«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сия алмайтын;
«Қазағың – қане?» – десе,
«Мінеки!» – деп,
Көрсетсе жер жүзіне – ұялмайтын!»
(Сырбай Мәуленов).
АВТОРДАН
Моцарт пен Сальери.
Пушкин мен Дантес.
Лермонтов пен Мартынов.
Махамбет пен Баймағамбет.
Есенин мен Троцкий.
Мандельштам мен Сталин.
Шәкәрім мен Қарасартов.
Пастернак пен Хрущев.
Бродский мен Брежнев.
Пабло Неруда мен Пиночет.
Дана мен Дарынсыз...
Бұл – мәңгілік тақырып. Ол туралы бір кезде Пушкин де қалам тартқан-ды. Адамзат барда дана да, дарынсыз да болады. Сондықтан, өз заманының Моцарттары мен Сальерилеріне әр ұрпақтың өкілдері өзінше қарап, өзінше баға беретіні де заңды құбылыс. От ауызды, орақ тілді Бауыржан Момышұлы: «Мен соғыста – қорқақтарды, әдебиетте – дарынсыздарды жек көремін», – деген еді.
1937 жылдың Сальерилері не істемеді? Олардың құрбандары көп қой: Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин...
ҚАСІРЕТТІ ХИКАЯ
(1937 жыл хроникасы)
«Ғабит, Сәбит партиядан шығып қалды. Ғабит Мүсірепов партиядан шыққан күні өзімен өкшелес бір жазушы Құсни келінімізге: «Үйлеріңнің кілтін ешкімге бермеңдер!Басқа біреу кіріп қоймасын! Бұл үйге мен кіретін болдым», – деп телефон соғыпты. Ғабиттің үйіне кірмекші болған әлгі жазушы аяқ астынан өзі қамалып қалыпты. Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Ғаббас ұсталып кеткеннен кейін артта қалған ұсақ-түйектерге атақ беріп, есіртіп жатты. Олар жиналыс кезінде әлденеге келіспей қалғанда: «Әй, сендер шығыңдаршы! Біз өзіміз, орденді жазушылар, оңаша қалып, шешіп алайық» – дейтінді шығарыпты. «Бассыз үйдің баласы – бейбастақ», – дегендей, аға жазушылар кетіп, бас көтерер біразы партиядан шығып қалған соң, ұсақ-түйектері сол көкбазарға жиналып алып, кешке дейін арақ-шарап, сыра ішіп, шыбындап жүретін көрінеді. Іздейтіндері – пәле...» (Гүлбаһрам).
Төрт тараптан төбелеске шақырып,
Төбемізден қарап тұр бір Мақұлық!
О, Гүл-Апа!
Уа, Мұңлық, Жан-ана!
Тарих деген – тап тартысы ғана ма?
Моцарт пенен Сальеридің шайқасы
Жүріп жатыр қалада да, далада.
Лауреаттар, лауазымдар кім еді –
Қара тас боп қатып қалған жүрегі?!
О, не деген жиіркенішті сүреңі:
Көктей солып жатқан кезде гүл-елі,
Көкбазарда шарап ішіп жүреді!
О,сұмдық-ай, қалшылдайды бой да әлі,
Гомеріңді олар кім деп ойлады?!
Өлтіріп кеп балаларын Жамбылдың,
Жаназасын қаралы үйде тойлады!
О, Гүл-Апа!
Дертің, қайтсем, емделер?
О, Аналар!
Қасиетті жеңгелер!
Отанының қанын ішіп алған соң,
Шарап ішіп жатыр мына пенделер!
Ал, ішіңдер, жоқ Алыптар тобы алда,
Мәз-мейрам боп былшылыңды соқ онда:
Көңілдерің көк базар ғой, дананы –
Дарынсызға талататын қоғамда!
Сұмырайда кім бар саған тең келер?
Қарап тұрсын қаралы анау жеңгелер:
Ілиясы, «Құлагері» болмаса,
Мәстегіне мәз болады пенделер!
Ал, ішіңдер,
естен танып, мас болып,
Енді қалған мынау елге бас болып!
Сондағы ішкен арақтарың, міне, енді
Көзімізден ағып жатыр жас болып!
...О, Гүл-Апа!
Қойшы, айтпашы сол жайды,
Олар сендей қай тереңге бойлайды?
Ошағы мен қу басы үшін – оңбаған
Отанының жаназасын тойлайды!
Араны – ашық,
Қан ішсе де тоймайды!
Қу құлқыны бәрін құртпай қоймайды!
Күллі әлемнің жендеттері осындай –
Көк базардың даңғойынша ойлайды!
Жоқ, Гүл-Апа!
Айта түсші, Жан-Ана!
Тарих деген – тап тартысы ғана ма:
Тасырларға Бериялар жан тартып,
Қасымдар да қалып қойған далада!
