Соңғы дерекке сүйенсек, халықтың 69,03 пайызы қазақтар. Бұл шамамен 20 миллионға жуық азаматтың 13 миллионнан астамы деген сөз. Демек, бүгінде демографиялық ахуал өзгерген тұста, тіл саясатына қатысты көзқарасты да өзгертетін уақыт келді. Ендігі жерде «Қазақ тілінің тұтынушылары кімдер?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.
Ел тұтқасын ұстайтын жаңа шенеуніктердің шоғыры – Президенттік кадрлық резерві екені анық. Бастамаға алғаш 2019 жылы 300 маман іріктелсе, 2021 жылы қатары 50 жас маманмен толықты. Бүгінде олардың 75% мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік секторларға тағайындалған. Бір айта кетерлігі жастардың басым бөлігі – «Болашақ» бағдарламасының түлектері.
2021 жылы Халықаралық бағдарламалар орталығының сол кездегі президенті Айнұр Кәрбозова: «11 мыңнан астам түлектің 50%-дан астамы орта және жоғары деңгейдегі жетекші қызмет атқарады. Яғни түлектердің жартысынан көбі – Қазақстан өміріне жанама немесе тікелей әсер ететін маңызды шешім қабылдайтын басшылар. Мыңнан астам түлек немесе 10%-ы өз кәсіпорындарын ашқан. Яғни олар шағын және орта бизнесті ілгерілетуге белсенді қатысып отыр. Жалпы, бұл сандық және сапалық мысалдар, қарапайым арифметиканы қолданғанның өзінде, салынған қаражаттың ақталатынын және түлектердің барлық ұлттық, республикалық жобаға қатысуы жобаның табысты болғанын көрсетеді», деген еді.
Демек осы жастардың қазақ тілінде еркін сөйлеуі мемлекеттік тілдің мәртебесін айғақтайды. Ал қоғамдағы «Болашақ» стипендиаттары мен түлектерінің белгілі бір бөлігі мемлекеттік тілді білгенімен, әдетте орысша сөйлеседі деген пікірді ескерсек, стипендияға іріктеу кезіндегі қазақ тілінен тест деңгейін күшейту керек. Осылайша, қажеттілік туғызу арқылы мемлекеттік тіл мәртебесін өз деңгейінде сақтауға болады. Сұранысқа ие тілде ғана ата-аналар өз балаларын оқуға береді. Адамдарды қажеттілік қамшыласа, тілге жол ашылады.
Елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары талқыланып жатыр. Тіпті Мемлекеттік қызмет істері агенттігі былтырдан бастап Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жоғары оқудан кейінгі білім алушы үміткерлерге мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес білуі бойынша сертификаттарының болуы туралы талап енгізілген. Ал биыл Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезінде мемлекеттік тілді білу негізгі талап ретінде бекітілген. Бұған ардагер мемлекеттік қызметші Серік Сапанов былайша салмақты пікірін білдірді.
– Тілді білу бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші, түсіну. Екінші, сөйлей білу. Үшінші, оқып-түйгенін айта білу. Төртінші, өз ойыңды еркін жаза білу. Біз қазір басқа ұлт өкілдерінің сөйлегеніне мәз болып жүрміз. Мемлекеттік тілді білу басқа ұлттар үшін ғана емес, орыс тілді қазақ үшін де мәжбүрліктен туындайды. 32 жылдан асты, енді біз қазақтың тілдік тұрғыда тәуелсіз мемлекет болғанын қаласақ, бірінші депутаттыққа және мемлекеттік қызметшіге үміткерлер қазақ тілін толық меңгеруі қажет. Тек түсініп сөйлеп қана қоймай, оқып-жаза білуі міндетті болу керек, – деді ол.
– Негізі бұл жерде үлкен коммуникациялық проблеманың шегі шығады. Біздің мемлекеттегі қазір болып жатқан көптеген коммуникациялық дағдарыстың, кейбір ситуациялардың астарында тілдік проблема жатқанын мойындау қажет. Мәселен, зауыт, фабрикаларда қазақша сөйлемейтін топ-менеджерлер бар. Олардың көпшілігі өз деңгейінде жұмысшылар тілімен сөйлесе алмайды. Өйткені басшылық орысша, қатардағы қарапайым жұмысшылар қазақша сөйлейді. Бұдан екі ортада коммуникациялық дағдарыс туындап жатады. Басшылық өзінің тілінде сөйлемеген соң, жұмысшыларда кішкене араздық, ренжу пайда болады. Осындай үлкен коммуникациялық проблема бары жасырын емес. Сондай-ақ бұл жерде тілдік фактордың болуы көптеген топ-менеджерді немесе мемлекеттік қызметкердің қазақ тілін білмеуі басты проблема екенін, шешуші факторлардың бірі екенін мойындау керек, – деді журналист Жайнагүл Төлеміс.
