Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»
Ізденіс қиындықты жеңеді
Өкінішке қарай, еліміздің аграрлық саласында жүйелі жұмыс жүргізілмегендіктен, кейінгі жылдары азық-түлік тауарлары толассыз қымбаттап жатыр. 2022 жылы қант тапшылығы туындады. Биыл пияз бағасы шарықтады. Барлық өңірде азық-түліктің қымбаттауы байқалды. 2021 жылы елімізде азық-түлік инфляциясы 8,5 пайызды құраса, былтыр 24 пайызға жетті. Өткен жылы азық-түлік бағасы орташа есеппен алғанда 25,3 пайызға өскен. Соның ішінде жемістер мен көкөністер бір жылда 21 пайызға қымбаттады. Сүт өнімдерінің бағасы бір жылда 31,3 пайызға өссе, 2021 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда ет және ет өнімдері 16,6 пайызға қымбаттаған. Макарон өнімдерінің жыл сайынғы бағасының өсуі 42 пайызды құрады.
Үкімет пен жергілікті әкімдіктер әкімшілік жолмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тежеумен айналысып жатыр. Тіпті сауда үстемесі 15 пайыздан аспайтындай тәртіп орнатып, жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауға алса да бұл тәсіл нарық жағдайында қауқарсыз болып шықты. Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаны тұрақтандыру тетігі ретінде «форвард» ұғымын енгізуді көздейтін тетіктер үлгісін ұсынып жатыр. Бірақ түпкілікті түрде азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге және оған халықтың қолжетімділігін жасай алар емес. Бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы бар. Ол – сұранысқа лайықты ұсыныстың болуы. Яғни тұтынушыларға сапалы, жеткілікті көлемде және бағасы қолжетімді азық-түлік тауарларын өндіру, өңдеу, сақтау, сауда нүктелеріне жеткізу.
Тоқсаныншы жылдардан бастап аграрлық саладағы жүргізілген реформаларда көптеген қателік жіберілді. Салдарынан ауыл шаруашылығы мен оның өңдеу саласына орасан зиян келді. Кейінгі жылдары аграрлық саланы ел экономикасының локомотиві ретінде дамыту туралы аз айтылған жоқ.
Талай бағдарлама әзірленіп, қыруар қаржы жұмсалды. Бірақ өзгеріс шамалы. Ел экономикасында мұнай өндіру ішкі жалпы өнімнің 14,45 пайызын құрады. Ал аграрлық сала 1990 жылы ішкі жалпы өнімнің 34 пайызын құрағанын ескерсек, аграрлық экономиканың мүмкіндіктерінің мол екенін байқауға болады.
Елімізде бекітілген жылдық физиологиялық нормаларға сәйкес (2016 жылы) нан өнімдері нормасы – 109 кг, ет – 78,4 кг, сүт – 301 кг, жұмыртқа – 265 дана, балық – 14 кг, картоп –100 кг, көкөніс және бақша өнімдері – 149 кг, жеміс-жидек –132 кг, өсімдік майы – 12 кг, қант 33 кг болып бекітілген-ді. Ал Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы дерегіне сүйенсек, ел тұрғындары нан (+24,8 кг) мен қантты (+11 кг) нормадан көп пайдаланған. Бұл – кедейшіліктің белгісі. Ет пайдалану 3,9 кг-ға көп. Ал басқа көрсеткіштер физиологиялық нормадан төмен. Мысалы, сүт 57,8 кг-ға, картоп 53,6 кг-ға, көкөніс 68,4 кг-ға, жеміс-жидек 55,2 кг-ға, жұмыртқа 71,1 данаға кем. Статистикалық деректер шынайылықтың шамалы екенін ескерсек, ел бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің орындалмай жатқанын көруге болады.
Қаулыдан қауқар болмай тұр
Сансыз бағдарлама мен ұзақмерзімді тұжырымдамаларды қабылдай бергеннен нәтиже шықпай тұр. Бұл проблеманы шешуге арналған ең маңызды құжат – Үкіметтің осыдан бір жыл бұрын қабылданған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспарын бекіту туралы қаулысы.
