Мұндай ғаламатты кім көрген, мәліметтерге сүйенсек «Музей түніне» 47 мыңнан астам адам келген. Былтырғы жылғы көрермен саны 30 мың адам болғанын топшыласақ, биылғы қорытынды жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Мұражай ішін думанға айналдырған жұртшылықты сараптай келе, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мерекелік кеш туралы ойын былайша жеткізді.
– Елорда тұрғындары мен қонақтарымен осы мерекелік кешті бөлісу өте қуанышты. Астанадағы «Музейлер түні» естен кетпестей думанға толы болды десем, қателеспеймін деп ойлаймын. Бұл қазақстандықтардың өз мәдениетіне, тарихына және өнеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Біздің міндетіміз — осындай іс-шаралар арқылы адамдарға еліміздің рухани мұрасын қолжетімді ету».
Шарада тұс-тұстан ағылған көрермендерге әртүрлі қызықты бөлімдер ұсынылып, кеш көрігі қыза түсті.
Атап айтар болсақ, ұлттық музей басылымдары мен «Алматы кітап» баспасының кітап көрмесі, «Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде» авторлық қуыршақтар көрмесі, «Көненің көзін ашу» атты ҚР Ұлттық музейі консервация және қалпына келтіру қызметінің көрмесі мен шеберлік сабақтары, қолөнер жәрмеңкесі, ғылыми дәрістер, театрландырылған экскурсиялар мен ойын-квесттер. Ал «Жұлдызды гид» жобасында тарихшылар Радик Темірғалиев, Жақсылық Сәбитов, Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, медиаменеджер Арманжан Байтасов, блогер Диас Камериданов пен «Pygmalion» галереясының негізін қалаушы Данагүл Төлепбай музей залдарында экскурсия жүргізді.
Мерекелік кеште Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Үрмелі аспаптар оркестрі мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, би ұжымдары, диджейлер өз өнерлерін паш етіп, соңында отты шоу көрсетілді.
Музейде ұлтымыздың сан ғасырлық тарихи жәдігерлері мен көне балбал тастардың түпнұсқасы сақталған. Үйсін, сақ дәуіріндегі ежелгі адамдардың антропологиялық бет-бейнесі, шежірелі қалалар макеті, байырғы бабаларымыздың киім кию үлгісі, қордалы астық қамбасы мен әшекейлі бұйымдары көрсетіліп, көрерменнің қызығушылығын туғызды.
Әсіресе Палеонтология залы қонақтар арасында ерекше танымалдылыққа ие болды. Ересектермен қатар балалардың ықыласын оятқан «Палеонтология» залы Қазақстан жануарлар әлемінің алуан түрлілігі мен байлығын насихаттауға, сонымен қатар әртүрлі геологиялық дәуірлерде өмір сүрген омыртқалы тіршілік иелерінің эволюциясын көрсетуге арналған. Мұнда тираннозавр, үш саусақты гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы, алып мүйізтұмсық, мамонт секілді ежелгі тарихқа дейінгі кезең жануарларының және Қазақстан аумағында палеонтологтер мен геологтер тапқан басқа да тіршілік иелерінің қаңқалары жинақталған. Экспозицияда жалпы саны 263 экспонат ұсынылып, аталған зал заманауи ақпараттық құралдармен жабдықталған.
Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Сайлаубек Махамбетұлы ауқымды шараға тоқтала келе, биылғы «Музей түнінің» ерекшелігін атап өтті.
– Биылғы «Музей түнінің» ерекшелігі сол, біз Ұлттық музейдің өз құндылықтарын көрсетуге тырысып жатырмыз. Сонымен бірге, көрермен назарын музей мамандарына аударып отырмыз. Мәселен, халықаралық музейлер күні «Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы» атты симпозиумнан басталды. Яғни Қазақстанның 28 музейінен 50-ден астам қызметкерлер келіп, оларға біздің қор сақтаушылар өз тәжірбиесін үйретті. Екінші ерекшелігі, «Көненің көзін ашу» атты көрме ұйымдастырылып, реставратрларымыз мен консерватрлар жүйелі еңбектерін жұртқа паш етуде. Әдетте, көрме кезінде тек қана дайын дүниелер қойылса, осы жолы үрдістің өзі қонақтар назарына ұсынылып отыр. Басты мақсатымыз көрермен музей қызметкерлерінің жұмысын көзбен көруі, сезінуі керек деген ниеттен туындаған болатын, – деді ол.
Көпшілік қошеметіне ие болған «Көненің көзін ашу» атты консервация және қалпына келтіру қызметі көрмесі шеберлік сабақтарын өткізумен қатар, елдің қойған сұрақтарына жауап берді.
– Ұлттық музейдің реставратция бөлімінде жұмыс істегеніме біршама уақыт болды. Зергерлік өнермен айналысып жүргеніме, міне, он жыл. Қазір көрерменге зергерлік бұйымдарды жасау, дәнекерлеу ісін көрсетудемін. Бұйымды жасауда оның қандай үрдістерден өтерін, нендей қиындықтар туындайтынын халыққа көрсетіп жатырмыз, – деді зергер Бақытжан Дүйсенбек.
Көрерменге ұсынылған басты нысанның бірі – «Қазақстан тарихы» залы. Қазақ жерінің тасқа таңбаланған сом тарихы таныстырылатын залдың жалпы ауданы 1481,5 шаршы метрді құрайды. Экспозиция үлкен және екі кіші залда орналастырылған. Экспозицияның негізгі бөлігінде XIII -XX аралығында қазақ даласында болған саяси оқиғалар, көшпелі мәдениеттің қалыптасуы мен қазақ халқының рухани өмір салты бейнеленген. Экспозицияда қазақ мемлекетінің құрылуы, мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы, қазақ руларының жоңғар жаулаушыларына қарсы күресі, еліміздің Ресей империясының құрамына кіруі және ХХ ғасырдың аяғына дейінгі басқа да тарихи үдерістер туралы баяндалған. Қонақтарға отаншылдық рух беріп, өткеніне қадам бастырған тағылымды бөлім ығы-жығы халыққа толды.
«Музейлер түні» – еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға, көпшілік асыға күтетін дәстүрлі шараға айналып отыр. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – еліміздің ең басты әлеуметтік-мәдени мекемесі ретінде музейге деген көпшіліктің қызығушылығын ояту, тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламалар арқылы музейдің беделін арттыру. Бірегей шара жастардың шығармашылығын дамытуға, мәдени орта құруға үлкен септігін тигізеді. Елордамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін аталған шара музей әлемімен танысуға, музей коллекциялары мен экспозициясын көруге, мәдени бағдарламаларға қатысуға және көңілді демалып қайтуға зор мүмкіндік береді.
АСТАНА