16 Шілде, 2014

Кең ауқымды екіжақты ынтымақтастық жалғасады

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қырғызстанға ресми сапары шеңберінде сол елдің сыртқы саясат мекемесінің басшысы Эрлан Абдылдаевпен кездесті, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі. Келіссөздер барысында Қа­зақ­стан-Қырғызстан екіжақты ынты­мақтастығының қазіргі жағдайы мен мүмкіндіктері, өңірлік ықпалдастық пен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды. Сауда-экономикалық, инвес­ти­циялық, ауылшаруашылық және су-энергетикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүм­кіндіктерін талқылау ерекше назарға алынды. «Елдеріміздің эконо­микалық ынтымақтасуына зор мүм­кіндіктер бар. Бізге сауда-эконо­микалық қатынастарды тереңдетіп, өзара сауданы барынша ынталандыру қажет», деп атап өтті Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. Сыртқы істер министрлері өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі мемлекеттердің көпжақты ықпалдастығының деңгейі мен мазмұнына қанағат білдірді. «Қазақстан мен Қырғызстанның ха­лықаралық аренадағы серіктестік қаты­настарын және екі мемлекеттің бас­тамаларына өзара қолдау көрсе­тетінін атап өткім келеді», – деді Е.Ыдырысов. Келіссөздердің басты қоры­тын­­дысы екі ел арасындағы саяси сұх­батты нығайтуға мүмкіндік беретін Қа­зақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2014-2015 жылдарға арналған ынты­мақ­тастық бағдарламасына қол қойы­луы болды. Сапары шеңберінде Ерлан Ыды­рысовтың Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесуі және Орталық Азия елде­рі мен Жапония сыртқы істер минис­трлерінің кездесуіне қатысуы жос­парланған.