Елорда • 18 Мамыр, 2023

Астанада көркем гимнастикадан жазғы республикалық спартакиада өтіп жатыр

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде көркем гимнастикадан ҚР-ның VI жазғы спартакиадасының ашылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада көркем гимнастикадан жазғы республикалық спартакиада өтіп жатыр

Іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары, жазғы Спартакиаданың бас төрешісі Азамат Имашев және қалалық көркем гимнастика федерациясының президенті Сайранбек Әбілхайыр қатысты.

Көпшілікті көркем гимнастикадан ҚР-ның VI жазғы Спартакиаданың басталуымен қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев құттықтап, салтанатты түрде ашты.

«Осындай іс-шараның керемет спорт кешенінде өтіп жатқаны көңіл қуантады. Жазғы Спартакиада арқылы сіздерге алдағы уақытта Азия, әлем чемпионаттарында өнер көрсетуге мүмкіндік аласыздар деген сенімдемін. Қазіргі таңда гимнастика спорт түрі елімізде қарқынды дамып, спортшыларымыз да көптеген жетістіктерімен ел спортының тарихында есімдерін қалдырып үлгерді. Спортшылардың жарқын жеңісі – қашанда ел беделі. Барлықтарыңызға сәттілік!», деді қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

Араға 4 жыл салып, кешенді жарысқа бұл жолы жекелей сында еліміздің әр өңірінен 54 гимнаст келді. Ал топтық жаттығуда 12 команда бақ сынап жатыр. Бұл қатарда Елжан Таниева, Эрика Жайлауова, Милана Парфилова сынды халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген спортшылар бар.

Сондай-ақ спартакиаданың ашылу салтанаты барысында ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағымен Жасмин Жүнісбаева, Айым Мейражова, Айсұлу Мурзагалиева, Милана Парфилова, Дина Мырзабаева, Анель Гүлмаганбетова, Айзере Кеңес, Диана Меңдібаева, Кристина Чепулская марапатталды.

Айтулы бәсекенің алғашқы күні лента және ұршықпен өнер көрсеткен жүлдегерлер бүгін кешке анықталады.

Айта кетейік, жас гимнасшылар сайысы мамырдың 19-на дейін өтеді.