Айта берші...
Айта берші, Жан-Ана!
Тарих деген – тап тартысы ғана ма?
Жас кезінде өлең жазған налалы –
Сталиннің ізінен қан тамады.
Таққа мініп, киді-дағы жырдан тәж,
Ақындарды
Абақтыға
Қамады!
Шәйір шіркін кеудедегі кептермен,
Көзін жұмып, көкті кезсем деп келген.
Құранды да жазып еді өлеңмен ,
Құдай бізді неге осы жек көрген?!
Өзегіне өріп өксік келетін,
Өркеуде боп барам осы неге тым?
«Ақындарды еркелету керек» деп,
Маркс айтты десем, кім бар сенетін?!
Сенбей ме ешкім?!
Оған-дағы көнем мен,
Көне-көне көнбіс болған төл ем мен.
Әулиенің әулиесі – Ясауи,
Ол да жазған хикметін –
Өлеңмен!
Өстіп жүріп осы өлеңмен өлем мен!
«Алты арыс» деп,
«Қайран бес бәйтерек» – деп,
Егілеміз енді елден ерек кеп;
...Маңғаз Маркс кімге сеніп айтты екен –
«Ақындарды еркелету керек деп!».
Маркстер жоқ...
Енді кіммен кеңесем?!
Мұқағали – Мұзбалағың ересен, –
Көрінбейді!
Ол да Сәкен еді ғой,
Жер бетінде қабірі бар демесең?!
ГҮЛБАҺРАМ МЕН АЯН
(Ескерткіштің жобасы)
«Пойыз Көкшетауға келді. Балам қолымда мәңгілікке көз жұмды... Буынымнан әл тайса да, Аянымның өлі денесін құшақтап, қалаға тарттым...»
(Гүлбаһрам)
Жүрегін осы ойранды жылдар пышақтап,
Көшеде жүрген аруақтарға ұсап қап:
Барады әлі бұл әйел талай қалаға,
Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап!
Құлар ма екен бір аттап, екі... үш аттап,
Молада жүрген аруақтарға ұсап қап;
Жалақорлардың үйіне кіріп барады ол,
Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап!!!
Молада жүрген аруақтарға ұсап қап,
Жүреді ол өстіп бір аттап... екі... үш аттап...
Кіреді ол өстіп Кагановичтің түсіне,
Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап...
Жанары – тұман, көрсоқыр жанға ұсап қап,
Қарады елге бір аттап... екі... үш аттап...
Барады ол өстіп Сталин туған Гориге,
Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап!!!
Өңі емес оның, көз алды – күңгірт түс аппақ,
Құлар ма екен бір аттап... екі... үш... аттап?
...Елу жыл жүрді осы әйел кезіп көшені,
Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап...
Заманы құрып ұсақ пендемен – ұсақтап,
Қарады тұрып бір аттап бізге... үш аттап...
Барады кіріп «Тарих» дейтұғын күмбезге,
Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап...
Репрессия құрбандарына ескерткіш орнату туралы әңгіме көтерілгенде, менің көз алдыма осы көрініс елестеді. Дәл осындай ескерткішті Сталиннен бастап, сол кездегі Саяси Бюродағылардың бәрінің туған жеріне қойып шықса, сауап болар еді. Топырақтан енді қайтып мұндай қаныпезерлер тумауы үшін!
Күндердің күні мүсіншілер Аян мен Гүлбаһрамға да ескерткіш қоюды қолға алар... Өйткені, өз шежіресіндегі әрбір тағылымды тарихи оқиғаны төл көркемөнерінде бейнелеу – көргенді елдің қасиетті парызы.
Әрбір адам үңірейген көшелер мен аңырайған алаңдарға қарап, көзін сатпай, өз халқының боздақтарына, ең әуелі, өз жүрегінде өзі ескерткіш тұрғыза алмаса, адам баласының жады мен болмысында, тарихы мен болашағында қандай мән, мағына қалмақ?!
Марина Цветаева «Менің Пушкинім» деген. Абайдың Пушкині одан бөлек еді... Иә, әркімнің өз Пушкині, өз Сәкені болуға тиіс.
МЕНІҢ СӘКЕНІМ
Тірі жан жоқ мойындайтын кінәні,
Көздерінде күмәнді ойлар тұнады...
Өңіңде сен сарбаздарға ілестің.
Көрдің талай теперішін тірестің.
Зілзаламен, қайран ақын, сол кезде,
Түсіңде де келіп кетті күрескің!
Тұла бойың – тұнып тұрған келісім,
Көргің келмей жетесіздің жеңісін –
Түсіңде де ар-ұят деп , Алаш деп,
Азап шегу – арман еді Сен үшін!
Қандай ғана кінәң бар еді, жолдас, ә?
