Құқық • 23 Мамыр, 2023

«Антарестің» күйреуі немесе алаяқтарға алданғандардың тағы бір оқиғасы

214 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанайда талай жұртты қан қақсатып, алдап-арбау арқылы қомақты ақшасынан айырған қаржы пирамидасын ұйымдас­тырушыларға қатысты сот үкімі шықты.

«Антарестің» күйреуі немесе алаяқтарға алданғандардың тағы бір оқиғасы

Өздерін «Antares» атты халық­аралық фирма филиалының өкіл­деріміз деп таныстырған алаяқ­тар бар жиған-тергенін өздеріне сеніп тапсырған тұрғындарға ақша­ңызды күніне екі пайыздық өсімпұлмен қайтарып береміз деп уәде етіп, соңында тақырға отырғызып кеткен. Пирамидаға қатысушылардың ішінде 100 мың доллардан 300 мың долларға дейін салым салғандар бар. Айыптаушы тараптың мәліметінше, Қостанай қаласының тұрғындары Ольга Тропанец, Гүлшат Жетпісбаева және Шыңғыс Кемелбаев ашқан жалған фирмаға еліміздің бірнеше өңірінде тұратын 97 азамат ақша аударған. Алаяқтардың есепшотына түскен қаржының көлемі 49 млн теңгеден асып жығылады.

Жәбірленушілердің ішінде алаяқтардың кесірінен пәтерін жоғалтқандар, талай жыл бойы тірнектеп жиған қомақты қар­жы­сынан айырылған зейнеткерлер бар. Тіпті банктен несиеге ақша ала салып, онысын табан астында «Антареске» санап бергендер де кездеседі. Мәселен, пәтерін сатқан жәбірленушінің бірі 6 млн теңге көлеміндегі ақша­сын түйіншекке ораулы күйінде Гүлшат Жетпісбаева мен Шыңғыс Кемелбаевтың қолына ұстатқан. Мұның сыртында, бұл аңғал әйелдің қызы алаяқтардың есепшотына 2 млн теңге тағы аударыпты. Сондай-ақ, О.Алексанова есімді азамат қаржы пирамидасына 3 мың 150 доллар салғанын айтады. Жалғыз өзі жеті бала тәрбиелеп өсірген зейнеткер А.Мұқанова да үйінің шатырын бүтіндеу үшін несиеге алған 500 мың теңгесінен айырылыпты.

– Мен ол ақшаны терминал арқылы Г.Жетпісбаева айтқан адамның есепшотына аудардым. Енді шатыр да жоқ, ақша да жоқ, бостан-босқа несие төлеп отырмын. Мұндай боларын кім білген? – деп күрсінеді шарасыз зейнеткер.

Алаяқтарға 440 мың теңгесін ұстатқан И.Алексанов пен 6 млн теңгесін берген С.Бедертдинова да ақшаларын қайтара алмаған. Танымайтын, білмейтін адамға ешкім қомақты ақшасын ұс­та­та салмайтыны белгілі. Алайда жәбірленушілердің айтуын­ша, қаржы пирамидасын ұйым­дас­тырғандар өздері бұрыннан жақ­сы білетін, отбасында болатын әр түрлі қуаныш-тойларда жиі дәмдес болып жүрген таныс адамдар. Алаяқтар өз құрбанының әбден іші-бауырына кіріп алған соң, табысы жоғары сенімді депозит аштық деп алдап, ақыры тақырға отырғызып кетіп отырған.

