17 Шілде, 2014

Стейнвейдің күйсандығы

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әлемдік бренд саналатын Генри Э.Стейнвейдің күйсандығының тарихына көз жүгіртсең, екі ғасырға таяу уақытты қамтиды. Содан бергі кезең ішінде Гамбург пен Нью-Йоркте шамамен 600 мыңға таяу пианино жасалыпты. Әлемдегі атақты пианистердің 98,9 пайызы концерттік залдарда Генри Э.Стейнвейдің күйсандығын таңдайды екен. Бұл аспаптың эстетикалық талғамына сай 125-тен астам өнімі патенттелгенін де еске сала кетсек дейміз. Күйсандықты шығаратын «Steinway&Sons» компаниясының өкілдігі елордада ашылды. Оның ашылу салтанатына Қазақстанның халық әртісі, төрткүл дүниеге танымал Айман Мұсақожаева мен Венгрияның тұңғыш ғарышкері Бертален Фаркаш қатысты. IMG_6839 IMG_6939-2   IMG_6825 Алғашқы сөзді алған Айман Мұсақожаева: «Астана Опера» театрының жанынан орын тепкен өкілдіктің ашылуы ел өміріндегі айтулы оқиға екенін жеткізіп, бұл жұмысты іске асырған Т.Битуоваға ілтипат танытты. Әлемнің көптеген елдері осы күйсандықты жоғары бағалайтынын нақты мысалдармен алға тартып, «Бұл брендтің қазақ топырағынан, оның ішінде елордадан орын алуын мен елге деген құрмет деп білемін. Мұндай күйсандық біздің оқу орнында да санаулы. Ендігі жерде осы саз әуенінің сапасын арттыратын күйсандықпен өнерге ұмтылған әр азамат келіп танысады, «мың естігеннен – бір көрген артық» екенін білетін болады», деді. Ал ғарышкер Бертален Фаркаш «Steinway» компаниясы өкілдігін ашу кез келген елге бұйыра бермейтін бақыт екенін тілге тиек етіп, өзінің ести салып, атбасын бұрғанын, төрткүл дүниеге танымал С.Рахманинов, Н.Петров, А.Рубинштейн, тағы да басқа алыптардың бұл күйсандықта құбылтып ән әуелеткенін атап өтті. Сол секілді компанияның Орталық және Шығыс Еуропадағы менеджері А.Вильгельм өнер бар­лық жұртқа ортақ екенін, сол өнерді өрісте­те­тін музыкалық аспаптың ерекше орнын тарата ай­тып, мінсіз аспапта ойнау әр музыканттың алға қой­ған мақсаты болатынын жеткізді. «Бұл орта­лық­қа кәсіби музыкант та, өнерден хабары бар астаналық азаматтардың қай-қайсысы да келіп күйсандықта ойнауына болады. Біз алдағы уақытта екі бөлмеге қойылған күйсандықтарда түрлі өнер кеш­терін, байқаулар өткізуге мүмкіндік жасаймыз. Әсіресе, жас ұрпаққа әр кез есік ашық» десе, орта­лықтың атқарушы директоры, елордадағы Өнер уни­верситетінің түлегі, Италиядағы Санта-Чечилия консерваториясында академиялық тағылымнан өткен, халықаралық байқаулардың бірнеше рет жүлдегері Зере Төлегенова ресми бөлімнен кейін күйсандықта шетелдік және отандық композиторлардың туындыларын орындап, ерекше ризалыққа кенелді. Мұнда қазақ композиторы Қуат Шілдебаевтың «Концерттік күй» атты туындысы ерекше естілді. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Арман ОСПАНОВ.