Құдайың да құл-құтанды қолдаса;
Ел-жұртың да еңселі боп тұрған соң,
Тәкаппарлау жүретінің болмаса?!
Пірің еді – Ленин мен дана Абай.
Дала ұлы едің.
Көңілің де – даладай;
Тап жауына болғаныңмен тәкаппар,
Қайран ақын, баладай ең,
Баладай!
Сәби едің,
Көзіңе жас тола ма,
Жатқан жерің бесік емес – мола ма?!
Қара нарды қайда салсаң – сонда сал,
Балаларды азаптауға бола ма?!
Тұла бойың – саф сұлулық, еркелік.
Зұлымдықтан жүрегіңде дерт еніп;
Сұмды көрсең – күкірт тиген ши құсап,
Лап ете қап...
Кетуші едің өртеніп!
Советстан сыйып кеткен жырыңа,
Қыран едің қанат қаққан шыңына.
Сұңқар құсап қарайтының қияға,
Қарғалардың тиді ме екен жынына?
Көркіңе егер көзі түссе жан адам –
Исі еркекті көргендей боп жаңадан –
Адамзаттың Сұлуы Сен екенсің
Анда-санда туатұғын анадан!
Әйелдерге сендей сері жолықсын,
Жолықсын да ләззатқа молықсын:
Әлемдегі еркек біткен – бір төбе,
Сәкен аға,
Сен –
Бір төбе болыпсың!
Көкшетаудан бөтен жерді жерсінбей,
Қойғандайсың басқа өлкеге сен сіңбей.
Сені көрсе бұзылыпты бір күнде,
Әйелдер де күйеулерін
Менсінбей!
Ақ патшаны тақытынан ұшырып,
Құлдық күйреп,
Күңдік күйреп,
Іші ұлып,
Аң-таң болды босағада қалған бас,
Өз үйінде төрдің барын түсініп.
Өрге қарай көш түзеді өр елің,
Өңез заттан теріс қарап өренің.
Көрді сонда бас көтерген Төлеңгіт,
Өздеріндей пенде екенін Төренің!
– Алла!
Қара, танисың ба бізді?! – деп,
Сол заманда той-тамаша қызды кеп,
Берді ме екен Бекежандай жау тауып,
Қайда барсаң – сонда барған Қыз Жібек?
Тап жауына қабағыңды суытып,
Қағып өттің кісі көрмей мұны түк.
Үлестірдің аққуларға жыр-шашу,
Қарқылдаған қарға барын ұмытып!
Күл-көмешке тиіп едің бүліктей,
Өр талғамың өңезбенен кірікпей.
Айнакөлде жатып алды мамырлап,
Сен келгенде –
Аққулар да үрікпей!
Сен жаһанның жасыны едің жат үшін,
Бір болса да Шығысың мен Батысың.
Ғаламның бар қарғалары жиналып,
Аңдып жүріп тапты ма екен қапысын?!
Сауалым бар Сталинге – Атаңа,
Ел құлағы – елу,
Өсек жата ма:
Қарға біткен қарқылдады екен деп,
Айнакөлдің аққуларын ата ма?!
ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ
Тірі жан жоқ мойындайтын кінәні,
Көздерінде күмәнді ойлар тұнады...
Сәкен аға!
Сардар аға!
Қыраным!
Жоқтау болып сені іздейді жыр-әнім;
Сейілте алмай қара түннің тұманын,
Боздап тұрып келеді бір жылағым!
Жоқ қой жерде сенен қалған мола да!
О, сұмдық-ай, моласыз жан бола ма?!
Егілейін!
Еңірейін, ал, одан
Үңірейген сенің орның тола ма?
Бар бауырың көзден моншақ төгеді:
«Бауырым...» – даған жоқтау болып өлеңі.
Көз жасынан жер көгерсе, ендігі
Жерұйықта жүретін кез боп еді...
Жала болып жабысарын күнәнің,
Қайдан білем?
Көздің жасын бұладым;
«Халық жауы!» деген сөзден, тарс бітіп,
Әлі, міне, шуылдап тұр құлағым!
Ғазиз жан!
Қабірің қайда қазылған?!
Өз ұлдарын өзі өлтіріп енді кеп –
Өмір бақи жоқтау салу, еңіреу, –
Адамзаттың маңдайына жазылған!
Жоқ қой сенде мола түгіл, табыт та.
Рухың ұшып, тәнің ғана қалып па?
Түсінбеймін – халықтың өз баласы,
Қалай ғана жау болады халыққа?!
Рухың – тірі!
Аспанымда ұшып жүр!
Қас қағымда... көрген дертті түсің – бұл.
Түсіңде не сұмдық көрдің, айтшы, Аға,
Түсіндірші!
Түсіндірші!
Түсіндір!
Асау Рух –
Арқау асқақ дастанға,
Солқыл болар соңғы толқын – жас жанға.