«Азық-түлік тауарларының физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін дамыту» деген пунктте жоғары рентабельді (майлы, көкөніс, бақша, жемшөп) дақылдардың алқаптарын ұлғайтуды көздейтін өсімдік шаруашылығында әртараптандыру жүргізу, 2022-2024 жылдары аталған өнімдердің көлемін ұлғайту көзделген. Ал норманың жартысына да жетпейтін картоп (әр адам жылына 100 кг-ның орнына тек 46,3 кг пайдаланып отыр) жеміс-жидек (132 кг-ның орнына 76,8 кг пайдаланып отыр) Үкімет жоспарында жоқ. Бұл аталған азық түрлерінен елімізде азық-түлік қауіпсіздігі 2025 жылға дейін қорғалмайды деген сөз. Қалған 3 пункт су шаруашылығына арналған.
«Ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын көбейту және мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыру» пунктінде мал басын көбейту мен оның өнімділігін үш жылда арттыру көзделген. Талдау көрсеткендей, қой мен ешкі саны 1990 жылдағы 35,6 млн бастан 1998 жылы 9,5 млн-ға дейін түскен. Бірақ 1999 жылдан бастап өскен қой мен ешкі 2021 жылдың соңында 20,8 млн-ға жетті. Ал Үкімет қаулысында 2022 жылы аталған түлікті 18,6 млн-ға жеткіземіз деп жазылған. 2024 жылғы меже – 20,1 млн бас. Яғни 2020 жылдың көрсеткіші. Экономикалық ғылыми жоспарлауда алға ұмтылыс жазылады, ал бес жылда артқа жылжуды мақсат етіп қою – миға қонбайтын дүние. Мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыру межесі ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемдік емес мардымсыз пайыздық көрсеткіштермен межеленген. Елімізде әр тұрғын 301 кг физиологиялық норманың орнына тек 243,2 кг сүт пайдаланады, яғни 57,8 кг немесе 23,7 пайызы жетпейді. Үкімет қаулысында сүт өнімін үш жылда арттыру 3,3-4 пайыз аралығында межеленген. Бұл аталған өнім түрлерінен де азық-түлік қауіпсіздігі 7-8 жыл аралығында шешілмейді деген сөз. Ірі қара басын үш жылда көбейту межесі сол баяғы 1993 жыл көрсеткішіне келіп тұр. Тағамдық жұмыртқа өндіруді 2022-2024 жылдары 1,1-1,5 пайызға өсіру жоспарланған. Физиологиялық нормаға сәйкес әр тұрғын 265 жұмыртқаның орнына 193 дана пайдаланады. Яғни әр адам жылына 71 жұмыртқадан аз жейді. Бұл Үкіметтің құс шаруашылығын дамытуға құлықты емес екенін көрсетеді.
Қаулыда «нарықты отандық азық-түлік тауарларымен 80 пайыз деңгейінде молықтыру» көзделген. Сонымен бірге «ішкі нарықта негізгі азық-түлік тауарларының импортын алмастыру жөніндегі шараларды 2024 жылға қарай 100 пайыз іске асыру» тапсырылған. Ал оған кіретіні – алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант, құс еті. Аталған өнімдерден басқа көптеген тағам сырттан әкелінеді. Оның ішінде ет те бар. Сондықтан импорт алмастыру жұмысы үстірт қаралған деген тұжырым жасауға болады. Осы пунктте «қант бойынша 80 пайыз іске асыру» жазылған. Сонда орындаушылардың заңды сұрағы туады, 2022 жылы іске асыру межесі 100 пайыз ба, әлде 80 пайыз ба?