Журналист сөзінің жаны бар. Себебі мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметшілерге заң жүзінде міндеттелмеген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығына сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін мән белгіленбейді» деп жазылған. Демек бұл мемлекеттік қызметке өту барысындағы тапсырылатын тестілеуде қазақ тілінің қажеттілігі жоқ екенін білдіреді. Бірақ мемлекеттік қызметке өткен азаматқа «Үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден сәтті өтті» деп беріледі. Бұл – таза мемлекеттік деңгейдегі парадокс. Яғни мемлекеттік қызметші мен халық, жұмыс беруші мен қатардағы жұмысшы арасында коммуникациялық проблема бар деген сөз.
– Өйткені мемлекеттік қызметшілер күнделікті халықты қабылдайды, олармен тілдеседі. Ал қазақ тілін білмейтіндер олармен қалай сөйлеседі? Сәйкесінше, өзара диалог болмағаннан кейін ортада үлкен проблема туындайды. Сондықтан қазақ тілін базалық деңгейде емес, өте терең деңгейде білу қажет. Өйткені кейбір сөздердің бірнеше мағынасы болуы мүмкін. Яғни мемлекеттік қызметке азаматтарды аларда тілдік деңгейі 0 балл емес, шын мәнінде тілдік деңгейі көрінуі қажет. Себебі халықпен сөйлесетін бірінші кезекте «А» немесе «Б» корпусына өтетін азаматтар. Яғни қазақ тілін білу үлкен корпоративті мәдениеттің үлгісіне айналуы қажет. Корпоративті мәдениет дегеніміз не? Бұл ұжымның өзара диалог орната алуы, түсінісуі және ұжымның құндылықтарын, басшылықтың мынау қарапайым жұмысшыларға түсіндіре білуі. Басшылық орысша сөйлегендіктен, ұжымның құндылықтарын қатардағы азаматтар түсінбейді. Салдарынан ол жерде тағы да кикілжіңдер болып жатады. Негізінде, тілді білу ұжымдық мәдениеттің үлгісі болуы қажет, – деді Ж.Төлеміс.
Қоғам тарапынан мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуіне қатысты көңіл толмаушылықтың бары жасырын емес. Яғни кадрлық әлеуетке сапалы тұрғыдан өзгеріс керек. Мемлекеттік тілді дамытуда, халықтың қазақ тілін еркін және тегін меңгеруіне барлық жағдай жасалғандай көрінеді. Бюджеттен бөлінетін миллиардтар солай дегізбей қоймайды. Кезінде мекемелерде қазақ тілін үйрету кабинеттері ашылып, елдің бәрі тіл үйренуге кіріскен-ді. Одан нәтижесі шықпады ма, әйтеуір кейін әлгі кабинеттер ұшты-күйлі жоғалды. Ендеше, мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді үйрету үшін не істеген дұрыс?
Негізінде мемлекеттік тіл мәселесінің бір шешімі саяси ерік-жігерде жатыр. Егер билiкте мемлекеттiк тiлдi жақсы қарқынмен дамытамыз деген шын ниет болса, бiр ғана заңның өзi де жеткілікті. Ал мемлекеттік қызметке 30 жыл ғұмырын арнаған Серік Сапанов Ата заңға өзгерістер енгізілуі керек дейді.
– Конституцияның 7-бабының 2 және 3-тармақтарын алып тастауды депутаттар талқылауына ұсынамын. Себеп БҰҰ-ның ережесінде жергілікті мемлекет құрушы ұлт ел халқының 2\3-нен, яғни 66 пайызынан асса, ол бір ұлтты (моноұлтты) мемлекет болып есептеледі. Барлық елде де басқа ұлыстан отандастары жеткілікті. Бірақ олар жергілікті мемлекет құрушы ұлтпен артықшылыққа таласпайды, таласса азаматтықтан айырылуы мүмкін. Талас мақсат, талапты заңмен айқындамаудан туындайды. Мұны Ата заңмен айқындау біз сияқты орыс отарынан шыққан елдерге аса маңызды. Өйткені осының кесірінен біз әлі мемлекет негізін айқындамай кейбір жерлестеріміздің ауа жайылуына жол ашып отырмыз, – деді ардагер.
Бұл тәжірибені Қырғызстан мен Өзбекстан елдері жүзеге асыруға кірісті. Олар мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді міндеттеп үлгерді. Біз де осыған келуіміз керек. Егер білімді, көкірегі ояу, еңбекқор жастар – еліміздің тұрақты дамуының басты индикаторы десек, бұл салаға іріктелетін жас қызметкерлерге мемлекеттік тілді жоғары деңгейде білуін міндеттеу қажет.