Соңғы он шақты жылда елдегі газ тұтыну көлемі 9-дан 21 миллиард текше метрге дейін өссе, газдандыру деңгейі 59 пайызға әрең табан тіреді. Нәтижесінде, қазіргі тұтынудың белсенділігі мен 2000 жылдан бері өспеген газ қоры тапшылыққа әкелді. Тауарлық газдың жетіспеушілігіне газ тасымалдау желілерінің тозуы қосылып, энергетикалық қауіпсіздігімізге сын-қатер төнді. Өткен жылы сұраныстың артуына және ауа райының қолайсыздығына байланысты газ тұтыну сағатына 4 миллион текше метрден асып жығылған. Ел тұрғындары былтыр тәуліктік эквивалентте 82 млн текше метр газ тұтынса, биыл бұл көрсеткіш шамамен 100 млн текше метрге жетті.
Газды шектен тыс қолданудан бөлек, газ қызметінің жұмысына қыстың да қаһары тиді. Биылғы жылдың алғашқы апталарында «ҚазТрансГаз Аймақ» апаттық-диспетчерлік қызметіне тұтынушылардан 6 686 өтінім келіп түскен. Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 76 бригаданың қызметкерлері тынбай еңбек етті, қосымша 52 бригада жұмылдырылды. Күзгі-қысқы кезеңде ішкі нарықты газбен үздіксіз жабдықтауға барынша тырысқан «QazaqGaz» компаниясының іс-шаралары жағдайдың біршама тұрақталуына мүмкіндік берді. «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басшысы Санжар Жаркешовтің айтуынша, қазір 2023-2024 күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық басталып кетті. Бұл ретте жіберілген қателіктер қайталанбауы үшін жүйелі шаралар қабылданып, келесі маусымға кем-кетіктерді түзету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. «Қазірдің өзінде 2023-2024 күзгі-қысқы жылыту маусымында халықтың сұранысын қамтамасыз ететін жұмыс штабы құрылды. Бұған дейін орын алған төтенше жағдайларды ескеріп, халықты газбен үздіксіз жабдықтау шараларына алдын ала қамдану үстіндеміз», деді ол.
Өткен жылы газдың ресурстық базасын ұлғайтуды көздейтін бірқатар қадамдар жасалды. Компания газды барлау мен өндірудің барлық перспективалы жобаларын шоғырландыру үшін «Амангелді Газ» серіктестігін қайта құрып, жаңа бөлімше ашты. Геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын игеруге оннан астам лицензия алу мақсат етіліп отыр. Барлау және өндіру жөніндегі жол картасы шеңберінде ресурстық базаны 700 миллиард текше метрден астам газға ұлғайту көзделген. Сол секілді былтыр тамыз айында Қашаған газ өңдеу зауытын салу жобасы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына берілді. «QazaqGaz» жобаны өз қаражаты есебінен қайта жандандырып, нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарын едәуір ілгерілетті. Қазірде «QazaqGaz» Маңғыстау, Атырау және Алматы облыстарында газ көлігі инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жалпы құны 455 миллиард теңгеден асатын басым жобаларды белсенді іске асырып жатыр. Өңірлерді дамытудың кешенді бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жобалардың стратегиялық және әлеуметтік маңызы зор.
Алдыңғы жылдары елімізде газ саласын дамыту туралы жүйелі көзқарас қалыптаспады. Осыған байланысты «QazaqGaz» газ саласын дамытудың жаңа құжатын әзірлеп, оның дамуын ынталандырудағы өз рөлін айқындады. 12 бағытты және 50-ден астам жобаны қамтитын даму стратегиясын іске асыру тұрақты газ нарығын құруға, қызметтің барлық саласында құндылықты айқындауға және компанияны IPO-ға сәтті шығуға дайындай отырып, ұйымның тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар елімізде газдың стратегиялық резервтерін құру мақсатында компания Энергетика министрлігімен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған қолданыстағы газ қоймаларын кеңейтуге және жаңа жерасты газ қоймаларын құруға бағытталған жол картасын әзірледі.
Келесі өзекті міндет ‒ саланың шығынсыздығы мен инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шығыстарды оңтайландыру нәтижесінде «QazaqGaz» қарызы 26 пайызға азайған. Дегенмен ұлттық компанияның ішкі нарықта тауарлық газды көтерме сату қызметі газды жеткізудің жоғары құны мен төмен рентабельділігіне байланысты шығынды болып қалуда. Газ экспортынан түскен кірістер көптеген жыл бойы ішкі нарықта қолайлы бағаларды сақтап келді. Бірақ ішкі нарықта газға қажеттіліктің артуына байланысты экспорттан түсетін пайда азайып жатыр. Осы түйткілді шешу үшін «QazaqGaz» өткен жылғы желтоқсанда тиісті заңнамаға енгізуге: газ тұтынушылардың ірі коммерциялық тұтынушылар мен майнерлерге қатысты екі жаңа санатын айқындау; тұтынушылар үшін тауарлық газға баға белгілеу механизмін өзгерту; мүлікті балансқа немесе сенімгерлік басқаруға қабылдау кезінде тауарлық газды тасымалдауға бекітілген тарифтерді өзгерту; жыл сайынғы түзету мүмкіндігімен 5 жылдық кезеңге тауарлық газға көтерме бағаны бекіту; жер қойнауын пайдаланушылардан газдың жаңа көлемін сатып алу бағасының ынталандырушы формуласын қолдану жөнінде бастама көтерді.
Әлемде қалыптасқан экономикалық және геосаяси жағдайға қарамастан, еліміздің газ саласы өткен жылы тұрақты даму мен өсу үдерісін көрсетті және бұл қарқынның сақталуына барынша күш салынады. «QazaqGaz» ұлттық газ компаниясы рейтингінің ВВ-дан ВВ+ дейін жоғарылауын жетекші S&P Global Ratings агенттігі растады. Агенттіктің хабарлауынша ұлттық компанияның қаржылық көрсеткіштері тұрақты. Оған ел Үкіметінің газдандыру қарқынын арттырып, «жасыл экономикаға» бет бұруы негіз болды. 2018 жылдан бері газға деген сұраныстың 50 пайызға өсуіне байланысты газ энергетикалық тұрақтылықтың басты құрамдас бөлігіне айналып отыр. Сәйкесінше, ұлттық газ компаниясына артылған сенім жүгі салмақты бола бермек.