Гилен Цой «Астана» медицина университеті ашылған тұстан беріге дейін 42 жыл сол шаңырақта жұмыс істеген. Облыстың бас хирургі болған тұста да профессор Гилен Васильевич доцент, кейін кафедра меңгерушісі болып, еңбек жолын педагогикамен ұштастырған. Г.Цойдың тәрбиесін көрген шәкірттері қазір елде және шетелде табысты еңбек етіп жүр. Мамандығына жанашыр ұстаз жолын жалғаған кейінгі толқын, саланың шын шебері болуға талпынудан танбайды. Мұны біз конференцияға келген қауымның қарасына қарап біле берсек болатындай.
Осы күні қонақтар хирург Г.Цойға арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Көпшіліктің ортасында Гилен Цойдың туыстары, достары мен шәкірттері, академик, ғалымдар, қоғам қайраткерлері болды. Сонымен қатар Германия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да алыс-жақын шетелдердің хирург ғалымдары төбе көрсетті. Кейін конференция залында көпшіліктің алдында бірінші болып сөз сөйлеген «Астана» медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров конференцияның мақсат-міндеті жайында тарқатып айтып берді.
«Университетте шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасу, хирургия саласының дамуын талқылау – біз үшін мәртебе. Г.Цой осы оқу орнында 40 жылдан аса уақыт еңбек етті. Білікті дәрігерлер тобын тәрбиеледі. Конференция қорытындысы бұдан кейінгі ғылыми жұмыстарға негіз болатынына, хирургиялық қызметті одан әрі дамыту үшін тұжырымдама айқындайтынына және салада білім беру үдерісін жетілдіруге ықпал ететініне сенімдімін», деді ол.
Конференцияда Денсаулық сақтау министрлігінің хирургиялық көмек көрсету саласын дамытуға ерекше ден қойып отырғанын аңғардық. Мысалы, биыл сәуірде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен хирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңартылған стандарты бекітілді. Бұл жөнінде министрліктің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов хабарлады.
«Г.Цой университетте 40 жылдан аса табан аудармай еңбек етіп, білікті хирургтердің шоғырын қалыптастырды. Ғылым бір орнында тұрмайды. Конференция заманауи медицинаның өзекті мәселелеріне арналып отыр. Бүгін салаға енгізілетін жаңа технологиялармен қоса медицинада білім-ғылымды дамыту жайы кеңінен айтылады. Өздеріңіз білетіндей, кейінгі 10 жылдың шеңберінде денсаулық сақтау жүйесінде хирургиялық көмекті дамытуға басымдық берілді. Оның ішінде кардиохирургия мен нейрохирургияны ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінді. Осы көл-көсір қолдаулар нәтижесін беріп, қазір еліміз кардиохирургия мен нейрохирургиялық көмек көрсету бойынша жетекші 30 елдің қатарына кіріп отыр. Елде хирургиялық көмектің басқа да бағыттары қатар дамып жатыр. Әрине, осының барлығы хирургияға еселі үлес қосқан профессор-ғалымдардың еңбегінің жемісі деп айтамыз. Енді бүгінгі конференцияда да медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында тәжірибе алмасқалы отырмыз», деп А.Дүйсенов конференцияға келген қауымға табыс тіледі.
Гилен Цойдың еңбек жолы Ақмола облысының тарихымен де тығыз байланысты. Тың игеру жылдары ол бас хирург ретінде Ақмола облысы мен Солтүстік Қазақстанның хирургиялық және травматологиялық қызметін ұйымдастыруға септескен. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін ортопедия, хирургия және травматология медицинада бір мамандық ретінде қарастырылды. Яғни Г.Цой – тек хирургияның емес, сонымен қатар тың игеру аймағындағы ортопедия-травматологиялық қызметтің негізін қалаушы. Ол Целиноград мемлекеттік медицина институты құрылған күннен бастап облыстың бас хирургі қызметін педагогикалық қызметпен қатар алып жүрген. Қолы алтын хирург еңбек етуден жалықпай, 77 жасқа дейін операция жасаған. Расында, хирург, профессордың мамандыққа адалдығы кейінгі жас буын дәрігерлерге үлгі боларлық. Конференцияға алыс-жақын шетелден келген қонақтар да Г.Цойдың еңбегін бірінен соң бірі тізбектеп берді. Әр елдің профессор ғалымдары, ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, Ташкент медицина академиясы Үргеніш филиалының директоры Рашид Рузибаев медицина мамандарын даярлау ісінде Астана медицина университетімен берік байланыс орнату үшін екіжақты меморандум жасауды ұсынды. Ізін ала қос тарап меморандумға қол қойып, берік байланыс орнатуға уағдаласты.