауданы тұрғындары мен қонақтарын есептегенде 5 000-ға жуық адам қатысты», дейді Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Бас директорының орынбасары Нұрболат Ноғайбек.
Фестивальге келген меймандар Жетісу шеберлері дайындаған қолөнер бұйымдары қойылған «Алтын Адам» көрмесін аралап, одан кейін тұмса табиғаттың көрікті де көркем жерлерімен танысты. Тау қойнауындағы ерекше бітімді басқосуға жиналғандар қазақтың салт-дәстүрлерін, тартысқа толы сан алуан жарысының куәсі болды. Бұдан бөлек ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, жиылған жұрттың көңілін көтерді.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, жас эстрада жұлдызы «Kalifarniya» және «Қазақстан дауысы» мега-жобасының қатысушысы, ерекше дауыс иесі қалың көпшілікке Qanay есімімен танымал Нұрболат Қанай келіп, әсем әннен шашу шашты.