Айналады адам тәні мәйітке,
Рухы ұшып кеткен кезде –
Аспанға!
Таңсық емес жұлдыздардың сөнуі,
Адамдардың ажал сұмға көнуі:
Рухы едің қасиетті халқымның,
Рухтардың мүмкін емес өлуі!
Бесік жыры – ол,
Тәрк ететін моланы,
Халықтардың,
Алыптардың сол – әні!
«Аруақ!» деп айқайласа ел-жұртың,
Арқамызға Атой болып қонады!
Пенде құсап... суып бозғылт түс-өңі –
Өлген жоқсың.
Затың – Сұңқар құс еді.
Бар болғаны шаршап, ұйықтап, түс көрдің,
Бірақ, неткен қорқынышты түс еді!
Сұңқар-Рухың аспанымда ұшып жүр.
Қас қағымда көрген дертті түсің – бұл.
Түсіңде не сұмдық көрдің, жориын,
Түсіндірші!
Түсіндірші!
Түсіндір!
Тіл қатпайсың көніп тағдыр тезіне.
Тірі пенде түспеді ме көзіңе?
Мекер елден қайтып әбден меселің,
Менің де енді сенбейсің бе сөзіме?!
Неге үнсізсің?!
Тіл қатсаңшы балаңа,
Бауырыңа,
Сарыарқаңа,
Далаңа!
Тәнің өліп кеткенімен,
Санада –
Рухың мәңгі тірі еді ғой, Жан-аға?!
Міне, менің жан сырым – жыр-өлеңім,
Бар болғаны – Көз Жас едім,
Көл едім...
Қара Дақ жоқ ойымда һәм сөзімде,
Мен жоқ едім ессіздіктің кезінде,
Елуінші жылы туған төл едім.
Серік етіп сенің Муза – құсыңды,
Көзімді ашып, көрдім сұлу мүсінді.
Ошағыма,
Отаныма мәңгі ие –
Ұрпақ екем,
Ұрпақ деген – Әулие,
Айтайын ба сонда көрген түсіңді?
ТҮС
...Тар жол, тайғақ кешулердің ішінде,
Шаршап,
Ұйықтап кетіп едің қалжыраған пішінде.
1937.
Қорқынышты түс көрдің.
Түсіңде –
Жүр екенсің өршіген өрт-жалында,
Анненковтың азап вагондарында!
Ұйықтап жатып өзіңе-өзің таң қалдың.
Сен шамдандың,
Неменеге шамдандың?
Соңыңнан сол шырақ ұстап қалмай
қойған жандардың
Әбжыланнан аумайтынын аңғардың!
Қайран жаның қашан табар миятты,
Кеудеңнен бір күңіренген күй ақты.
1918-дің қасіретін – түсіңде
Қайта көрген сияқты!
Тағы келіп тап болдың ба жасынға?
Неше түрлі күдікті ой бар басыңда.
Көзіңді ашсаң,
Көкірегі қайғы-шер
Бейімбет пен Ілияс жүр қасыңда!
Көрген сынды адам емес – бүйіні,
Олардың да түсіп кеткен иіні.
Аң-таң қалдың,
Анненковтың үстінде –
Милиция киімі!!!
Тұрып қалдың сонда түкті түсінбей,
Жаны кетіп, тәні қалған мүсіндей.
Түсім дейін десең – өңің сықылды,
Өңім дейін десең – тура түсіңдей!
Сонда Атаман сөйлеп кетті құтырып:
– 18-де кетіп едің құтылып...
37 ойран болып, сорыңа –
Өзің келіп түстің менің қолыма!
Қазына не – ұры-қары үлескен?
Бүкіл тарих өтті текетіреспен.
Қол-аяқтан шегенделген Ғайса да
Қарақұрым халық үшін күрескен...
«Бостандық» деп – түрме болды жеткенің.
Мәңгі бақи тұтқынымсың тек менің!
Адамзатқа азаттықты сағынған,
Сен...
Немене...
Ғайса болам деп пе едің?!.
Ал, не шықты пайғамбардың жолынан?
Ол – ессіздік, ол – шер-азап, ол – лаң!
Енді сенің мен жетермін түбіңе,
Ғайса да өлген Понти Пилат қолынан!
Сүйікті ұлын соққылатқан содырға,
Халық деген кім, ал, сонда?
Тобыр ма!?
– Жап аузыңды!
Тіл тигізбе халқыма!
Жете алмайсың сен халқымның парқына!
– Ессіздердің бәрі де осы – ел десе,
Түс аспаннан!
Сөйлесеңші пендеше!
Надан неме, сүйесің сол тобырды,
Саған неге жала жапты ендеше?!
… Осыны айтып сақ-сақ күлді Атаман,
Түсіңде де ұйықтатпайды жат адам.
