Елорда • 18 Мамыр, 2023

Елордада Халықаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай арнайы апталық өтіп жатыр

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Халықаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай 15 мамыр мен 21 мамыр аралығында апталық жарияланды. Осыған орай «Astana Polytechnic» жоғары колледжінде студент жастардың қатысуымен кең ауқымды акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада Халықаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай арнайы апталық өтіп жатыр

Астана қаласында АИТВ-инфекциясын анықтау үшін жыл сайын 300 мыңнан астам адам тексеріледі. Оның көлемі жыл сайын орта есеппен 12-15%-ға ұлғайып келеді. Ерте тестілеудің арқасында 84 пайызы алғашқы сатысында анықталады. Соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде елордада АИТВ алдын алудың арқасында ауру жұқтырған әйелдерден 280 дені сау бала дүниеге келді.

«Бүкіл әлемде АИТВ-ның тарихына көз жүгіртсек, адам шығыны көп екенін байқаймыз. Бірақ медицина заманауи жетістіктерінің арқасында бүгінде бізде ондаған мың адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта антиретровирусқа қарсы емдеу мен тұрақты медициналық бақылаудың арқасында АИТВ-инфекциясы ЖИТС сатысына ауыспауы мүмкін. Тәжірибе негізінде АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупін төмендету және дені сау балалардың дүниеге келуі үшін антиретровирустық терапияның жоғары тиімділігін айтқан жөн. Бұл жетістіктер жұрт санасында сақталған өлімге апаратын ауру туралы қате түсініктерді толық жоққа шығауға мүмкіндік береді», дейді Астана қаласы АИТВ-ның алдын алу орталығының бөлім меңгерушісі Жанна Айтмағанбетқызы.

Қазір Астана қаласында 2000-ға жуық науқас диспансерлік есепте тұр. Антиретровирустық терапияның арқасында АИТВ-инфекциясы созылмалы жұқпалы аурулар қатарына еніп, өлім-жітім азайды. Әлем бойынша соңғы он жылда ЖИТС-тен өлім-жітім 47 пайызға қысқарған.

Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде әлемде Халықаралық ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні өткізіледі. Аталмыш күнге орай акция барысында студенттер мамандардан тегін кеңес алып, АИТВ-ға нәтижесі 15 минутта шығатын жедел тестілеуден өтуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ апталықтың соңғы күні қаладаүы «Бәйтерек», «Хан Шатыр», және Қазақстан Темір Жолы бас кеңсесінің ғимараттары кешкі уақытта АИТВ-ның симолы болған қызыл түсте жанатын болады.