Ауыл • 23 Мамыр, 2023

Ұмытылған ауыл

402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ол сіздің балалық шағыңыздың балабақшасы. Албырт күннің сәулесін алақаныңызбен көлегейлеп, ала төбенің етегінде асық ойнаған балдәурен кезеңнің жалынды сәлемі. Ертегіге пара-пар шұғылалы сәттің жаңғырығымен біте қайнасқан аңқау да аңғал көңіліңіздің гүлдариясы. Ал, сіз оны ұмыттыңыз… Демек мөп-мөлдір жылдардың әуенін де жоғалтып алдыңыз деген сөз…

Ұмытылған ауыл

Түбі грек Архип Куинджидің қасіреті сол кіндік қаны тамған шағын елді мекеннің бүгінде беймәлім картинаға айналғаны. Баяғы отбасы, ошақ қасындағы өмірдің елесі бояуға сіңген. Ананың ыстық күлшесі, әкенің ағаш балтасы оның қуанышқа толы сәттерінің айшықты белгісі ғана. Енді оған қайтып бара алмайды. Тек оны осылай сезімсіз суреттердің мазмұны ғана алға жетелейді. Мұндай ауыл бәрімізде де бар. Одан қанша алыстаған сайын, өзіміздің кім екенімізді ұмыта бастаймыз. Солай емес пе!? Бұл – шығарманың негізгі идеясы.

Жалпы, біз мысалға алған қылқалам шеберінің есімі құпияға толы. Оның шежіресі гректерден бастау алып, орыс қоғамымен астасады. Сондықтан ғұмырындағы түсініксіздіктер әнтек әңгімеге желеу болды. Бітім-болмысы біртоға шебердің тек картиналары ғана өзі жайлы жақсы пікір туғызды. Шынайы һәм ашық туындылары орыс өнерінің айнымас бір бөлігіне айналды. Бірақ тегі бөлек шеберді олар өзектен тепті.

Суретшілік – бұл жан­кеш­ті­­ өнер. Оны таңдаған сәттен өмі­ріңізде кездесер бұралаң жолдарға дайын болуыңыз керек. Мәселен, автордың махаббат хикаясын алып қарайықшы. Архип жас кезінде бір бай көпестің қызына ғашық болады. Әйтсе де көпес сіңіраяқ кедей суретшінің талантын қайтсін, «дүниең болмаса қызым да жоқ» деп шарт қояды. Ал бойжеткен Вераның көңілі болғанымен әкенің сөзінен аттап кете алмайды. Бозбала суретші сүйгеніне жету үшін ұлы өнердің шыңын бағындыруға бел байлап, ұзақ сапарға аттанады. Бұл сапар 12 жылға созылады. Антқа берік ару қыз суретшіні 12 жыл күтеді. Ақыры, Архип пен Вера қосылып, ғұмыр бойы ажырамай күн кешеді. Шынайы махаббатқа ешкім бөгет бола алмайтынын осылайша дәлелдейді.

Жалпы, авторды әлем мо­йын­да­ғанымен оның есім-сойы ұмытылған суретшілермен бірге аталады. Дәл өзі бейнелеген «Ұмытылған ауыл» картинасындағыдай. Алқашқы шығар­­масынан бастап, өзінің қилы тағ­ды­рының қалай өрбитінін болжай білді. Оқырманды сол себепті өзін құрметтеуге шақырды. Картина кеңістікте көзге көрінбейтін кейіпкерлер мен дауысы естілмейтін ұлы адамдардың қасіретін еске салады. Мән-мағынасын жоғалтқан әлдебір мекеннің сұр тіршілігінің көлеңкесі суреттеледі. Ауылға жақындап келе жатқан өлімнің сылдыры мен жоқшылықтың айқайы естіледі. Күннен-күнге кедейлене түскен тұрғындардың түкке тұрғысыз өмірі аянышты әрі қорқынышты.

Кенептің бүкіл көрінісі үміт­сіз­дік пен мимырт меланхолия тудырады. Тіпті табиғаттың өзі­ тот басқан лас бояулармен жазылған. Терезелері саңы­лау­сыз қара, шіріген үйлер ешкімді күт­пейді, ешкімді шығарып салмайды, ешқайда қарамайды. Жолбелгісі жоқ жүргінші жол­да­­ры адамның ізіне ғашық. Құд­ды бояуы өше бастаған қабыр­ғадағы сызықтар секілді. Бірақ барынша жоғалуға шақ тұрған мекенді қолдауға тырысады. Қалай дейсіз ғой, алыстан қараған адамды аспан­ға­ жетектеп алып кететін сияқты. Көк­жиекпен үндескен зең­гір­ көктің жасыл желекпен қол­ ұс­­тас­қан сызбасы да шарасыз түс­тердің шырмауына оранған. Тағы да үмітсіздік оты лаулайды.

«Ұмытылған ауылдан» күз мезгілін байқауға болады. Дегенмен малға қысқа азық болар шөптің өзі ұқыпсыз жиналған. Шашылған қалпы ешкімге керексіз заттай желмен ұшып жатыр. Ашық-шашық есік алдын аула деуге де келмейді. Бәлкім, бір кездері қоршау болған шығар, бірақ қазір одан бірнеше бөрене ғана қалған. Құлаған ағаштар отынға тамызық болған. Тіршілік оты сөнген үйлерден кішкентай жарықтың нышанын да көре алмайсыз.

Анықтап қарасаңыз, кенеп­тің оң жағында мөңіреп тұрған арық сиырды көресіз. Иесіне қарай мойын созып, қораға жақындай түседі. Әйтсе де оған иесі назар ауда­руға құлықсыз. Оның жүзі көрінбейді, бірақ шаруаның бүкіл бейнесі кішіпейілділік пен тыныштықтан хабар беріп тұрғандай. Мұнда Құдай ұмыт­қан шарасыз адамдардың тұр­лаусыз тірлігі мен ішкі жан азабы жинақталғандай. Жалғыз сиыры бар бұл кісі осы қыстан аман шыға ма, бұл жағдай ешкімді қызықтырмайды.

Картинаның өн бойы жоқ­шылықты насихаттап тұрғандай. Барлық жерден  тапшылық пен тауқыметтің сызбасын көруге болады. Табиғаттың өзі бар кереметін бұл ауылдан жасырып қалғандай. Суреткер сол мекеннің трагедиясын анық жеткізгені үшін суретшілер көрмесінде бірінші орынға ие болады. Бірақ, бұл оның өз тағдырының тұспалдамасы екенін сезсе ғой!..