Солтүстікқазақстандық филиалдың кәсіпкерлікті қаражатсыз қолдау бөлімінің басшысы Әсел Самаратова өздерінің ісі кәсіпкерлікті 2021-2025 жылдар аралығында дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның шеңберінде жүргізіліп жатқанын айтты. «Біздің ең алдымен қолға алған бағытымыз «Кәсіпке бағыттау» деп аталады. Бұл бағыт халықтың арасынан кәсіпкерлік әлеуетті арттыру үшін іскерлікке оқытуды қамтиды. Екінші бағытымыз әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуды мақсат еткен орталықтар құру. Мұнда белсенділігі жоғары әйелдердің стартаптарын ынталандыру, экономикалық білімін ұштау мәселелері қарастырылады. Үшінші бағытымыз – «Бір ауыл – бір өнім» деп аталды. Мұның мәнісі – жергілікті өнімдердің сапасын арттырып, оны бренд етуге күш салу», деді ол өзінің сөзінде.
Бизнеспен айналысу туралы мәселе қозғалса болды – оның болашағын, дамуын тек қаржы құюмен ұштастыратындар көп. Бірақ қаржы құймай-ақ алдымен осындай бағыттарға сілтеп, белсенді жандардың ынталануына жол ашуға болады екен. «Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары» аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік бастамасы бар тұлғаларға ақпараттық-аналитикалық қызметтер және сервистік қолдау қызметтері жатады. Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Жыл басынан бері облыста 207 кәсіпкерге 212 қызмет көрсетіліпті. Ал ақпараттық-аналитикалық қызмет бойынша 611 адамға 3 191 қызмет көрсетілген екен.
«Кәсіпке бағыттау» бағдары бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын орталықтың менеджері Жанар Оразалинова баяндап, іскерлікке бет бұрған жандар кәсіби-сарапшылардан тегін кеңестер алып, өздерінің біліктілік әлеуетін арттыратынын айтты. «Бұл бағыт бойынша іскерліктің барлық түрі қамтылады. Соның ішінде өндіріс те бар. Сарапшылар өздерінің кеңестерін онлайн және офлайн режімінде көрсете алады. Осындай кеңес алған кәсіпкерлерге сертификаттар да беріледі», деді ол.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының мақсаты – кәсіпкер әйелдерге, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге қаржылай емес қолдау көрсету, мұнда олар белсенділікті арттыру және оқыту бағдарламаларына қатысу үшін бірқатар қызметті ала алады. Нақты айтқанда, мұнда олар 7 түрлі қызмет ала алады. Соның ішінде дәстүрлі қолөнер, бизнеске ақша тарту жолдары, бизнес-шолуға тапсырыс беру секілді қызметтер бар. Әйелдердің көбі бір кәсіпті үйрену мәселесімен орталыққа қайырылады екен. «Осы қызметті алуға бүгінгі таңда 114 тапсырыс түсті. Бизнеспен айналысқандарына кем дегенде екі жыл болған әйелдерге де тәлімгерлік көмек керек екен. Ондайларды табу үшін біз конкурс жариялаған едік, 20 өтініш түсті. Соның сегізін тәлімгер ретінде қабылдадық», деді орталықтың тағы бір менеджері Ирина Васильева.
Жылдың басынан бері кәсіпкерлер орталығына бизнес бастағысы келген 124 қыз-келіншек өтініш тастапты. Мұндағы менеджерлер олардың бәрінің өтінішін қанағаттандырдық, дейді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасына бұрыннан кәсіпкерлікпен айналысқандар да, жаңадан бастағысы келгендер де қатыса алады. Бұл бастаманың өзі алғаш рет Жапонияда көтерілген екен. Оған қатысатындар – ауыл әйелдері. Олар жергілікті шикізаттардан өнім шығарып, бір-бірімен ақылдасып, ақыры кооперация құрады. Сөйтіп, өздерінің брендтеріне қол жеткізген екен. «Біздегі жобаға қатысуға әзірге 12 адам өтініш білдірді. Олар да өздерінің брендін бірлесе дамытуға күш салмақ», деді Ирина Васильева.
Солтүстік Қазақстан облысы