Мәдениет • 22 Мамыр, 2023

Америкалық актриса Dior-дың қазақ қызына арнап тіккен көйлегінің көшірмесін киіп шықты

602 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше өткен Кан фестивалінде  америкалық актриса Натали Портман 1949-1950 жылдары Кристиан Диор өзінің музасы болған қазақ қызы - Алла Елшінге арнап тіккен «Junon» көйлегінің қайта тігілген көшірмесін киіп шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Америкалық актриса Dior-дың қазақ қызына арнап тіккен көйлегінің көшірмесін киіп шықты

Алла Елшін киген бұл көйлектің түпнұсқасы Нью-Иорктегі әйгілі Метрополитен музейінде сақтаулы тұр. 

Қытайдың Харбин қаласында туып-өскен Алла Елшін екінші дүниежүзілік соғыстан кейін анасымен бірге Францияға көшіп кеткен. Әкесі Қуанхан Елшін отбасын Еуропаға аттандыруға көмектесіп, өзі елден шыға алмай қалған. Оның әкесінің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Кей мәліметтерге қарағанда, әкесі қуғын-сүргінге ұшырап кеткен. Алла 1989 жылы 62 жасында дүниеден озған. 

Франция астанасы Парижді бағындырған қазақ қызын қалың елге танымал еткен кітап та жарық көрген. Оның авторы - жазушы, дипломат Берлин Иришев. Ол өзінің зерттеу жұмысының нәтижесінде  тың деректерге толы «Алла - Шығыстан шыққан Dior-дың маржаны» атты туындысын ұсынды. 

Алла Елшіннің Еуропа­да ешкімге ұқсамайтын модель ғана емес, зор тұлға екендігін Кристиан Диордың өзі де мойындаған. Алла иығына ілген сән үлгісін ертесіне-ақ Элизабет Тэйлор, Марлен Дитрих сынды әлемдік кинематорграфияның саңлақтары, тіпті Еуропа ханшайымдары да киіп шыққан.