Қоғам • 22 Мамыр, 2023

Қоғам ойлы тұлғаларға зәру

557 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жақсы адам әр дәуірде, әр қоғамда бар. Санасы сергек ұрпақ ұлтына жанын беріп, қанын төгіп, адал қызмет еткен жандарды құрметтеп, қадірлей алады. Еліне еңбегі сіңген қайраткерлер кімдер, ал кімдердің қоғамға пайдасынан гөрі зияны басым, жиіркенішті екенін біліп, ара-жігін ажырату кезінде абай болғанымыз абзал. Өтірік пен өнеге өмірде қатар тұрмауы керек.

Қоғам ойлы тұлғаларға зәру

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл орайда тарихшы ғалымдар мен саясаттанушыларға, қоғам­дық пікір иелеріне әділетті пайым, шынайы көзқарас, терең зерттеулер, зор жауапкершілік жүктеледі. Бұл – өмір­шең мәселе. Мұны айтып отырғаны­мыз, бұрынғылардың жіберген қателік­­тері мен олқылықтарын түзету күрескер­­лігі бүгінгілердің қажыр-қайраты мен ­білім-біліктілігіне тән нәрсе болып отыр. Әсіресе мемлекеттік қызметте.

Әділетті Қазақстан үшін бұл мәселе тіпті ерекше маңызға ие. Мемлекет­тік қызметші атану адамнан кәсіби білімді, рухани-мәдени өресі жоғары, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуды талап етеді. Сонда ғана олар қоғам мүддесі жолында шешім қабылдай алатын тұлға деңгейіне кө­теріле алады. Мықты кадрлар корпусынсыз өркениетті нарыққа өту мүмкін емес. Ал нарықтық қатынастарда барлық әлеуметтік-экономикалық сала бойынша биік деңгей мен өре керек. Онсыз халықпен ашық диалог орнатылмайды. Мобильді жұмыс істей білуді меңгеру де талап өлшемі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жеке бастамасымен кадр саяса­ты жөнінде түрлі мемлекеттік бағдар­ла­малар қабылданды. Ел ертеңіне сенім­ді күш – қабілетті жас мамандар резер­він әзірлеу, меритократия қағидатын енгізу, мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыру белгілі бір деңгейде өз нәтижесін беріп келеді.

Қоғам талғамының өсуінің нәти­же­сінде мемлекеттік қызметке де жаңа талаптар қойылды. Бұл міндеттер мен талаптар Қаңтар оқиғасынан ке­йін қатая түскенін, азаматтық қоғам­ның да бұл бағытта бақылау мен қада­ғалау жұмыстары жанданғанын се­зін­беу мүмкін емес. Алайда бүгінде ше­неуніктер берілген мүмкіндіктер мен уақыттарын жұрт күткендей жаңару мен тың серпіліске тиімді пайдалана алмай отыр. Сөз көп, іс мардымсыз. Ескі кадр ескіше жұмыс істеуге әбден дағдыланып кеткен. Бюрократияға бейімделіп алған. Қарақан басының барлық жағдайын жасап жатқан ше­неуніктер артық қимылдамайды, қоз­ғалмайды, қағаз жүзінде «қарқынды даму үстінде» дейтін асырып жазған мәліметтерді жоғары қарай жолдайтын пысықай күйінде қалып отыр.

Турасын айтсақ, бүгіндері жергілік­ті әкімдер Мемлекет басшысының тап­сырмаларын жүйелі және сапалы орындауда қауқарсыз, жаңаша әрекет етуге икемсіз, нақты істерде дәрменсіз екенін көп жағдайда көрсетіп қойды. Халық бәрін көзбен көріп отыр. Жүз жерден өзіне бағыныстағы адамдар жарнамасын жасап, ақылы мақтауын жеткізсе де қажетті деңгейде сенім­нен қалған. Бүгінде пара алып, істі болып жатқандар кімдер? Шенеуніктер. Жауапты істерден жалтарып, ізін жасырып, ел асып жатқандар кімдер? Тағы, шенеуніктер. Қазынаның мил­лиардтаған ақшасын жымқырам деп, масқара болып жатқандар кімдер? Тағы да мемлекеттік қызметшілер.

Енді қоғам мен елді көпшілік ше­неу­ніктерден қорғау керек деген, ойшыл­дардың қанатты сөзіне арқа сүйеп, күресу керек шығар. Біздіңше, батыл әрекеттер мен қоғамдық бақы­лауды күшейту абзал. Мемлекет бас­шы­сының жаңа саяси мәдениетті қа­лып­тастырудағы барлық бастамасы мен табанды ұстанымына сай адалдық таныту бұқаралық іске айналуға тиіс. Ескі дағдыны күресінге лақтырып, қоғам өмірінен парақор, жемқор ше­неу­ніктерден аластату ісі әлеуметтік мәселенің ең зоры екенін жаппай сезіндіру саясатын жүргізуге басқа­лай сипат берген жөн. Ол – халықпен пікірлесіп, ашық диалог жүргізу және қалың бұқараның соған көзін жеткізу. Келеңсіздікті жоюдың барлық іс-шарасын жария ету.

