Туризм • 24 Мамыр, 2023

Көркіне «ақылы» сай мекен

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арқаның кербез сұлу Көкшетауын тамашалағысы келіп, жер-жерден ағылатын жұрттың қатары жыл сайын артып келеді. Былтыр курорттық аумаққа 711 мыңнан аса адам келіпті. Биыл туристер саны бұл межеден де асып түсуі мүмкін. Бұл ретте демалушылардың да қауіпсіздігін, тұмса табиғаттың да бүтіндігін қамтамасыз ету аса маңызды. Мұндайда «ақылды», яғни смарт жобалардың тигізетін септігі мол.

Көркіне «ақылы» сай мекен

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Бурабай» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі – Президент Іс басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдарының бірі. Бұл аймақтың инфрақұрылымын дамыту барысы туралы Пре­зидент Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм ар­насында егжей-тегжейлі мә­лімет берді.

– Былтыр курорттық аймаққа 711 мыңнан аса адам келді. Бұл – тек ұлттық парктің бақылау-өткізу бекетінен өткендердің саны. Ал биылғы көрсеткіш был­­тырғыдан кем түспейді деп ме­желеніп отыр. Әрине, туризм­ді дамытып жатқан өңірге демалу­шылардың көп келгені жақсы. Дегенмен ұлттық парк үшін бұл біршама жүк екенін де ескерген жөн. Сондықтан «Бурабай Даму» кәсіпорны мен «Бурабай» ұлттық паркі белсеніп жұмыс істеуі керек. Бұл, әсіресе, өрт қауіпсіздігі мен қорықты қорғауға қатысты, – деді.

Оның айтуынша, өртті дер кезінде анықтап, тез арада ауыз­дықтауда смарт-жүйе өз тиім­ділігін көрсетті. Айталық, былтыр 21 өрт оқиғасы тіркеліп, жалын шарпыған жер көлемі 1,3 гектармен шектелді. Яғни тілсіз жаудың таралу аумағы 2021 жылмен салыстырғанда 8,6 есе азайған.

– Биыл жалғасын табатын «Smart National Park Burabay» жобасының аясында 5 өткізу-бақылау бекетін автоматтандыру, қоршаған ортаға мониторинг және сараптама жасайтын қосымша құралдар орнату, ғылыми жұмыстарды күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар өртті ерте анықтайтын қо­­­сымша 3 бақылау камерасы қойылмақ. Осылайша, ба­қылау камералары бар 17 мұ­нара ар­қылы «Бурабай» пар­кінің ғана тер­риториясын емес, іргелес жат­қан қорғалатын аумақты да бақылап отырады. Бұл дегеніміз – 377 166 гектар жер, – деді А.Дәдебаев.

Сонымен қатар ол биыл жазда туристердің ат шалдырып, аяқ суытуына арналған қосымша 35 бекет бой көтеретінін, оның ішінде 26 бекетке от жағатын ошақ қойылатынын жеткізді. Үстел, сәкі, ошақ, өрт сөндіру құ­ралдары қойылған осындай орындар Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты көлдерінің жағасында, сондай-ақ «Терраса парк» қонақ­үйінен «Ақбура» курортына дейін созылып жатқан велосипед жолының бойында орналасады. Ал от жағуға болмайтын, тек та­мақтанатын, демалатын орын­дар «айқұлақ» мүсіннен бас­тап Абылай хан алаңына дейінгі веложолдың бойында, Кенесары үңгіріне жақын маңда салынады.

Осы орайда туристерге ар­налған бекеттердің нақты картасын «Бурабай Даму» ЖШС мен «Бурабай» МҰТП сайттарынан, сондай-ақ Ұлттық парктің мобильді қосымшасынан көруге болатынын атап өткен жөн.