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған негізгі капиталға инвестициялар тарту үшін 2022 жылы – 80 жоба, биыл – 85 жоба, 2024 жылы 65 жоба қарастырылған. Бұлар жылдық немесе көпжылдық екендігі, жергілікті немесе республиканы қамтитындығы айтылмаған. Бұл инвестициялық жобалардың қорытындысымен азық-түлік қауіпсіздігінде қандай проблема шешілетіндігі белгісіз. Бұдан бөлек картоп, көкөніс, жемістерді сақтау жөніндегі инвестициялық жобаларды атқару қоймалардың қуаттылығын 2022 жылы 98,3 мың тоннаға, биыл 104,5 тоннаға, 2024 жылы 19,6 мың тоннаға ұлғайту көзделген. Үш жылда қойма қуаттылығы 222 мың тоннаға ұлғаяды екен. Ол енді қанша өнімді сақтауға жарайды деген сұраққа жауап беру үшін картопты мысалға алайық. Физиологиялық норма 100 кг болғандықтан, 19 млн халыққа қажетті өнім көлемі 1,9 млн тонна болады екен. Сонда үш жыл бойы көтерген өнім сақтау қуаттылығы тек картоптың 11,6 пайызын сақтауға жетеді. Ал бұған көкөніс пен жемістерді қоссақ, өнімнің далада шіру үрдісі жалғаса бермек.
Азық-түлік өндіру ісінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кепілдікпен арзандатылған жанар-жағармаймен 100 пайыз қамтамасыз ету тек 2022 жылдың ақпан-қазан айларына жоспарланыпты. Ал қалған екі жылда не болары белгісіз. Жанар-жағармайдың болжамды қымбаттауына байланысты бұл көмектің түрі басқаша болатыны да айтылмаған.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты көрсеткіш – азық-түлік тауарларының экономикалық қолжетімділігі. Яғни дүкен сөресіндегі азықтың арзан болуы. Үкімет бұл жерде өндірілген азықтың дүкен сөрелеріне барғанға дейін 1,5-2 ай бұрын болжап қоюды ойластырыпты. Сондықтан сәуір айында отырған тұтынушылар шілде айына қарсы азық-түлік тауарларының қандай бағамен сатып алатынын біледі екен. Мұның алгоритмін өткен жылдың қараша айында Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар министрліктері дайындауға тиіс болатын. Бірақ алты айдың жүзі болды, Үкіметтің екі ай бұрын бағаның қандай болатынын халыққа хабарлап жатқанын естімеппіз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатуда базарға төленетін жалдау ақысын 15 пайызға түсіру, оларды сатып алу үшін арнайы купондар немесе төлем карталарын шығару арқылы атаулы қолдауды енгізу сияқты әкімшілік шаралардың тиімділігі нашар екені белгілі.
Тағы бір мән беретін мәселе – Үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартудың жаңа нысандары, сондай-ақ жаңа суармалы жерлерді игеру арқылы кемінде 25 мың шаруашылық құру жолымен ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайту. Үш жылға жоспарланған бұл жұмыстың түсініксіз жерлері бар. Яғни шаруашылық дегеніміз не? Ірі, шағын шаруа қожалықтары ма, әлде жауапкершілігі шектеулі серіктестік пе? Үй шаруашылығы да шаруашылық деп аталатынын ескерсек, қанша адамның жұмыспен қамтылуы маңызды. Ауыл шаруашылығында өндірісті ұйымдастыру проблемасы өзекті болып тұр.
Қысқасы, азық-түлік қауіпсіздігі туралы қабылданған Үкіметтің арнайы қаулысы аталған проблеманы толық шеше алмайтынын байқауға болады.
Алақан жаймай, өнім өндірсе...
Ауыл шаруашылығының технологиясы, әр саланы дамыту туралы бағдарламалар, жобалар көп. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, аграрлық экономиканы реттеу мен басқару, өндірісті ұйымдастыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесі маңызды болып тұр. Алайда Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, экономикалық ғылыми-зерттеу институттары, елдегі үш ұлттық университеттің экономист ғалымдары дайындаған ұсыныстардың Үкімет деңгейінде мақұлданып жатқаны жоқтың қасы.
Ел халқының жартысына жуығын ауыл тұрғындары құрайды. Олар шығаратын тағам өнімдерін бүкіл ел пайдаланады. Сондықтан ауыл экономикасын өркендетуді тек Ауыл шаруашылығы министрлігіне артып қою қателік. Оған өзге министрліктер мен ведомстволар араласуы керек. Ең бастысы, Үкімет ауыл экономикасын мемлекеттік реттеу мәселесіне үлкен мән беруге тиіс. Аграрлық реформаға қатысы бар барлық министрлік пен ведомствоның қызметтерін үйлестіру маңызды деген пікір де ертеректе айтылды. Жаңа аграрлық саясат керек деген ұсынысты Үкіметке айтқалы 14 жыл болыпты. Менің ұсыныстарымның негізі – аграрлық экономиканы реттеу мен басқару, яғни мемлекеттік менеджментті, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруға ден қою.
