Әдебиет • 22 Мамыр, 2023

Арманда кеткен азамат

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының С.Мұқанов атын­да­­ғы әмбебап кітапханасында Әбдірахман Айсариннің 125 жыл­­­­ды­ғы­на­ арналған әдеби кеш болды. Ол – азапты жылдарда ауыр тағ­дырға тап болған қазақтың алғашқы жазушыларының бірі, Алаш­орда ісін жақтаған, Мағжан Жұмабаевты қолдаған қоғам қай­раткері. «Айжанның азабы», «Мәжен», «Той тарқар», «Бәсе­келестер жиыны», «Жол айырығы», «Мырзалар», «Жүрек жұм­бағы», «Болсаң, Болаттай бол» сияқты әңгімелері мен «Алма өз түбінен аулаққа түспейді», «Көн құрысса, қалпына бара­ды» атты хикаяттары, мақалалар мен көсем­сөздері баспасөзде жарияланып, өз заманында халқына қала­мы­мен қызмет еткен елеулі азамат.

Арманда кеткен азамат

Ол алдымен Бейімбет Май­лин­мен бірге Троицкідегі «Уазифа» медресесінде білім алған, кейін Сәбит Мұқановпен бірге Омбыда алашордалықтар ашқан мұғалімдер курсында Мағжанның дәрістерін де тыңдаған. Кеңес өкіметі орнаған жылдарда Орынборда шығып тұрған «Ұшқын», кейін «Еңбекші қазақ» атанған қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінде Сәкен, Смағұл басшы болған жылдарда қызмет атқарған. «Егеменнің» 90 жыл­дығына шыққан «Жәдігер» атты жинақта «Олар осында еңбек еткен» деген тақырыппен газет­те істеген жандардың сол­ ке­з­ге дейінгі толық тізімі бе­­ріл­ген. Сонда Әбдірахман Айса­рин­нің есімі тегі «А» әрпінен басталатындардың арасында тұр.

Әбдірахманның алашордашыларды жақтаған істері белгілі болғанда оның ізіне шам алып түсушілер табылып, ақыры ол орталықтан туған елі Қызылжарға ауысуға мәжбүр болады. Мұнда ол облыстық «Бостандық туы» газетінде жұмыс істеді. Алайда орталықтағы дүмпуді естіген шолақ белсенділер қызыл қырғын жылдарында оған күн­ көрсетпей, 1937 жылдың тамыз айында ұстатады. Есіл ерді Алматыға әкетіп, 1938 жылы Талғар түбіндегі Диқанбай деген қыстаудың маңында басқа да «халық жауы» атанған жазықсыз жандармен бірге атқан.

Содан Ә.Айсариннің жар­қын есімі туған халқына тек 1959 жылы, ақталғаннан кейін ғана оралады. Алайда жаз­ған-сызған дүниелерінің бәрін НКВД құртып жібергені анықталады. 1967 жылы Сәбит Мұқанов Солтүстік Қазақ­стан облыстық «Ленин туы»­ газетінде «Әбдірахман Айса­рин» деген естелік жариялап, оны халыққа отыз жылдан кейін жете таныс­тырады.

«Әбдірахман менімен бір әкім­шілік болыстың ішінде ту­ды.­ Бала кезімізден бірге өсіп, бі­те қайнаған, жаңа дәуірдің та­ңы атқан шақта, әлеуметтік, пар­тиялық қызмет майданына ауыл­дан бірге аттанған, жеке және­ қоғамдық тұрмыста шын көңіл­ден­ сеніскен жандай жолдасым еді ол», деп жазыпты Сәбең.

Әбдірахман Айсарин туралы­ мақалалар жазып, оның есі­мін облыс және республика тұрғындарына таныстырып кеткендердің қатарында жергілікті ақын, журналист Зейнолла Әкімжанов болды. Ол Әбді­рахманның әйелі Мәдинаның екінші күйеуі Рамазаннан туған. Сондықтан анасы Мәдинадан Ә.Айсарин туралы көп шын­дықты естіп өскені анық. Мәдина апамыздың өзі де «халық жауының» әйелі ретінде 5 жыл бойы «АЛЖИР»-де азап шеккен. Ол күйеуі ақталған 1959 жылдан кейін ғана Әбдірахман туралы айта бастаған. Зекең марқұм былай деп еске алады: «Кейін анам сырды там-тұмдап ақтара бас­тады. Сондықтан мен одан сұрап, Әбдірахманмен кездескен адамдардың әңгімелерінен ұққан жайларды оқырмандарға баяндау­ды ұйғардым».

Әбдірахман мен Мәдинаның кін­дігінен Айна, Аян, Айман, Азия­ есімді балалар болған. С.Мұ­қанов атындағы кітапханада бол­ған кездесуде солардың ұрпақ­тары келіп, естеліктер айтты.­ Соның ішінде інісінің ке­ліні Орынбасар Көшерова, шөбересі Индира Баймұхамбет, т.б. болды.

 

ПЕТРОПАВЛ