Неше түрлі ойлар түйдің ішіңе,
Көз жеткендей зілзаланың күшіне,
Енді, міне... өңіңдегі Әзәзіл
Мазақтайды кіріп алып түсіңе!
ҚЫРАНДАР МЕН ҚАРҒАЛАР
...Тірі жан жоқ мойындайтын кінәні,
Көздерінде күмәнді ойлар тұнады...
Талақ қылып тарпаң сұмның жырқылын,
Еске алайық сол кезеңнің зіркілін:
Бір жағы – май, бір жағы – у ұртының
Пенделердің біледі әлем құлқынын;
Жылан олар – адамзатты арбаған,
Түбіне де жеткен солар ұлтының!
Ізгілікті ішіп-жеген көздері,
Абай айтқан: «шошқа туар сөздері».
Нәсіл де жоқ,
Ұлт,
Халық та жоқ онда,
Өздері бар,
Тек – өздері!
Өздері!
Қараң қалсын, қайтеді олар өзгені?
Есі-дерті – өз қарыны, өз демі.
Құлқыны үшін құлындарын сойып-жеп,
Өңі кіріп жүре бермек – өздері!
Жүргенменен мәңгүрт құсап мәңгіріп,
Жамандықта тіріледі жан кіріп.
Құдайға да сенбейді олар ғұмыры,
Маркске де сенбейді олар мәңгілік!
Абайдың да «осалдығын» аңғарып,
Ілиястың шабытына шамданып –
Жаһан жылап жатса-дағы – мәз-мейрам,
Жүреді олар тасбақаша жан бағып!
Адамзатқа арандарын тұр ашып,
Бәйек болып, жанкүйер боп, жыласып;
30-ыншы жылдардағы белсенді – ол.
Сол –
40-ыншы жылдардағы Власов!
Тарих – Ата ол жайлы,
Неше түрлі хикаяны толғайды.
Тоғышардың көзін ашып көргені –
Ошақ қана –
Отан деген болмайды!
Бір жағы – май, бір жағы у ұрты, әні,
Тақсыретін тартады оның жұрты әлі.
Кезі келсе Мұхтарды да мұқатып,
«Сәтін» тауып Сәкенді де құртады!..
Мінбелерге шығып алып, амалдап,
Сол шешендер қызыл тілі жалаңдап, –
Бет-ауызы шімірікпей жүр әлі,
Олжасты да жамандап!
Күлкілі ғой, күлкілі ғой, күлкілі!
Күлеміз деп жылаймыз-ау бір түбі!
Кім көріпті мұндай сайқал түлкіні:
Есімдерін өзі құртқан ерді айтып,
Естелік те жаза алады бір күні!
Кешір, аға,
Кеше көрші, Ардағым!
Отаны жоқ опасызда бар ма мұң:
Жеңдерімен көзін сүртіп соғып тұр –
«Жеке адамға табынудың зардабын!».
Көрген емес тығырыққа тіреліп,
Іштерінен бір тіріліп, бір өліп.
Қабақтарын түйіп алған қарс жауып,
Қасымды да қабылдамай жіберіп!
Қашан, бірақ соған іші налыды?
Жасынға кеп жанын қашан жаныды.
«Маскүнем» еді Мұқағали кеше оған –
Ақын екен...
Енді ғана таныды!
Ізгілікті ішіп-жеген көздері,
Абай айтқан: «шошқа туар сөздері».
Нәсіл де жоқ,
Ұлт,
Халық та жоқ онда –
Өздері бар,
Тек – өздері!
Өздері!..
Жазушылар арасында жүр олар,
Айтматов «Боранында» жүр олар.
Тоқсан жолдың торабында жүр олар!
Өздері – аман.
Өзгелер жоқ –
Куәлар!
Қалада да,
Далада да жүр олар;
О, сұмдық-ай,
Қайта құру хақында,
Қалай-қалай қақсайды, ей, мыналар?!
Әзәзілдің әлегі енді жетті, Аға!
Кеудем толы кек-нала ғой, кек-нала!
Кеудесінде жүрек те жоқ олардың,
Шырматылған ішек-қарын бар тек қана!
Кел,
Музаңа қанат байлап, самғашы!
Көзіңменен көрмей тұрып, нанбашы:
Дүниенің бетіндегі Қара Дақ –
Сол сұмдардың салып кеткен Таңбасы!
Жер түкпірін кезіп соның елесі
Төгілетін қан іздейді келесі;
Боққа толы ішек-қарыннан тұрады –
Ежов пенен Берияның денесі!
Зу-зу етіп төбемізден оқ ұшып,
Қайран жерің – қан майданның қонысы!
Сен жырлаған – Революция, Жан-аға,
Жүрек пенен ішек-қарын соғысы!!!
Жылан болып қастық жасар ұяға,
Қыран болып қарамайтын қияға –
Дүниенің күллі күйкі-көмеші
Айналады Анти-Поэзияға!