Ұлт үшін адал қызмет ететін азаматтар ғана қоғамды алға сүйрей алады. Сондықтан әділетті қоғам құру ісінде, реформаторлық талаптарға ілесе алмаған кадрларды алмастырудан басқа ештеңе қалмай отыр.

Қоғамда әлі күнге дейін қызу тал­қы­ланып келе жатқан кадр мәселесін­де, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқанындай, өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Бұл тұста отаншыл, мемлекетшіл қасиеттерді Алаш арыс­тарынан үлгі етіп алсақ та артық болмас еді. Сосын мемлекеттік қызметші жайында бізде ұнамсыз сөз көп айтылады. Себебі… Мысалы, Франция­да мемлекеттік қызметші санымен емес, сапасымен, білімді және кәсіби білік­тілігімен өлшенеді. Тіпті француз халқы «мына үйде мемлекетшіл қызметші тұрады» деп мақтанып айтады. Ал бізде ше? Ала-құла пікір. Қызғаныш пен жақтырмаушылық.

Бұл нені көрсетеді? Әбден ығыр еткен, түрлі себептермен, бюрократия мен жемқорлық секілді жағымсыз құбылыстар арқылы сіңісіп кеткен теріс ойдың салдары. Әйтпесе шенеуніктің бәрі жаман емес, ауыртпалықты көтере білген, адал да алғыр өкілдері болған, олар қазір де бар.

Негізінен кадрлар құрамын жа­ңар­тып, біртіндеп ауыстыру керек деген ойды құп аламыз. Әсіресе аса бір ерекше қабілеті жоқ, алайда жоғары тұрған әкімге жағымпаздығымен не жерлестігімен жаққан қоңыртөбел, шіренген шенеуніктердің еш қиын­дықсыз көтеріліп, майлы жілікті ман­сапта отыратын жағдайға жол бер­меуіміз керек.

Қалай? Ол үшін халықтың арасында айтылатын әртүрлі көзқарас пен пікірді қатаң ескеру қажет. Жалпы, ел басқару жұмыстарында түрлі ұйым мен қоғамдық кеңестің ықпалы мен ұсыныстары нақты ел тілегіне сай естіле бермейді. Бұл да ойланатын мәселе.

Халықтың көңіл күйінде дәл осы жергілікті кадрларды қызметке ірік­теп, орналастыру, тамыр-таныстық­тың әлі де етек алуы сияқты жағымсыз әрекеттерге, руластық-сыбайластық бай­ланыстардың бұзылмауына алаң­даушылық бар. Бұл ұрлықты жасыр­ғанмен бірдей емес пе? Қоғамды кері сүйреушілер осындай ескі жүйедегі кәнігі қызметшілер болса, онда оларды алмастыру керек. Басқа қандай ықпалды жолдар мен шешімді іс болуы­ мүмкін?

Жақында қоғам қайраткері Жақсы­бек Құлекеев «Egemen Qazaqstan» га­зетінде жарияланған мақаласында жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде жаңа үлгідегі басшылар қашан пайда болады, деген сауалға қатысты мына­дай ой айтыпты: «Әлі күнге дейін әкімдер мен министрлер арасында басқару­дың кейбір үлгілерін экс-президент­тен қабылдаған адамдар бар. Өйт­кені олар тікелей соған қызмет етті. Олар халықтан бұрын соған жағуды ой­лады. Енді мәдениеті, көзқарасы, басқару принципі, тіпті басқаша қалыптасқан жаңа Президентіміз бар».

Мақала авторы жуық арада соған ұқсағысы келетін басшылар көбейеді деген ойын да білдірген. Солай болуы –  өмір заңдылығы. Қоғамға керегі де сондай парасатты, адал, мәдениетті, сыйлы, халықшыл азаматтар. Тойымсыздық психологиясынан ада, жаңа үлгідегі басшыларды тәрбиелеп шығару – оңай іс емес. Ең бастысы – қоғамдық орта қажет. Жұртты айтқан сөзіне сендіре алатын, тыңдата алатын табанды, турашыл, ақылды тұлғалар мен айбарлы қайраткерлер болмаса, ықпалды қоғамдық, мемлекетшіл ортаның қа­лыптасуы қиын.

