Қарағанды облысында онкогематологиялық аурулары бар науқастарды тексеруге және емдеуге 2,9 млрд теңге бөлінді. Медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмек көрсету арқылы 2,7 млрд теңге және МӘМС пакетінен 200 млн теңгеден аса қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
Қан аурулары бар науқастарды емдеу гематология орталығында өтеді. Орталық Қарағандыда 2018 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істейді. Биыл Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының гематология саласындағы құзыреттілік орталығы ретінде жеке ғимаратқа көшкенін атап өткен жөн. Бұл орталықта қан ауруымен сырқаттанған науқастардың диспансерлік есепке дейінгі барлық кезеңді өтуіне мүмкіндік жасалған. Мұнда күндізгі және сырттай кеңес беретін амбулаториялық емдеу, тексеру кезеңі және тәулік бойы немесе күндізгі стационарда емдеу топтастырылған. Орталық дерегіне сүйенсек, орталықтың тәулік бойғы және күндізгі стационарларында Қарағанды, сонымен қатар басқа облыстардан 2 мыңнан аса адам ем алыпты. Оның 73-76 %-ы қан қатерлі ісігі бар науқастар екен.
– Стационарды алмастыратын көмекке басты назар аударылды. Күндізгі стационарда бізде 16 төсектік орын бар. Бұл диагностикалық және емдік шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Науқас емделіп оралады, осылайша біз ауруханаішілік инфекциялар қаупін азайтамыз. Қазір тәулік бойы ауруханаға тек ауыр науқастар – жедел лейкозбен ауыратындар жатқызылады. Химия және жоғары дозалы терапия жүргізіледі, – дейді гематология саласындағы құзыреттілік орталығының директоры Ирина Баландинская.
Тәулік бойғы стационардағы науқастар бір орынды палатада емделеді. Оның әрбірінде желдету жүйесі бар. Әр палатада қажеттілік туындаған кезде жедел жан сақтау бөлмесі етіп жабдықтауға барлық жағдай қарастырылған.
Қарағанды облысы