Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Аталған патология баланың толық дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, сыртқы ақауларды тудырады. Бұл жағдайда хирургиялық араласуды кешіктірсе, ауыр мүгедектікке соқтыруы мүмкін. Балаға операция жасау үшін Ресейден Г.И.Турнер атындағы Балалар травматологиясы мен ортопедиясының ұлттық медициналық зерттеу орталығының директоры Сергей Виссарионов арнайы келді.
Бұл баланың анасы ультрадыбыстық зерттеу арқылы жүктілік кезінде бала омыртқасының деформациясы туралы білген. Туғаннан кейін дәрігерлер ата-анасына омыртқа бағанына операция міндетті түрде және мүмкіндігінше тезірек қажет екенін айтқан. Содан бандаждарды және басқа да консервативті емдеу әдістерін қолданғаны нәтижесіз болғаннан кейін, баланың ата-анасы хирургиялық жолға жүгінуге шешім қабылдады. Жаңа әзірлемемен операция жүргізу мүмкіндігі туралы хабардар болған соң, пациенттің ата-анасы академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына хабарласқан.
«Құрсақтағы бала омыртқасының деформациясын ультрадыбыстық көмегімен анықтау үшін маманның жоғары біліктілігі ғана емес, сонымен қатар өте жақсы жабдық қажет. Сонымен қатар ультрадыбыстық маман омыртқаның туабітті деформациясына назар аударуы керек, туа біткен ақаулардың қандай нұсқалары мен түрлері бар екенін білуі керек», – дейді, профессор С.Виссарионов.
Туғаннан кейін потологияны анықтау үшін дәрігерлер барлық аналарға баланың үш айлық жасында міндетті түрде травматолог-ортопедке баруды ұсынады.
«Бүгінгі хирургиялық араласу біз жоспарлаған көлемде жасалды. Бұл операция барысында арнайы пациент үшін 3D принтерде басып шығарылған жеке бағыттаушы шаблондар қолданылды. Осы бағыттағыштар арқылы біз металл конструкциясының тірек элементтерін дәл және дұрыс орнаттық. Бұл операция уақытының қысқаруын қамтамасыз етті, балаға сәулелік жүктемені едәуір азайтты, операцияның жарақатын төмендетті және ең бастысы бекіту металының ұзындығы қысқарды», – деді профессор.
Бұл әзірленген әдістің бірегейлігі – баланың ерте жасында жасалған бір операцияның нәтижесінде дәрігерлер омыртқаның туа біткен қисаюын толығымен түзетеді және бір ғана операцияда баланың одан әрі өсуі мен дамуына қолайлы жағдай жасайды.
«Біздің тәсіліміз және омыртқа-қозғалыс сегментінің тұрақтануын орындау 5 күннен кейін аяққа тұруға, жүре бастауға, омыртқа бағанының жаңа жағдайына бейімделуге және операциядан кейін 7-10 күннен кейін үйге оралуға мүмкіндік береді. Біз операция жасаған ең жас пациент 9 айлық бала болған», – дейді С.Виссарионов.
Жыл сайын Қазақстанда мамандар омыртқа бағанының қисаюы бар 40 мыңнан аса пациентті анықтайды, оның 83%-ы – жасөспірімдер мен балалар.
Неліктен омыртқаның туабітті деформациясы пайда болады деген сұраққа Сергей Виссарионов: «Әдетте туа біткен кемістіктер ананың жүктілігінің бірінші кезеңінде, омыртқа бағанын құрайтын элементтер қалыптасқан кезде пайда болады. Бұл – жүктіліктің бірінші триместрінде болатын созылмалы аурулар немесе осы уақытқа дейін болатын жіті жұқпалы аурулар, сондай-ақ омыртқаның сүйек құрылымдарына зақым келтіретін және ақырында қалыптан тыс дамыған омыртқа пайда болатын экологиялық қолайсыз факторлар. Осы қалыптан тыс дамыған омыртқаның әсерінен деформация пайда болады», деп жауап берді.
Аталған операция Г.И.Турнер атындағы Балалар травматологиясы мен ортопедиясының ұлттық медициналық зерттеу орталығы мен академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарт аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды.