Суретті түсірген Руслан Кадыров
Мәселен, ескелділік «Дүйсенбінов» шаруа қожалығының қант қызылшасын өсіріп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Былтыр фермер өнімділікті рекордтық көрсеткішке жеткізіп, қант зауытына 22 мың тоннадай тәтті түбір өткізген. Биыл Айдын Дүйсенбінов қант қызылшасының алқабын 320 гектарға жеткізбекші. Дегенмен фермер алқаптың көлемінен бұрын оның шығымдылығы мен сапасы маңызды екенін жасырмайды. Сондықтан топырақ тыңайтқышына ерекше мән береді.
«Немістер өндірген тұқымның жаңа түрлерін биылғы жылы алғаш рет қолдана бастадық. Ауа райы қолайлы болса, 10 күнде өніп шығады. Бұл тұқымдардың шығымы жақсы. Бірақ жақсы өнімге қол жеткізу үшін техникамен ғана емес, жермен де жұмыс істеу керек. Талдау жасап, қандай тыңайтқыштар керек екенін анықтап, соған қарай әрекет етеміз. Сәуір туысымен егіс жұмыстарын бастап кеттік, қазірге дейін 150 гектар жерді сеуіп болдық. Заманауи техниканы пайдаланып отырмыз, солардың арасында пневматикалық сепкішіміз де бар. Онда барлық үдеріс автоматтандырылған. Тұқым тереңдігі – 2,5 см, аралық қашықтығы – 15 см болатын ретпен себіледі», дейді А.Дүйсенбінов.
Егістік алқабындағы жұмыс барысымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев та барды. Өңір басшысы шаруалармен тілдесіп, өнімді ойдағыдай алуына сәттілік тіледі.
«Өткен жылы қызылша алқабы 4,2 мың га болса, биыл оның көлемі 8,1 мың га жетеді. Соған сәйкес өнім көлемі де екі есе өседі. Бүгін «Дүйсенбінов» шаруа қожалығында болып, егістік жұмыстарының барысын көрдім. Бұл – облыста қызылша өсірумен ұзақ уақыттан бері айналысып келе жатқан тәжірибелі шаруашылықтың бірі. Қазір мұнда барлық агротехнологияны сақтай отырып, қант қызылшасы себіліп жатыр. Облыста Ақсу және Көксу қант зауыттары бар екенін білесіздер. Шамамен 40-45 мың тонна қант аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұған қоса екі зауытта да қант құрағы өңделеді», деді Б.Исабаев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ескелді ауданында қант қызылшасын өсірумен 70-тей шаруа айналысады. Өткен жылы егіс алқабы бір жарым мың гектардан асып, 100 мың тоннадай өнім алынған болатын. Ал биыл аудандағы қызылша алқабы екі мың гектарға жеткізіледі.
Биыл жетісулықтар қант қызылшасы егуден рекорд орнатуға ниетті. Осы орайда Сарқан ауданы иелігіндегі жер телімдерін тиімді игеріп, жаңа ауылшаруашылығы техникаларымен толық қамтамасыз етілді. Мысалға төрт түлігін өргізген, шаруасын шалқытып келе жатқан «Бекишов» шаруа қожалығын алып қарасақ.
Алмалы ауылдық округінде орын тепкен қожалық басшысы, ел арасында қайырымдылық істерімен танымал Ерлан Бекішов. Ол іскерлігі мен ілкімділігінің арқасында шаруашылық ісін ілгерілетіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып, қажетті жағдай жасап отыр.
Тоқырау жылдарында, дәлірек айтқанда, 1997 жылдардың бастауында құрылған «Бекишов» шаруа қожалығы қазір аудандағы маңдайалды шаруашылықтардың қатарында саналады. Ерлан Төлеубайұлы басқаратын қожалық шаруаға қажетті техникалармен толық қамтамасыз етіліп, мемлекет қолдауын көріп отыр. Атап айтқанда, 12 тракторы, 1 «КамАЗ» жүк көлігі, басқа да қажетті техникалары бар.
Ендігі кезекте қызылша жинайтын комбайн алуды ойластырып жүрген қожалық басшысы сол мақсатына да жетері анық. Қызылша өсірумен 10 жылдан астам айналысып келе жатқан шаруашылық жетекшісі иелігіндегі – 50 гектар жерге тәтті түбір орналастырғанын, келешекте техникаларын жетілдіріп, көлемін 100 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап жүргенін де жеткізді.
Қарамағындағы жерге барлық ауылшаруашылық өнімдерін еккен қожалық басшысы суармалы алқаптың әрбір танабын тиімді пайдаланып, биыл 200 гектар жерге жүгері де отырғызыпты. Дақылдарды уақытында күтіп-баптап, баладай мәпелесе, мол өнімге де қол жеткізуге болатынын, көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін қожалық еңбеккерлері уақытпен санаспайды.
15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық басшысы еңбек қызып, жұмыс күші жетіспейтін мезгілде қосымша маусымдық 5 жұмысшы алатынын да мәлімдеді. Жер өңдеп, одан мол өнім алуды көздеп жүрген шаруашылықтың шаруасы мығым, бағындырар белесі биік, демек еңбектері де жемісті болмақ.
Жалпылама алғанда, биыл егін шаруашылығында дақылдардың егіс көлемі 1,9 мың гектарға артып, 519 мың гектарға жететін болады. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 517,2 мың га құраған. Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде, шаруашылықтар тұқым, минералды тыңайтқыш пен дизель отынымен толық қамтылған.