Адастырып алдайтұғын не бізді?
Аңқау көңіл талай таяқ жегізді.
Абдырап қап ішек-қарынға айттық-ау,
Жүрекке арнап айтатұғын лебізді?!
Саған мәңгі рақым нұры жауады,
Рухыңменен тазалатып ауаны.
Неге ұлына жала жапты – деген сол –
Түсіңдегі Анненковтың сауалы –
Ізгілікті ішіп-жеген көздері, –
Әзәзілдің шошқа туар сөздері;
Нала жатқан жүрегімді шаншиды.
Жала жапқан –
Сол сұмдардың өздері!
Сен көнбейсің жазмышына тағдырдың
Ата жауды ақыры естен тандырдың:
Ішек-қарыннан құлан-таза құтылып,
Жер бетіне Рухыңды қалдырдың!
Бірақ, әлі ішім дертті, Жан-аға,
Қалай сені құрбан қылдық жалаға?
Неткен шерлі қасіретті Отаның!
Орақ-Балға, жүзіменен Соқаның –
Жерге сеуіп ізгіліктің тұқымын,
Құртсам дедің Тоғышарлық Топанын!
Одан басқа кінәң бар ма, жазығың,
Қақсам дедің Қазақстан қазығын!
Көнді ме оған Наданың мен Пасығың,
Абдырап-ақ кеткенің бе, Асылым?
Ордалы бір Одақ қылғың кеп еді –
Робинзонның Лашығын!
Өле-өлгенше Ақиқатқа ділгірсің,
Ұстата ма, бірақ, бізге білгір сұм?
Христосты сатып кеткен Иуда,
Сені-дағы көрсетті ме?
Кім білсін...
Сатса – сатар!
Қайтем қуып елесті,
Ер ісіңді екшеп жатыр ел есті.
Халық сүйген Сәкен дейтін өр тұлғаң,
Қазақ дейтін халықтан кем емес-ті!
Ескі тарих елесі әлі миымда,
Ессіздікті болмай ма еш тыюға?
Оңымыздан,
Солымыздан бір шығып,
Соңымыздан қалмай қойды-ау, Иуда?!
Тар жол, тайғақ кешулерді не түрлі,
Кешіп өтіп, керім ұрпақ жетілді.
Адамзаттың азасы бір, шаттығы,
Әзәзіл де –
Біреу ғана секілді!
Асқақ өмір атпай қоймас таңдай-ды,
Нәсіліңді
Нәсіліңе жалғайды.
Қыран даусың қайта көктен естілді,
Біз Сен үшін соттамаймыз ешкімді!
Бірақ, ешкім ақтала да алмайды!!!
Құса жұтып, суып бозғылт түс-өңі
Өлген жоқсың.
Затың – Сұңқар құс еді.
Бар болғаны шаршап, ұйықтап – түс көрдің.
Бірақ, неткен қорқынышты түс еді!
...Тірі жан жоқ мойындайтын күнәні,
Көздерінде күдікті ойлар тұнады...
Арайланып атты, міне, нұр таңың.
Тұғырыңа қоншы, Қыран, Сұңқарым!
Оян, Аға, оян, қане, ұйқыңнан,
Енді мұндай түс көрмесін ұрпағың!
Неге үнсізсің?!
Тіл қатсаңшы балаңа,
Бауырыңа,
Сарыарқаңа
Далаңа!
Тәнің өліп кеткенімен,
Санада –
Рухың мәңгі тірі еді ғой, Жан- аға?!
СТАЛИННІҢ БАЛАЛАРЫ
Репрессия жылдары Алжирде (Акмолинский Лагерь Жен Изменников Родины) балалар бақшасы да болғаны анықталып отыр. Шешелері белгілі, әкелері белгісіз тірі жетімдердің басын қосқан осы балалалар бақшасының маңдайында
: «Бақытты балалық шағымыз үшін Сталинге рахмет!» деген ұран ілулі тұрған!
Қайда екен сол қызыл мата көнерген,
Қайда екен сол ұраншылар өлермен?
...Сталин жоқ!
Бірақ, күнде көшеден,
Сталиннің балаларын көрем мен!
Жүреді олар өз-өзінен күйініп,
Халқын көрсе қамшысын иіріп!
Тастады да сұр кителді сыпырып,
Еуропаша шыға келді киініп...
Есі-дерті – кресло,
бақ қана.
Жан-жағына көз тастайды сақтана;
Галстугы, ақ көйлегі болғанмен,
Жүректері баяғыдай –
Қап-қара!
Бір кездері Бейімбетті қамаған,
Берггольцты іштен теуіп,
Сабаған!
Иесінің айтағымен жүретін,
Ит іздейді ел ішінен қабаған!
