Аймақтар • 16 Мамыр, 2023

Керекудегі кең ауқымды жаңарту

216 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Екібастұздың жылу жүйесі мен жылу-энерго орталығындағы жабдықтарды жаңғыртуға биыл 26,3 млрд теңге жұмсалмақ. Жергілікті бюджеттер мен Үкіметтің резервінен 19 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. «ОАЭК» АҚ және ERG компанияларымен жасалған меморандумдарға сәйкес биыл Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында жалпы ұзындығы 49 шақырым жылу құбырлары, энергия көздеріндегі 40-қа жуық қазандық жабдығы жаңарады.

Керекудегі кең ауқымды жаңарту

Бұған дейін жазғанымыздай, өңір­дің үш қаласындағы жылу желі­ле­рі­не, ЖЭО-ларға гидравли­ка­лық және температуралық сынақ жүр­гі­зі­ліп, Павлодар мен Екібастұз ша­һар­ларында бұл жұмыстар толық аяқ­талды. Қазіргі күні жөндеу брига­далары толыққанды жұмыс цикліне көшіп, қаусап тұрған жылу құбырларын ауыстыруға кірі­сіп те кеткен. Өңірлік энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­лық басқармасының басшысы Ержан Салханов Екібастұздағы апат үшін кінәлі тұлғалар қатарында аталып, лауазым иесіне қатаң сөгіс жарияланса да, әзірше орынтағын босат­қан жоқ. Бұл әкімшілік жаза басқар­маның жөндеу жұмыстарын үйлес­тірудегі әрекеттеріне оң әсер етеді деген үміттеміз. Былтырғы салғырт­тық қайталанбай, алдағы ауқым­ды жаңарту іс-шаралары орнымен іске асса, к­е­лер қысты Кереку жұрты еш уайым­сыз өткізетініне сене беруге болар.

Е.Салхановтың мәліметінше, сы­нау­­лар нәтижесінде анықталған за­қым­­дануларды жамап-жасқау, қажет болса құбырды ауыстыру шаруа­лары көше­лерде жүргізіліп жатыр. Мысал үшін, Павлодар қаласы бойын­ша жылу құбырларынан 258 зақым­дану тір­ке­ліпті.

Үкіметте аталып өткендей, Ертіс-Баян өңіріндегі жылу желілерінің тозуы 82 пайызды құрап отыр. Екі­бас­тұздағы алапат апатты ескерген министрліктер жыл басында аймақ­тың жылу жүйесіндегі тозу көр­сет­кішін аз да болса азайту үшін бұрын-соңды болмаған қаражат бөлеміз деп уәде еткені есімізде. Үкімет резер­вінен, облыстың және Екі­бас­тұз қаласының қазыналарынан бө­лінген қаражаттардың басын қос­сақ, жалпы сомасы 18,9 млрд теңге шығады. Биыл «ОАЭК» компа­ния­сы көмірлі шаһардағы жылу желі­лерін және Екібастұз жылу-энерго ор­талығындағы бірнеше қазандық агре­гатын коммуналдық меншікке, яғни мемлекет иелігіне өткізгені мә­лім. Әлгі қаражаттың 11,5 млрд тең­гесі тұп-тура жылу желілерін жа­ңар­­туға жаратылады. Тағы 7,4 млрд теңге жылу кәсіпорнындағы су жылыт­қыш 5 қазандықты күрделі жөндеуге бағытталмақ. Ал облыс әкімдігі мен «ОАЭК» арасындағы меморандумға сәйкес кәсіпорын иелері тағы 5 бу қазандығын жөндеу үшін 7,4 млрд теңге бөлуі керек. Осылайша, жалпы сомасы 26,3 млрд теңге бір ғана Екі­бастұздағы жылу жүйесін алдағы қыс­қа сай етуге жеткілікті болады.

– Павлодар облысы бойынша ЖЭО-лардағы 40 технологиялық жабдық, 12 энергиялық блок, 19 қазандық, 6 турбина, 3 түтін мұржасын модернизациялау жоспарланып отыр. Үш қалада жалпы ұзындығы 49 шақырым жылу құбырлары жаңартылады. Оның ішінде Екібастұзда – 17,2, Павло­дар­да – 18,9, Ақсуда 13 шақы­рым магис­тралдық желілер ауыстырылады деп жоспарланған. Қазіргі күні орам­ішілік, магистралдық жылу құбыр­ларын жөндеуге бригадалар кірісіп кеткен. Алайда кейбір үйлерде басқару формаларының жоқтығы мәселе тудырып отыр. Бұл орайда қалақұраушы ірі кәсіпорындарды іске қостық. Мысал үшін, Екібастұзда көпқабатты 186 үйде басқару формасы тіркелмеген, оларды дайындауды жергілікті еңбек ұйымдарының қолына тапсырдық. Біз қалалардың жылу беру саласындағы осал тұстарын жақсы білеміз. Алдағы жылдары Павлодар қаласының оңтүстік бөлігінде жылу жетіспеушілігі ықтимал екенін ескере отырып, ERG компаниясымен №8 бойлер қондырғысын реконструкция­лау бойынша келісімге келдік. Жоба биыл іске асып, қалаға қосымша 118 Гкал жылу беру мүмкіндігі пайда болады. Сондықтан алдағы бес жылда қазіргі қосылған тұтынушылар үшін жылу энергиясы бойынша тапшылық болмайды деп болжап отырмыз, – дейді Е.Салханов.

Облыс орталығындағы жылу желі­ле­рі мен ЖЭО-ларға техникалық аудит жүргізген «Павлодартехэнерго» ЖШС басшысының орынбасары Сергей Олейник шаһардағы жылу желі­лерінің жалпы ұзындығы 800 шақы­рымды құрайтынын, оның 450 ша­қырымы «Павлодар жылу желі­ле­рі» мекемесіне қарайтынын айтады. Маман облыс орталығында Екі­бастұздағыдай төтенше жағдай орын ала қалса, оның ауқымы дәл сондай бол­майтынын айтады. Себебі Пав­ло­дар қаласында бүгінде 3 ЖЭО бар. Бірі істен шықса, шаһарға жетпеген жылу жү­йесін екіншісіне қосылып алуға әбден болады.

«Севказэнергопром» ЖШС-нің басшысы Владимир Пешков та осындай пікірді ұстанып отыр. Себебі бұған дейін облыс орталығында жүйелік апаттар бірнеше мәрте орын алып, жылу беру стансалары бір-біріне көмектескен. 2018 жылы қақаған қыста Малайсары көшесіндегі ЖМ-10 құбырында компенсатор үзіліп, ақау шыққан жерді жөндеушілер екі тәулік бойы таба алмаған. Осы уақыт ішінде бұл маңайдағы тұрғын үйлер өзге жылу желілеріне қосылып, қатып қалудан аман қалды. №1 ЖЭО-дан шығатын негізгі жылу құбыры аязда шытынап, ортасынан қақ жарылды. Бұл уақытта да қала халқы ауыстырып қосулардың арқасында апатты сезінбей қалды.

– Дейтұрғанмен, қаладағы үш ЖЭО-ның техникалық жағдайы әр­түр­лі. Мәселен, №3 стансада кейінгі жыл­дары жаңадан 4 қазандық турби­насы орнатылды. Озық технология­лар бо­йынша бұл кәсіпорын алда ке­леді. ЖЭО-2-дегі жабдықтар ескір­ген. Кезінде бұл станса жанынан қалаға №4 ЖЭО салынатын болып жоспарланған екен. Ал қолданыстағы №3 ЖЭО алюминий зауытының аума­ғын­да, ERG компаниясына қарай­ты­нын айтып өтейік. Оның жағдайын қанағаттанарлық деп есептеуге болады, дейді маман.

Негізі норматив бойынша жылу құбырларының қолданыс мерзімі – 25-30 жыл. Алайда Павлодардағы жылу желілерінің кейбірі 50 жылдан бері ауыспаған. Темір құбырлардың шіруі, яғни қабырғаларының жұқаруы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Құбыр ішінде ыстық судан пайда болатын ша­йындылар да тозуға үлкен әсер етеді. Ал құбырдың жұқаруы бастапқы піші­нінен 50 пайызға аспаса, ол жылу беруге жарамды деп есептеледі екен. Жер­гілікті желілердің көбі желіне-желіне, пышақтың қырындай ғана болып қалғаны мамандарды шошытып отыр. Гидравликалық сынаулар кезінде әдеттегі қысым екі есеге көтеріліп беріледі. Сол уақытта осал тұстар сыр беріп, ыстық су әбден жұқарған тұстарды жарып шығады. Маман­дардың тіліндегі ағымдағы жөн­деу сондай зақымданған жерлерді жамап-жасқауды білдіреді.

Жергілікті желілердегі тозу көрсет­кішін қуып жету үшін бір ғана Павлодар қаласында жыл сайын кемі 10-11 шақырым құбырларды ауыстырып тұру керек екен. Алдағы жылдары биылғыдай қарқын сақталса, көп ұзамай тозуды барынша төмендетуге болады деп санайды мамандар. Тек бір ескеретін жағдай, облыс орталығында кейінгі жылдары құрылыс қарқыны өсе түсуде. «Достық», «Сарыарқа» шағын аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер қарқынды салынып, «Спорт-сити» қалашығында жаңадан зәулім ғимараттар бой көтеруде. Бұған қоса «Жастар» шағын ауданын салу да көзделіп отыр. Мұның барлығы келешекте жылу тапшылығын тудыратыны даусыз. Сондықтан жылу кәсіп­орын­дарының басшылары ең әуелі қала көшелеріндегі 800 милли­метрлік орталық жылу магистралдарын жаңартуға басымдық берген жөн деп есептейді. Биыл ша­һар­дың бірнеше тұсында осындай үлкен құбырлар ауыс­тырылады. Мұндай магистралдық құбырларды жаңарту жобаларының құны да қымбат, бір шақырымына 1 млрд теңге жұмсалатын көрінеді. Осыны ескере отырып, алдағы жыл­дарда бұл бағытқа бөлінетін қаражат­тар­ды еселей түсу көзделіп отыр.

Айтып өтейік, жүргізілген тексеру­лер­дің алдын ала нәтижелері бо­йынша Екібастұздағы апатқа жылу орталығының қызметкерлері кінәлі деп танылған. Әйтсе де жылу саласына жауаптылар төтенше жағ­дай­ға адами фактордан бұрын, жылу жүйесінің әбден тозғаны себеп болғанын мойындамасқа болмайды дейді. Қазіргі міндет – шаһардың жылу желілеріндегі осал тұстарды реттеп, жылу беретін мекемедегі жаб­дық­тарды жаңарту. Тозып тұрған барлық құбырды бір сәтте ауыс­тырып шығу қаржылық және физикалық тұрғыдан мүлде мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан жаңарту жұмыстары биылғыдай қарқында жалғаса берсе, алдағы төрт-бес жылда көмірлі қаланың жылу жүйесі апатсыз режімде жұмыс істеуге қабілетті болуы әбден мүмкін. Апаттан соң дүрлігіп қалған жұрттың көңілін басуға осының өзі де жеткілікті.

 

Павлодар облысы