Жаңа аграрлық саясатта қазіргідей әр саланы кезек-кезегімен көтеру емес, барлық агроөнеркәсіптік кешенді түгел іске қосу маңызды. Бізде қалай? Бірде жайылымдық мал шаруашылығын өркендету ұраны көтерілді, одан кейін қойма салу қолға алынып жатты. Соңында ұран көтерілген салаға көбірек көңіл бөлінеді де, басқа салалар бақылаусыз қалады. Сондықтан ауыл шаруашылығының барлық саласын бірдей дамытуға ден қою қажет.
Осыдан үш жыл бұрын Қызылорда облысының Жалағаш ауданы өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысын менің ұсынысыммен бастаған болатын. Ол кейін облыс деңгейіне көтерілді. Бірақ орталықтан қолдау таппады. Бұл проблемаға жаппай барлық аудан кіріскен жоқ. Өйткені оны түсінген адам болмады. Сондықтан бұл бастама нәтижелі болмады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қарашасында «Ауылдық аумақтарды дамыту» тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды. Жақында Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының 90 пайызы тұратын 3,5 мың елді мекенде кешенді жаңғырту жұмыстары басталып жатыр. Әрине, мемлекеттің елді мекендерге қолдау көрсетуі, әлеуметтік, инфрақұрылымдық жұмыстар мен халықтың әл-ауқатын жақсартуы маңызды. Бірақ бұл жұмыспен қатар ауыл экономикасының әлеуетін, өндіріс мүмкіндіктерін бірге көтерген абзал. Ауыл еңбеккерлері «алақан жаятын емес, өнім өндіретіндер» қатарында болуы керек.
Ішкі экспорт іркілмеуге тиіс
Агроөндірістік кешенді жаңа тұрғыда дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керек?
Бірінші қадамды шұғыл түрде жаңа аграрлық саясат жариялаудан бастаған дұрыс. Оның қажеттілігі Конституцияның 66-бабында «Үкімет мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастыратыны» айтылған. Яғни алдымен әр салада мемлекеттік саясат әзірленеді. Содан кейін олардың басым бағыттары белгілене отырып жүзеге асырылады. Ал аграрлық саладағы саясат – кеңес дәуірінен келе жатқан экспорттық бағыт, яғни өнімді сыртқа шығару, соны дәріптеу.
Бұл жерде елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға басымдық берілуге тиіс. Алдымен өз халқымызды арзан және сапалы тағаммен қамтамасыз ету маңызды. Содан кейін облыс пен аудандар арасында бір-бірімен артылып қалған өніммен алмасу қажет.
Екінші қадамды аймақтар мен қалалардағы азық-түлікке қажеттілікті анықтаудан бастау керек. Оның негіздемесін «Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы» Ұлттық экономика министрінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен келісе отырып қабылдаған 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №503 бұйрығынан алған ләзім. Бұл құжатта 67 тағам түрінің нормасы көрсетілген. Ол тағам түрлері тағы басқа құрамдас түрлерге бөлінеді. Көрсетілген нормадағы тағамдардың негізінде барлық аудан мен облыста «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен тұтыну балансын» жасауды шұғыл қолға алу қажет.
Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін әр ауыл, аудан, облыс және Ауыл шаруашылығы министрлігі біліп отыруға тиіс. Оны есептеу қарапайым арифметика: азық-түліктің барлық түрін бекітілген норма бойынша ауданның халық санына көбейтесіз де, әр тағам түрінен өз территорияңызда өндірілетін өнім көлемімен салыстырасыз. Заңға сәйкес оның көлемі кем дегенде 80 пайыз болуға тиіс. 80 пайыздық меже – әр мемлекеттің өздері өндіретін азық-түлікпен халықты қамтамасыз етеміз дегеннен туған мақсат. Бұл меже ТМД мемлекеттерінің парламентаралық сессиясында сонау тоқсаныншы жылдары қабылданған. Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстанның 2005 жылғы
8 шілдедегі №66 заңының 5-бабында «Егер республикадағы азық-түлік тауарларының жылдық өндірісі физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес халықтың жылдық қажеттілігінің 80 пайызынан төмен болса, онда Қазақстан Республикасының азық-түлік тауарларының түрлері бойынша тәуелсіздігі қамтамасыз етілмеген деп есептеледі» деп жазылған. Сондықтан бұл – заңда шегеленген талап. Бірақ осы көрсеткішті орындау кезінде көз алдау мен әсірелеу көп екені шындық және өлшем қателігінен көп тағам түрін пайдалануда өтірік ақпар бар екені де рас.
2005 жылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өлшемдері мен басым бағыттары негізінде әртүрлі әлеуметтік топ үшін азық-түліктің төменгі мөлшері айқындалған еді. Әр адамға ет өнімдері 33,2 кг, сүт 75 кг, нан өнімдері 108 кг деп белгіленген еді. Бірақ физиологиялық норма бекітілмеді. Әр облыста азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда есептелетін нормада бірізділік болмады. Сондықтан төменгі мөлшерді басшылыққа алған жергілікті атқарушы органдар азық-түлік қауіпсіздігін орындауда шынайы ақпарат бере алмады. Өнім аз өндірілген соң оның бағасы жыл сайын өсе берді. Сөйтіп, өзін өзі алдау он жылға ұласқан еді. Ал 2016 жылдан бастап талап деңгейі айқындалды.
Үшінші қадамды халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысын аудан және қала әкімдеріне жүктеуді міндеттеуден бастауға болады. Өйткені аудан көлемінде не егуге немесе қандай малды өсіруге болатынын олар жақсы біледі, еңбек ресурстары да белгілі. Бұл жағдайда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен басқа орталық мекемелер оларға нормативтік, әдістемелік және қаржыландыру жұмыстарымен көмектесуге тиіс.
Ал төртінші қадамда жоғарыда көрсетілген екінші қадамға сәйкес әр аудан өз қажеттіліктерін айқындап алғаннан кейін қай жерге не егуге болады, қандай мал басын асырауға болады дегенді айқындап алуы керек. Бұл мәселені шешуге аграрлық сала ғалымдарын, университеттерді жұмылдыру маңызды. Егін егуге, мал өсіруге байланысты ұсыныс-пікірлер ғылыми тұжырымдармен негізделіп, министрлікте бекітілгені абзал.
Субсидияның мүмкіндігін әртараптандыру керек. Меніңше, ең тиімді форма – форвардтық келісімшарт түрінде қаржыландыруды шешу. Ал субсидия мемлекет қажеттілігі аясына кіретін азық-түлікті өндіруге, тұқым шаруашылығы мен мал басын асылдандыруға, фитосанитарияға, медициналық ветеринария саласына берілуге тиіс. Ауыл еңбеккерлерінің өндірген тауарларын сату проблемасын шешуден бастасақ, ұтылмаймыз. Қолданысқа өнім паспортын енгізу керек, онда шаруа қожалықтары, серіктестіктер, жеке шаруалар өндіретін өнім туралы ақпарат жинақталуға тиіс және дайын тауарлар интернет-сауда қағидаттарына сай тұтынушыларға сатылса да ұтымды.
Кооперациялық шаруашылық құру қажет
Жергілікті өнімнің бағасы қала тұтынушыларына жеткенге дейін бірнеше рет өсетіні белгілі. Делдалдармен қанша күрескенмен оны ешкім жеңе алған жоқ. Нарық кезінде олар да керек. Бірақ тұтынушылардың қалтасын әсіре қағуға Үкімет жол бермеуге тиіс. Сондықтан интернет-сауда, тамақ таситын курьерлер тәжірибесін пайдаланып, ауылдан таза сүт өнімдерін, қымыз, шұбат, ет әкелуді де жолға қоюға болады. Ауыл өнімі – нағыз қауіпсіз, бағасы төмен, сапасы жақсы әрі экологиялық таза, табиғи өнім. Бұл ретте өнімді сақтауға басымдық берген жөн. Бюджет есебінен жұмыс істейтін әртүрлі тұрақтандыру қорлары – қымбат жоба, ондағы сақталған өнімнің сапасы да нашар болып келеді және оның нарық бағасына әсері шамалы. Сондықтан азық-түлік тауарын өндірушілермен белгілі мерзімге дейін өнім сақтауға келісімшарт жасау арқылы бұл проблеманы шешуге болады. Шағын логистика жүйесін қалыптастырып, оған субсидия бөліп тұрған тиімді.
Мемлекет шеңберіндегі азық-түлік мониторингіне сәйкес халық тұтынатын тағамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін экспортты шектеп, баж салығын көтеру тетіктерін ұтымды пайдалану керек.
Бірде іс бастап, бірде тоқтап жүрген майда шаруашылықтарды ірілендіру үдерісі маңызды. Яғни оларды ұжымдастыруға басымдық берген жөн. Өткен жылдары барлық жерде өндірістік кооперативтер құру науқаны министр А.Мырзахметов кезінде жақсы басталған еді. Ірі шаруашылықтар кооперация және интеграциялық жұмыстар жүргізуге тиімді болатын. Дегенмен оны әкімшілік жолмен емес, экономикалық жолмен құру керек еді. Өкінішке қарай, министр жұмысынан кетісімен, бастама тоқтап қалған болатын.
Ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімін арттыру үшін іріленген шаруашылықтардың болуы маңызды. Жекешелендіру үдерісінің өткеніне отыз жыл болды. Енді тұрғындардың мүлкін біріктіріп, кооператив сияқты өндіріс құрылымын жасақтау мүмкін емес, бірақ кооперациялау маңызды. Яғни кооперациялық шаруашылықтар құру қажет. Кем дегенде әр ауылдық округ шеңберінде бір-бірден кооперациялық шаруашылықтардың құрылуына қол жеткізу керек. Қазір кооперативтер мен кооперациялық шаруашылықтың айырмашылығын көпшілік біле бермейді. Сондықтан кооперациялық шаруашылықтарды агрофирмалар деп атап, оларды заң шеңберінде нақтылаған абзал.
Бұл жұмысты атқаруға жаңа Парламенттегі депутаттар мен Үкімет мүдделілік танытуға тиіс. Мұның тиімді жағы – қосымша жұмыс орындары ашылады, әлеуметтік көмек беру жұмыстары жүргізіледі. Жаңа шаруашылық түрін іске асыруға ғалымдар тартылса, нарық жағдайында өндірісті қалай ұйымдастыру керектігі айқындалады. Қаперге ала жүретін тағы бір фактор, қазіргі уақытта қойшы, малшы, сауыншылар қалтарыста қалды. Сондықтан олардың қызметіне жаңа сипат беріп, жаңа технология, интернет мүмкіндігін пайдаланып, еңбекті жаңаша ұйымдастыру қажет. Бұл жерде вахталық жұмыс және қажетті техникамен жабдықталған жастар бригадаларын құру маңызды. Қазір жоғары білімді жұмыссыз жүргендер көп. Сондықтан диплом аттестаттаудан өткізіліп, сапасыз біліммен диплом алғандарға кәсіптік біліктілік беру арқылы ауыл экономикасына тартқан жөн.
Ауыл экономикасын реттеу, дұрыс жоспарлау, мемлекет қаржысын тиімді пайдалану жолында жергілікті жердегі ресурстар мен шығарылған өнімнің шынайылығы маңызды. Бұл жерде статистиканың рөлі жоғары. Бірақ ауылдық жерлерде ірі шаруашылықтардың аздығына байланысты үй шаруашылығының статистикасы іріктеп алынған сұрау салу, өнімдерін қашықтан есептеу түрінде өткізеді. Көрсеткіш қуған әкімдердің өсім көрсеткіштері мардымсыз, дүкен сөрелері мен өндіріс жағдайлары алшақ болып жатады. Сондықтан статистикалық қызметті Үкімет құзырынан шығарып, Президент жанындағы мекеме ретінде қайта құру маңызды.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор