Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл – Қазақстан – Қытай шекарасында орналасқан инфрақұрылымдық нысандардың қолданыстағы кешені. Ол қоймалау, сақтау, қайта өңдеу, жаңа тауарлар өндіру саласындағы өндірістік кооперацияны қамтамасыз етуге бағытталады. Сондай-ақ халықаралық тауар өткізгіш жүйелерге шоғырландыра отырып, одан әрі сатуға мүмкіндік бермек. Одан бөлек, логистика, сауда орындарын жалға алу, сату алдындағы дайындық, тауарларды көтерме партиялар, тиеу-түсіру және трансконтиненталдық жүк тасымалдарын дамыту бойынша шоғырландыру және қайта бөлу қызметтері ұсынылады.
Аталған торапқа «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, «Нұр Жолы» бақылау-өткізу пункті, «Алтынкөл» теміржол стансасы және «Құрғақ порт» теміржол терминалы кіреді.
«Бұл жобаны іс жүзінде іске асыру экспорт, транзит көлемін ұлғайту және өндірістік кооперацияны дамыту үшін жоғарыда аталған инфрақұрылымдық нысандарды ұштастырудан және интеграциялаудан тұрады», дейді Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері.
Еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасына сәйкес Алтынкөл – Қорғас шекара өткелінің өткізу қабілеті жылына 20 миллион тоннаны құрайды. Бұл ретте ол арқылы Қытай – Еуропа – Қытай, Қытай – Орталық Азия елдері – Қытай бағыттары, сондай-ақ Каспий және Иран бағыттары бойынша тауарлар көлікпен тасымалданады.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты тұжырымдама бойынша магистралды теміржол желісі және автожолдармен технологиялық байланысты болмақ. Нәтижесінде, бұл Қытайдан Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдеріне жүк ағынын таратуды қамтамасыз ететін көлік-логистикалық хабтарды құрады.
«Ірі сауда-логистика орталықтарын құру екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың дамуына оң әсер етеді, іргелес мемлекеттердің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды жандандырады, олардың арасындағы өзара тауар айналымының ұлғаюын ынталандыратын болады», дейді сала өкілдері.
Тағы бір трансшекаралық бағыт Достық шекара өткелімен байланысты. Оның өткізу қабілеті 20 млн тоннаны құрайды. Осыған орай елімізде екінші жол құрылысы және «Достық – Мойынты» (833 шақырым) теміржол учаскесін электрлендіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру 2022–2025 жылдары ұлттық жоспарға сәйкес 543 млрд теңгені құрайды.
Мамандардың айтуынша, трансшекаралық хабтар Қазақстан өңірлері кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Шекара маңы аймақтарында инфрақұрылымдық кешендерді дамыту жобалардың өнеркәсіптік кооперациясын іске асыру үшін жағдай жасайды, бұл жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға, түпкілікті тұтынушы үшін өнімнің құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
P.S.: Айта кетейік, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы «Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы» АҚ акциялары республикалық меншіктен шығарылып, Жетісу облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтті.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» «Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының жүз пайыз көлеміндегі мемлекеттік акциялар пакеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық меншіктен Жетісу облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілсін» делінген Үкімет қаулысында.
Қаулы күшіне енді.
Жетісу облысы