Денсаулық • 25 Мамыр, 2023

Саламатты өмір салтына не кедергі?

395 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Адам ессiз болып туады, есалаң өмiр кешеді... Есi кiргенде тым кеш болады...» деп басталатын Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағыдай, қадірі тым кеш білінетін дүниенің бірі – денсаулық. Әсіресе жас адам осынау байлықтың бағасын біле бермейтіндіктен, саламатты өмір салтын насихаттауды міндетіне алып жүрген қоғамдық ұйымдар бар.

Саламатты өмір салтына не кедергі?

Осы мәселеге орай «Денсау­лық» ұлттық қауымдастығы» ЗТБ Алматы менеджмент уни­вер­ситеті (AlmaU) студент­терінің көмегімен жеті ай бойы төрт бағытта қызықты зерттеу­лер жүргізіп, қорытындысын шығарды.

– Бір қарағанда Алматыдағы 18 жоғары оқу орнын қамтыған сауалдаманы жүргізе салу оңай сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ студенттерді аз-кем аял­­­­датып, осы зерттеулердің маңы­зын түсіндіріп, сұрақтарға шынайы жауап алуға тыры­сып, нәтижелерін зерделеу – әжептәуір жұмыс. Бұл волон­терлік қозғалысқа қатысқан 53 студент қажырлы жұмыс істеді. Сондықтан осы бастамада азаматтық танытып, мүдделес болғандарға алғысымыз шексіз, – деді «Денсаулық» ұлттық қауымдастығы» ЗТБ төрайымы Бақыт Түменова.

Сонымен, студенттердің шылым шегуі, алкогольдік ішім­діктер ішуі, қалай тамақ­танатыны мен саламатты өмір салтына қатысты жүргізілген зерттеулер толықтай статис­ти­калық көрсеткіш болмаса да, осы мәселедегі жалпылама жағ­дайды көрсете алады.

– Студенттік кезең – жастар­дың өмірдегі орнын іздеумен айналысатын, білім алып, алдына өршіл мақсаттар қойып, осыған жетуге үйренетін уақыт. Жастардың волонтерлік қызметі – әлеуметтік мәселелерді шешу­дің тәсілі ғана емес, бұл баға жетпес жұмыс тәжірибесі, қа­рым-қатынас, студенттің өзін-өзі қалыптастыру қайнары, сондай-ақ кәсіби дағдылар мен құзыретін дамыту мүмкіндігі. Жеті ай бойы жүргізілген жұмыс барысында 200-дей студент қаладағы ЖОО-лар арасында темекі шегу, ішімдік ішу, тамақтану мен саламатты өмір салтына қатысты сауалдамалар жүргізе отырып, «Денсаулық» қауымдастығымен 4 әлеуметтік жобаны іске асырды, болашақта өз жобаларымен жұмыс істеген кезде септігі тиетін тәжірибе де жинақтады», дейді Алматы менеджмент университетінің профессоры Гүлнара Әсемқұлова.

Жобаның далалық іс-ша­ра­лары биыл 4-25 сәуір ара­лы­ғында жүргізіліп, әлеуметтену сауалдамаға 18-21 және одан үлкен жастағы 1 080 респондент қатысты.

Нақты деректерге жүгінбес бұрын мынадай қызықты де­рек­терді алға тартуға болады. Мәселен, қыз балалардың көп­шілігі салмағы қалыпты бол­ғанына қарамастан өзін толық­пын деп есептесе, жігіттер керісінше өзіне бұлшықет пен салмақ жетпейді деп ойлайды екен. Жалпы, жастардың 63%-ы пайызы «мүлде темекі шекпеймін», 68%-ы «ішімдік ішпеймін» деп жауап берген. Демек, үш студенттің біреуі ішіп, шегеді деген сөз.

Денсаулыққа теріс әсер ететін факторлардың ішінде мы­налар атап өтілді: зиян әдет­тер (темекі шегу, алкоголь мен есірткі қолдану) – 42%, қозға­лыссыз өмір салты – 32%, дұрыс тамақтанбау мен артық салмақ – 29%. Респон­денттердің шамамен 25%-ы артық салмағы барын айтса, ал 3%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ сауалдамаға қа­тысқандардың 34%-ы тұтыну тауарлардағы зиян қоспалар санын азайтуды ең тиімді тәсіл деп есептесе, 32%-ы оны сатуға мүлдем тыйым салған дұрыс деп ойлайды. Сол сияқты 41%-ы денсаулыққа зияны аз өнімдер көп зиян келтіретіндерге қара­ғанда арзанырақ болуы керек десе, шамамен 64%-ы тауардың зияны аз екені туралы ақпаратты өнімнің қаптамасында басып шығару керек деген ұсыныс білдіріп отыр.

«Саламатты өмір салтын қалай түсінетіні туралы сұраққа респонденттердің 15%-ы темекі мен алкоголь сияқты жаман әдеттерден бас тарту, 24%-ы дұрыс, уақтылы тамақтану, 23%-ы спортпен тұрақты айналысу деп жауап берген. Ал студенттердің 38%-ы саламатты өмір салтын осы факторлардың жиынтығы деп санайтынын жет­кізген», дейді «Денсаулық» ұлттық қауымдастығы» ЗТБ төр­ағасының орынбасары, әрі дәрігер Гинтаутас-Юозас Кентра.

Сауалнамаға қатысқан­дар­дың 28%-ы көп қозғалмай­тынын мойындаса, керісінше 57%-ы белсенді өмір сүріп жүргеніне сенімді, ал тағы 15%-ы бұл сұраққа жауап бере алмаған. Спортпен тұрақ­­ты шұғылданатын респон­­дент­тер мен анда-санда айна­лы­са­тын немесе мүл­дем айналыс­пайтын­дардың арасал­мағы шамамен бірдей десек те болады – 52,2% және 47,8%.

«Саламатты өмір салтын ұстануға негізгі кедергі не?» деген сұраққа студенттердің 32%-ы жалқаулық пен құлшы­ныстың жоқтығын алға тартса, шамамен 26%-ы негізгі кедер­гіге денсаулыққа пайдалы тағамдарға қол жеткізу­дің қиындығы мен тым жұмысбас­тылықты жатқызған. Қалған 17%-ы үшін деп спорт нысандарына бару қиын көрінеді.

Салдарын болашақ көрсе­те­ді десек те, саламатты өмір салтын ұстанамын дейтіндер­дің саны ұстанбаймын деп есеп­тейтіндердің санына жете­ғабыл. Сауалнамаға қатысқан­дардың төрттен бір бөлігі бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Қорыта келгенде, Алматы студенттерінің 32%-ы саламатты өмір салтын ұстануға жал­қаулық пен ынта-жігердің жоқтығы себепші екенін мойын­даған.

 

АЛМАТЫ