– Мәдина алдыңғы жылы үй сатып жатқанымды естіп, жаңа депозит ашылды, оған мен жауаптымын. Ешқандай пирамида емес, салған ақшаңызды екі айдан кейін 50 пайыздық өсіммен қайтып шешіп аласыз деп күн сайын мазалай бастады. Қыр соңымнан қалмай қойған соң, «Лицензиясы бар ма?» деп сұрадым. «Бүкіл қағаздары заңды түрде тіркелген. Қазір ақшаның бәрін мен жинаймын. Өзім араласатын қалталы азаматтардың әйелдері қазір бізге депозит салып, үлкен пайда тауып жатыр. Алена деген келінім де 50 мың доллар салып, 100 мың доллар алды. Таныстарымның көбі екінші рет салым салып жатыр» деді. Ақыры 4 млн теңге ақшамды Мәдина айтқан адамның есепшотына аудардым. Былтыр ойда-жоқта 6 шілденің кешінде Мәдина хабарласып, депозиттің жабылып қалғанын айтты. Мен ақшамды қайтарып беруді талап етіп едім, «қазір демалыстамын, орнымдағы Гүлшат Жетпісбаеваға хабарлас» деді. Ал Гүлшат «3-4 млн теңгеге бола бет жыртыспайық, ешқайда шағымданбай-ақ қойыңыз» деп реніш білдірді. Бос әңгімеден ештеме шықпайтынына көзім жеткен соң, құқық қорғау орындарына қоңырау шалуға тура келді, – дейді қомақты қаражатынан айырылған жәбірленушінің бірі.

Гүлшат Жетпісбаева мен Шыңғыс Кемелбаев тергеу бары­сына көмектескендері үшін куәгерлер санатына ауыстырылыпты. Ал Ольга Тропанецтің кінәсін мемлекеттік айыптаушылар толық дәлелдеп шыққан. Соңғы сот отырысында ақырғы сөзін айтқан күдікті: «Тергеу барысында жауап алынған әрбір адамның аталмыш қаржы пирамидасына қаншалықты қаты­сы бар болса, менің де оған қаты­сым соншалықты ғана. Егер мен «Антарес» компаниясын құру­ға қатысып, салымшылардың ақша­сын жымқырған адам болсам, қазір Алекс Рихтермен бірге сайрандап шетелде жүрер едім. Қостанайда «Антарестің» кеңсесі ашылғаны рас. Бірақ оны ашқан – мен емес, Гүлшат Жетпісбаева. Ол өз басын жазадан арашалап алу үшін сотқа жалған айғақ беріп отыр» деді.

О.Тропанецтің Алекс Рихтер деп отырғаны 10 жылдан бері Доми­никанда тұрып жатқан Александр Жировкин деген алаяқ болып шықты. Соттан өзін жәбір­ленуші ретінде тануды сұра­ған Ольга Тропанец тер­геу бұдан әрі жалғасатын болса, қаржы пирамидасын шын ұйым­дастырушылардың кім екенін анықтап, істің анық-қанығына жетуге барынша көмектесетінін айтты. Таңертең басталған сот отырысы ұзаққа созылып кеткені соншалық, сот төрағасы үкімді кешке бір-ақ оқыды.

– Сіздің аталған қылмыс­қа қатысым жоқ деген уәжіңізді растайтын нақты дәлелдер жоқ. Алайда өзіңізге тағайындалған жазаны жеңілдететін жағдайлар, яғни кәмелет жасқа толмаған үш балаңыз бен аяғыңыздың ауыр екені ескерілетін болады, – деді сот төрағасы Мерей Аманжолов.

Қылмыстық кодекс бойын­­ша қаржылық пирамидаға жетек­ші­лік еткендер 5 жылдан 10 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Сот Ольга Тро­панецті 6 жыл мерзімге бас бос­тандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бірақ үш кішкен­тайы мен аяғының ауырлы­ғы ескері­ліп, жаза мерзімінің бір жылы қысқартылды. Осылай­ша, сотталушы өмірінің 5 жылын бала-шағасынан шетте, темір тордың арғы бетіндегі қапаста өткізетін болады. Сот бары­сында жәбірленушілердің де талаптары қанағаттандырылған сияқты. Өйт­кені олар айырылып қал­ған 49 млн теңгені қайтарып беруге сотталған О.Тропанец қа­на емес, сонымен бірге куәгер санатына өткен Г.Жетпісбаева мен Ш.Кемелбаева да міндетті болады.

 

Қостанай облысы