Аймақтар • 24 Мамыр, 2023

Ән-жырым саған, туған ел!

334 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әулиеатада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай «Ән-жырым саған, туған ел!» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды.

Ән-жырым саған, туған ел!

Ән әлемінің корифейіне ар­налған іс-шарада белгілі әншілер ком­позитордың шығармаларын орын­дап, өнер иесіне құрмет көр­сетті.

Алтынбек Қоразбаевтың шығар­машылығына арналған кеш аясында «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ІІІ халықаралық эстрадалық әншілер байқауы өтті. Облыс әкімдігінің қол­дауымен ұйымдастырылған бай­қауға жиыр­маға жуық жас өнерпаз қатысты.

Байқау қорытындысында әулие­аталық жас талант Дулат Жас­ұзақ бас жүлде иегері атанса, шулық Ербосын Қасымбек бірінші орынға лайық деп танылды. Жер жаннаты Жетісу жерінен келген «Браво» дуэтіне екінші орын бұйырса, маңғыстаулық Азамат Амангелдіұлы үздік үштікті түйін­деді.

Өңір басшысы Нұржан Нұр­­жігітов халықтың құрметіне бөлен­ген композиторды мерей­тойы­мен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

«Қасіреттен қан жұтқан қара шал­дың шерін тарқатып, қара кемпірдің зарын жеткізген сіздің өнеріңізге халық әлдеқашан жоғары бағасын беріп қойған. Туған жеріңізде де еселі еңбек етіп, жер­лестеріңіздің ықыласына бө­лендіңіз. Сіздің ән­деріңіз қай кезде де жұрттың жадында сақ­талатыны даусыз. Өнер биігіне шыққан өзіңіздей тұлғамен қашанда мақтанамыз. Жас ұрпаққа береріңіз әлі де көп екені ақиқат. Елдің ықыласына бөленіп, аман жүріңіз», деді Н.Нұржігітов.

 

ТАРАЗ