Медицина • 24 Мамыр, 2023

Сегізкөзге жасалған сәтті операция

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері сегізкөз өріміне операция жасап, құйым­шақтағы қатерлі ісікті алып тастады.

Сегізкөзге жасалған сәтті операция

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ мә­ліметі бойынша, МӘМС жүйе­сі аясында жасалған бұл опера­цияның құны 5 млн теңгеге жуық соманы құрайды.

Қала тұрғыны Гаухар Ахме­това өткен жылдан бері белі ауы­рып, барлық тексеруден өтеді. Құйымшақ тұсындағы шыдатпас дерттен айығудың түрлі амалын қарастырады. Түркия, Израиль елдеріндегі дәрігерлерге де хабарласады. Ондағы дәрігерлер операция құны 50 мың еуро тұратынын, бірақ операция­дан кейін жүріп кететініне ешқандай кепілдік бере алмайтынын айтқан. Ойлана келе ол медициналық көмек алу үшін Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне жүгінеді.

Содан науқасты жан-жақты тексеруден өткізген мамандар операция жасау жолдарын ойластырды.

«Сегізкөздің ішінде кіші-үлкен дәретті, аяқтың қимыл-қозғалысын реттеп тұратын нерв жүйкелері орналасады. Ал ол түгел алынса, науқасқа өте ауыр болады. Біз жасаған опе­рацияның ерекшелігі – ісік­ті сегізкөзімен алып тас­тап, ішіндегі нерв жүйелерін сақ­тап қалдық», деп түсіндірді нейрохирург-дәрігер Талғат Керімбаев.

Қуанышқа орай, операция сәтті шығып, дертінен айыққан елордалық азамат аяғынан да жүріп кетті.

«Мықты мамандар бізде де бар екеніне көзім жетті. Шы­ным­ды айтсам, бұлай жүріп кетем деп ойламадым. Өзіміз­дің отандық дәрігерлердің епті­лігіне, біліктілігіне бас идім. Айтар алғысым шексіз!» дейді жағдайының жақсы екенін жет­кізген Г.Ахметова.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл ерекше операциядан кейін науқас емін-еркін жүріп-тұра алады. Бұрын мұндай жағдайда сегізкөзді нерв жүйелерімен қоса кесіп тастайтын. Яғни ісікті алудың жалғыз жолы осы болған. Алайда ондай операциядан кейін науқас арбаға таңылып қалатын.

Ұлттық нейрохирургия орта­лығының дәрігерлері бұл операцияны тағы бірнеше адамға жасап, аяғынан тұрғызған. Енді ғылыми мақалалар жазып жариялау арқылы бұл операция жасау әдісін әлемдік деңгейге жеткізуді көздеп отыр. Жалпы, орталықта жылына 4 мыңнан аса операция жасалады, оның ішінде омыртқаға жасалатын ең күрделі операциялар да бар.