Сәкендерге: «Түбіңе мен жетем!» – деп –
Жетті ақыры!
Айта алмайсың бекер деп;
Асылдарға тісін қайрап жүр енді,
37 қашан келер екен деп!
Оған адам – адам емес – тірі өлік!
Бірі неге қалмайды оның, бірі – өліп!
Ақындарын абақтыда ұстайды,
Албастысын бетіменен жіберіп!
Керегі оған – керең ұрпақ,
Жетесіз!
Құл боп көрші –
Майдай жаға кетесіз!
Ананы да абақтыға қамап ап,
Баланы да туғызады –
Некесіз!
Қайда екен сол қызыл мата көнерген,
Қайда екен сол ұраншылдар өлермен?!
Сталин жоқ,
Бірақ, күнде көшеден,
Сталиннің балаларын көрем мен...
ҚАРЛАГ
Қаракесек, Қуандық, Қаржастың
Табын-табын жылқысы жайлаған жер еді.
Оңбағандар ордасы қылды Карлагтың,
Абақты көрмеген арда елге обал болар демеді!..
Кәуірдің сасық арағы
Қымыздан тәтті бал сынды.
Құлындарым – жасаураған жанары,
Құрауласам, естімейді дауысымды!
Аяздан шемен өңмені,
Алай да дүлей қар борар;
Көзін ашып елдің көргені –
Жансыз бен түрме,
Жандарал!
Осы деп елде Ай маңдайлы ұл,
Күш болса кімнің қолында, –
Жандарал көрмеген жандай бір
Қазекең – соның соңында.
Уәзірге лайық осы деп,
Топырақты ойлап, обалды, –
Бір шалдың ұлын қосып ек,
Құлқынның құлы боп алды!
Кім туар енді белімнен?
Адам жоқ аузы дуалы.
Алтын айдарлы ұлдар тумаса еліңнен,
...Құлдар туады!
АЛМАТЫ. КОММУНИСТІК ПРОСПЕКТ, 105
Бесіктен біз де беліміз шықпай батыр ек,
Келемін мұнда керемет азап кешіп мен;
Әлжеке, мені, ғафу ет, бізді ғафу ет!
Біздер де кірдік сіздер кіретін есіктен.
Патшалар осы – түспейтін алтын тақтан да,
Ұлыстарының ұлан да ғайыр көлемі.
Тұрғындар шулап, өсекке таңып жатқанда,
Туған ел оны жүректеріне бөледі!
Қаралы көштей қара бұлт торлап аспанын,
Қасқайып тұрды қатал тәңірге қарап паң:
Сталин –
Сәкен, Бейімбет, Ілиястарын
Әдебиеттегі әдеби иттерге талатқан...
Күңіреніп талай көз жасын ол да көрді үзіп,
Қасарып бірде,
Жасарып,
Елмен тел өсті.
Ешкім де оны: «Айт!» – десе, – қойша өргізіп,
«Шайт!» – десе – қойша жусата
алған емес-ті...
Келемін мен де бір ойлар жанды мазалап,
Еркелеп шықтым сол үйден еңсем түсіп кеп.
Халықтан ғана туады екен Азамат,
Тұрғыннан кілең пенделер ғана күшіктеп...
Бесіктен біз де беліміз шықпай ақын ек,
Келемін мұнда керемет азап кешіп мен:
Әлжеке, мені ғафу ет, бізді ғафу ет!
Біздер де кірдік сіздер кіретін есіктен...
Кеткен жоқ әлі,
Кепкен жоқ әлі сор табы.
Елімнің даусы шыңғырып, шықпай жүр менде.
Әлі де қорқам...
Ел-жұртың әлі қорқады –
Әдебиеттегі әдеби иттер үргенде...
«Қой!» – деші соған!
Ғарышқа тұрған ұшқалы,
Ақынды көрсек бой да өсіп қалар, ой да өсіп;
Жүр мұнда, міне, Қазақтың
Қызғыш Құстары –
Алаштың Асқақ Рухыменен сөйлесіп!
МАҒЖАНҒА ХАТ
Зілзалалы ғасыр өтті сонымен.
Оп-оңай-ақ жөнер деп ем оны мен?
Сен аңсаған азаттықты Алашқа
Алла өзі бере салды қолымен.
Құл-құтаннан кіл бекзатым құралып,
Алла жазса ел болармыз бір алып?
Сен түрмеден түркі рухын шығарсаң,
Біз де мәзбіз –
Ішек-қарынды шығарып...
Ел де тыныш:
Азаттық деп қақсамай,
Бас – зілмауыр,
Шаш – бурыл,
Ақ – самай.
Итаяқтан сары су ішкен мына жұрт, –
Хрустальдан шарап ішкен патшадай!
Кер заманым кетті алып зықымды.
