Барлық өңір баспана салып жатыр
«Біздің басты міндетіміз – әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп отыр. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін көптеген жеңілдік жасалып жатыр. Адамдардың қарапайым тұтынудан жинақтауға көшу қажеттігін түсінуі маңызды», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Негізі аймақта 2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарының жобасы әзірленген. Онда межеленген жылдарда аймақта 5 млн шаршы метрден аса үй салу – мақсаты қойылған.
Былтыр аймақ үшін тұрғын үй нарығы нәтижелі болды. Қарағанды облысы өткен жылы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында 597,2 мың шаршы метр тұрғын үйді ел игілігіне тапсырды. Бұл – 5 200 пәтер. Яғни бір жылда облыста 5 мыңнан аса тұрғын қоныстойын тойлады. Аймақта бой көтерген баспананың 27 пайызы – жеке тұрғын үйге, 66 пайызы – коммерциялық, 7 пайызы мемлекеттік секторға тиесілі екен. Биыл 400 мың шаршы метр баспана бұқараға бұйырады. Соның ішінде мемлекет есебінен 864 пәтер иесін таппақ.
– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлінді. Қаражат халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз дайын жалға берілетін тұрғын үйді салу және сатып алу, облигациялық қарыздар есебінен кредиттік үй салу, үй құрылысына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту сияқты бірнеше бағытқа бөлінген, – дейді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үй құрылысы облыстың барлық өңірінде жүріп жатыр. Тағы бір баса айтарлығы – жаңа тұрғын үй салудан бөлек, облыста бос тұрған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары толассыз жүргізілуде. Мәселен, Осакаров ауданында 18 пәтерлі 4 жалға берілетін үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Тағы 18 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысына ЖСҚ жасалды. Өткен жылы мұнда 6 екі пәтерлі, бір қабатты үйлердің құрылысы басталды. Биыл жеке инвестициялар есебінен салынған 18 пәтерлік бір тұрғын үйді сатып алу жоспарда. Сонымен қатар осы жылы облигациялық қарыздар есебінен Қарағанды, Балқаш, Абай қалаларында кредиттік тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланып отыр. Нысандарды тапсыру мерзімі – 2024 жыл.
Әлеуметтің әлжуаз бөлігі – назарда
Қазір әлеуметтің әлжуаз тобының баспанаға қолжетімділігі – мемлекет назарында. Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірледі.
Қарағанды облысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегінде 33 461 азамат бар. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов былтырмен салыстырғанда, кезек 1 670-ға ұлғайғанын айтады. Өсім пайызға шаққанда – 5,3 пайыз. Негізінен халықтың әлеуметтік осал топтарының кезегі 787 адамға немесе 6,6 пайызға өскен. Оның ішінде, 2 666 көпбалалы отбасы, 12 712 халықтың әлеуметтік осал топтары, 11 688 бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 6 243 жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған 152 азамат бар.
– Былтыр барлық қаржыландыру көзінен кезекте тұрған 900-ге жуық азаматты үймен қамтамасыз ету жоспарланды. Іс жүзінде 983 азамат үйлі болды. Атап айтқанда, «Отбасы банк» АҚ желісі арқылы 281 адам несиеге үй алды, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС демеушілігімен 60 азамат пәтерлі болды. «Қазақмыс корпорациясы» 47 үйді жалға берді. 2023 жылдың басынан бастап Қарағанды облысы бойынша қаржыландырудың әртүрлі көздерінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезекте тұрған 91 азамат баспана алды. Биыл барлығы 750-ге жуық азамат үймен қамтамасыз етіледі, – дейді Е.Төлеуов.
Мемлекет басшысының жалдау ақысын субсидиялау туралы тапсырмасына орай облыста екінші жыл жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлем бағдарламасын іске асыруға қаражат бөлінеді. Өткен жылы төлем алған ондай азаматтардың саны – 37. Бағдарлама халықтың әлеуметтік осал топтарының (І және ІІ-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар) жеке тұрғын үй қорынан алған тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызын жабуды көздейді.
Биыл бағдарламаны іске асыруға облыстық бюджеттен 335 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде кезекте тұрған 47 азаматқа жалпы сомасы 452 мың теңгеге төлем жүргізілген екен.
Металлург пен кеншіге – жеңілдетілген ипотека
Бұған қоса былтыр облыстық бюджеттен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтерлері мен металлургтеріне жеңілдікпен тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 1 млрд теңге, «Отбасы банк» АҚ-дан 700 млн теңге қарастырылған. Бағдарлама аясында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының 134 қызметкеріне үй сатып алатын жеңілдетілген несие берілді. Олардың 64-і – металлург, 70-і – кенші.
Биыл облыстық бюджеттен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Шұбаркөл Көмір» АҚ қызметкерлері үшін 1 млрд 400 млн теңге, «Отбасы банк» АҚ-ы 800 млн теңге бөлген. Бұл бағдарлама 5 жылға болжанған. Облыстың бес қаласында іске асырылады. Дәлірек айтқанда, Қарағанды, Саран, Теміртау, Шахтинск және Абай қалалары. Несиенің ең жоғары сомасы – 20 млн теңге. Жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз. Бастапқы жарнаның ең аз сомасы – 10 пайыз. Төлем мерзімі – 19 жылға дейін.
Биыл несиенің ең жоғары сомасын ескере отырып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтерлері мен металлургтері үшін 75 несие және «Шұбаркөл Көмір» АҚ қызметкерлері үшін 55 несие беруге уағдаласып отыр.
Қарағанды облысы