Инфографиканы жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Өкінішке қарай, еңбек саласындағы харассмент пен зорлық әлемде кең етек жайған. Халықаралық еңбек ұйымы мен «Gallup» институтының бірігіп өткізген соңғы зерттеулеріне сәйкес, әлемдегі әрбір 5-қызметкер немесе 743 млн адам өмірінде бір рет болсын жұмыс орнындағы харассменттен зардап шеккен. 2019 жылы Халықаралық еңбек ұйымы қабылдаған Еңбек саласындағы харассмент пен зорлықты жою жөніндегі №190 Конвенциясы осы саладағы олқылықтардың орнын толтыру мақсатын көздейді. 1993 жылдан бері аталған ұйымның мүшесі ретінде Қазақстан бұл Конвенцияны 2025 жылға дейін ратификациялауды көздеп отыр.
Биыл БҰҰ-ның гендерлік теңдік, әйел құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі «БҰҰ-әйелдер» құрылымының «Қазақстанның еңбек саласындағы харассмент пен зорлықтың деңгейін, негізгі себептерін зерттеу» тақырыбындағы кешенді жобасының нәтижелері жарияланды. Зерттеуге Қазақстанның барлық аймағынан 1 300-ден астам жұмыс істейтін әйел және 200-ден астам ұйым мен кәсіпорын басшылары қатысты. Зерттеуге қатысқан жұмыс істейтін әйелдердің 80 пайызы еңбек саласындағы харассменттен қорғау үшін елімізде заңнамалық өзгеріс қажет деп санайды. Себебі жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық немесе харассмент туралы шағымдардың жартысынан көбі жазасыз және жауапсыз қалады.
Респонденттердің жартысына жуығы (51%) Қазақстанда жұмыс орнында харассмент пен зорлықтың бар екенін растады. Демек 300 мыңға жуық әйел өмірінде бір рет те болса жұмыс орнында харассмент пен зорлықтан зардап шеккен деп тұжырым жасауға болады. Харассментке ұшыраған әйелдердің 57,6%-ы бұл фактілер бірнеше рет болғанын атап өтті. Яғни 26 мыңға жуық әйел тұрақты түрде жұмыстағы әріптестері тарапынан әдепсіз және орынсыз іс-әрекетке шыдап жүр. Харассмент ең жиі орын алатын жерлер: жұмыс орны (41%), корпоративтік іс-шара (38%), қызметтік іссапар (12%), жатақхана, вахталық қоныс (9%).
Харассментке ұшыраған әйелдердің пікірінше, мұндай іс-әрекеттің басты себебі – жазасыздық (44,1%). Зардап шегушілердің шағым жазбауының және көмекке жүгінбеуінің басты себебі – әділдікке қол жеткізе алмауы және оны ұят санау.
Жұмыс істейтін әйел респонденттердің 59,6 пайызы еңбек саласында харассмент пен зорлықтың алдын алуға арналған ақпараттық шара, тренинг мүлдем өткізілмейтінін айтса, 27 пайызы бұл сұраққа жауап беруге қиналды. Сондай-ақ зерттеу барысында әйелдердің жартысына жуығы (53,3%) «харассмент» сөзін мүлдем білмейтіндігі және естімегендігі анықталды.
Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, әлемде еңбекке қабілетті жастағы 500 миллионға жуық әйел ұлттық заңнамасында жұмыс орнындағы харассментке қарсы жаза көздемейтін мемлекеттерде тұрады. Өкінішке қарай, Қазақстан осындай елдердің қатарына кіреді, біздің ұлттық заңнамамызда харассменттен, оның ішінде еңбек саласындағы зорлықтан қорғауға бағытталған нормалар әзірге жоқ. Сондықтан еңбек саласында тиісті заңнамалық өзгерістерді енгізу, харассменттің алдын алуға бағытталған ақпараттық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұру аса маңызды.
Осы орайда әлемдік тәжірибені, халықаралық ұйымдардың және Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген зерттеулерді ескере отырып, 2023 жылы 25 сәуірде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қызметкерлерінің қауіпсіз ортада еңбек етуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың арасында бірінші болып Харассменттен қорғау саясатын бекітті.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ та биыл 28 сәуірде министрліктің «Харассменттен қорғау бойынша» бұйрығы негізінде харассментке төзбеу саясатын қабылдады. Оған сәйкес ҚҚДИ өзінің қызметкерлерінен кәсіби этика мен мінез-құлықтың жоғарғы стандарттарын талап етеді. Бұл дегеніміз институт кез келген харассмент көрінісіне көз жұмбайды және оған қатысты шаралар қабылдайтындығын білдіреді. Болашақта өзге де мемлекеттік құрылымдар осы тектес саясатты немесе бағдарламаны қабылдайды деген үміт бар.
Айнұр ТҰҚЫМОВА,
«Қазақстан қоғамдық даму
институты» КеАҚ сарапшысы