Бұл заманның дерегі жоқ сықылды,
Бұдан басқа берері жоқ сықылды.
Пушкин – кетті...
Келместей боп кетті ме ол?!
Абайдың да керегі жоқ сықылды...
Жаһандағы ел ме екенбіз ең ұлы,
Есері де басқа жұртпен тең, ірі?
Көрім болды құтылғаным Колбиннен,
Елде қалған Елтайға жер кеңіді!
Алай-түлей, аласапыран алқымға ап,
Көңіл күпті,
Көшкен жұрттан халқың қап.
Азаттықты Алла берді Алашқа.
(Оған, бірақ, керек екен алтын тақ!)
Рух қайда?!
Тас жүрек пен мес дене, –
Көретінің бозала таң, кеште де.
Тұран керек.
Құран керек қазаққа.
Абай керек !
Одан басқа – ештеңе!!!
Жүрегіңде – Көк Бөрі.
Ұлиды кеп Тәңіріне көктегі.
Қайран жұртың қазағыңа, өйткені,
Мен түгілі, сенің сөзің өтпеді.
Көкке қарап әлі ұлып тұр Көк Бөрі.
АҚЫН МЕН ТОБЫР
(Пушкиннің әуенімен. ХХІ ғасыр)
Антипоэзия дейтін бір жексұрын бар мына жарық дүниеде. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомермен ілесе туған. Атамзаманнан тайраңдап келеді. Тарихқа қарап отырсаңыз, осы оңбағанның ең тежеусіз, бетімен кетіп, сайран салған кезеңі совет өкіметінің тұсы екен. Тексіз құл , бетсіз күңмен қоса құтырған пәле! Ленин шала сауатты, дарынсыз Демьян Бедныйды мемлекеттің бас ақыны деп жариялайды. Өзі тұрған Кремльден пәтер береді. Бұл кезде Александр Блок та, Осип Мандельштам, Анна Ахматова да тірі. Блок аштан өледі. Мандельштам айдалып кетеді. Ахматова өле-өлгенше үйсіз-күйсіз өтеді.
Ал, одан кейінгі «ақын өлтіру ойынын» Жұматай Жақыпбаев былайша суреттейді: «Ер білексіз байғұсты, Зеңбірексіз байғұсты, Қу арақ тойда, мұнда да, Қуалап ойға, қырға да, Ойнайды заман сойылы – Ақын өлтіру ойыны! Заңын да салып соңына, Жарын да салып соңына, Қоймайды жанын, үндеме, Ойнайды күндіз, түнде де. Қамшы бас, заман сойылы – Ақын өлтіру ойыны! Көріне даусын жеткізбей, Еліне даусын жеткізбей, Аузы мен мұрнын тығындап, Сыртынан сұмдар сыбырлап; Ойнайды келіп той ұлы, Ақын өлтіру ойыны! Жас бала демей қарбытып, Баспана бермей қаңғытып, Тойласын соңғы жеңісін, Солардың жері кеңісін; Өлтірмей Құдай жөнімен, Ойнап жүр енді менімен...».
Мен –
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым:
Күпті –
Сайран салған, қайран, көңілім!
Бітті...
Ойран – заманым!
Ақындардың соры – қалың, бағы – аз да,
Қара тағдырым – қасіретті қағазда.
Іш тартпасын көрдім саппас тобырдың,
Саппастығын сезіп қойған сабазға.
Көрдік біздер не бір қара беттерді.
Кеудемізді керемет бір кек керді.
Замандастың бәрі иілді заманға.
Біз тік тұрдық.
(Бізді ол, сонсоң, жек көрді!)
Содан кейін сотталғанбыз сан рет.
Соттала сап,
Ақталғанбыз сан рет.
Ақтала сап,
Тағы да бір Сұмменен,
Сұмырайға тап болғанбыз сан рет.
Енді ақындар жекпе-жекке қатысып,
Мерт болмайды атысып!
Сотталмайды соры қайнап бостан-бос,
Ақталмайды қара бет боп,
Шатысып...
Көзге ешкімді ілмей,
Қырт –
Жердің бетін жаулап алған пілдей құрт,
Ақындарды ұстайды енді өзіндей –
Өлімтікпен бірдей ғып!!!
Мен –
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым.
Құлдар сүйді –
Құл иелену заманын!
Сұмдар сүйді –
Сұм иелену заманын!
Қайтем енді құлға кеткен есемді,
Қайтем енді сұмға кеткен есемді?!
Қайдасың, қайран Моцарт?
Көтер басты!
Сен болмасаң Сальерилер өсер-ді.
Асылыңды ардақтасаң, Алашым,
Жарқын күнге жеткізерсің осы елді!
Қызыларай-Ақтоғай-Қарқаралы-Қарағанды-Ақмола-Дубовка-Жаңарқа.
Қарағанды. 1987-2014 ж.ж.