Тарихымызда тәуелсіздіктің қа­лыптасуына өзде­рінің алмас қылыш­тай өткір сөздерін ­айтып, қоғамдық мәдениет пен ұлт­тық ой-сананы сер­гітуге зор тарихи үлес қосқан тұлға­лар аз емес. Академик-заңгер Салық Зима­нов, өмірдің өжет сөзін айтып өткен Шерхан Мұртаза, ұлы ойшыл, ақылдың кені Әбіш Кекілбайұлы, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқ­таған Герольд Бельгер, қоғам мен ұлт мүддесінде жеке батыр Алдан Айымбетов және көптеген елінің бү­гіні мен ертеңі үшін әділеттіліктің, шын­дықтың қанын сорғалатып, билікке тік қарап, қоғамның сөзін айтқан танымал азаматтардың орнын жоғалтпайтын, аманат жүгін одан әрі жалғастыратын қоғамдық пікірдің көшбасшыларын халық шын сағынады. Жоғарыда аты аталған көптеген дара тұлғалар атойлап тұрғанда көпшілік уайым жемей, тағдырлы мәселелердің дұрыс шешілуінде арқа тұтып жүретін еді. Тек Алматы мен Астанада емес, өңірлерде де сол кезеңдерде қалың ел құрметтей­тін қоғам қайраткерлерінің қатары толыға түсті. Мәселен, Ақтөбеден философ-профессор Амангелді Айталы ұлттану туралы, Оралдан көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева ұрпақ тәрбиесі, Шымкенттен жазушы Мархабат Байғұт, түркістандық әдебиетші-ғалым Құлбек Ергөбек, басқа да абыройлы азаматтар ел бір­лігі, өмір шындығы, мансаптың терең мағынасы жайында жазған тартымды дүниелері ортақ қоғам мәдение­тін қалыптастыруға септігін тигізді.

Қазір осындай ірі және еті тірі тұл­ғалардың шоғыры аймақтарда аз­дау ма деп қаламыз. Кейбірінің көзге түсетін «белсенді қызметі» тек жер­гілікті дәу шенеуніктерді бас-көз жоқ мақтаудан асып кете алмай жүрген се­кілді. Себебі жұртшылық аузында­ғы шығармашылық адамдардың күн­кө­рісі мен күйбең тірлігі бір басқа болса, жергілікті әкімдерге жұрттың мұң-мұқтажын айтудың орнына, ел сөзінің шырпысын шығармай, жақсы істерге жол сілтеудің орнына көпе-көрнеу жалған мадақ-мақтау сөзден тау тұрғызып, бәйек болуымен теріс әсер қалдыруда. Мұндай сорақылыққа өршіл рухтағы жастар жағы әрине, өкпелейді. Өсіп келе жатқан саналы да сергек ұрпақтар толқыны өнегені өрбіткенді дұрыс санайды. Қайсар тірлік пен батыл қадамдарға қарап бой түзейді. Сөз түзелмесе, құндылықтар қадірленбесе, сосын «Қураған ағаштан қобыз шықпайды» деп жүрсе не дейміз?

Өмір өзгерді. Талғам мен талап та жылдам өзгеріп жатыр. Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісін үйренетін кейінгі жас буын үшін адамшылық қарым-қатынас пен кісілікке көлең­ке түсіретін ұсақ-түйек кемшілік болмауы керек. Ел ішінде болып жатқан өзгерістерді ілгерілетуге белсенді аза­мат­тардың тікелей қатысы бар және солай болуы керектігін есте ұстаған жөн.

Әділетті Қазақстан құру ісінде қан­дай қоғамдық міндеттер тұр? Мақсат – айқын. Үлгі бар, тек үйрену керек. Үмітті ақтайтын және сенімге ие бас­тамалар қажет, ол жер-жерде идея­лық-тәрбие мәселесі ретінде күн тәртібін­де алға шығуы қажет. Бұл күндері әртүрлі қоғамдық ортада озық заман тынысын тап басып, жүйрік уақыт талаптарын терең түсініп, реформалық өзгерістерді жүзеге асыруда ұлтжан­ды, ойлы тұлғалардың орны мен пікір қажеттігі айқын сезілуде. Биік парасатты, шыншыл және абыройлы, беделді жандардың ел ішінде, ауыл, аудандарда, жалпы қоғамда көп болуы бәрінен маңызды. Сол себепті бұл рухани-­саяси іске де қолдау мен бағалай білу тұрғысында толыққанды жаңа көзқа­рас қажет.

Мемлекеттік басқарудың жаңа ­дә­уірінде барлық деңгей­де­гі мемле­кет­тік қызметшінің бейнесін Адал­дық анық­тайды. Ал Адалдық – халық ­кү­тіп отыр­ған ең ­басты сапа.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері